Толымбек Әбдірайым. «Ор болып қалушы еді шапқан жерің…»
— Бір жағынан телефонға үнемі үңіле беру, көзге де зиянды деп естігем.- Ризамын, құлыным! Олай болса, көзі тірі үлкен кісілер бар кезде ескілікті әңгімелерге құлақ түре жүр. Керек болса, қағазға жазып ал.- Өзімде ел тарихын білгенді ұнатам.- Бұл өлке, алты алашқа аты мағұлым, атақты әнші Ақан серінің туғанжері. Ән падишасы Ақанның Құлагеріне мініп шапқан баланың кенже қызы осы ауылда тұрады. Жасы біразға келіп қалған шығар. Сол кісіден білген дүниелерін жазып алыңдар. Оған дейін жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» роман-дилогиясын оқы.- Жарайды, ата!..Атасымен арадағы осы әңгімеден соң Сүлеймен қолды аяққа тұрмай, «Ақан серіні» оқып, таң қалды. Не деген сала-сала, шым-шытырық оқиға! Өткен ғасырға барлау жасағандай, кинофильм көргендей әсер алды. Енді, осы жаңалығын сыныптасы Ғазизбен бөліспек. Ол да ел тарихы десе, ішкен асын жерге қоятын бала.***- Ғазиз, «Ақан сері» романын оқыдың ба? — деді Сүлеймен.- Оқығам.- Қашан?- Былтырғы жазда. Каникулда. Неге сұрадың?- Мен таяуда екінші рет оқыдым. Ғажап!- Ие, жақсы кітап.- Айтайын дегенім ол емес. Романдағы оқиға осы Көкшетау өңірінде өткен ғой. Ақан сері елдің адамы.- Е-е, оны кім білмейді?- Қонақ бер сөзіме. Қызықтың көкесі алда.- Айтсаңшы енді.- Аптықпа. Әуелі мына бір жағдайға назар аудар. Кәдімгі Құлагерге мініп шабатын Мөңке бала бар емес пе?- Бар.- Білесің ғой.- Е, білмегенде-е…- Кітап арқылы.- Әрине.- Ендеше, сол Мөңке бала, біздің ауылдың, осы Қызылсаяның адамы көрінеді.- Қойшы- ей! Қызық қой мына дерегің. Кімнен естідің?- Атамның арғы-бергі тарихтан хабары мол екенін білесің. Кейде әжемнің күрең шәйін асықпай ішіп, көңілденіп отырғанда әңгіме тиегін ағытатыны бар. Ой-хой, дерсің!Мөңке бала ержетіп, үйленіп, балалы-шағалы болып, кейінірек жетпіс жасында өтіпті өмірден. Бес ұл, бір қызы болған екен. Керек десең, кенже қызы әлі бар.- Кім екен?- Тәйкенова Қаназия апаны естуің бар ма?- Тоқта, тоқта! Әлгі Көкшетаудағы полиция болып істейтін Асқар ағаның анасы ма?- Дәп өзі.- Қызық. Осы уақытқа дейін қалай білмегенбіз.- Соны айтам, өзі де қарапайым кісі. Басқа біреу болса…- Е-е, не десін! Атақты Құлагерге мініп шапқан Мөңке баланың қызымын деп жар салуы керек пе?- Оның жөн. Бірақ біздің мектеп оқушыларының бірі білмейді ғой.- Білмей-ақ қойсын.- Неге олай дейсің?- Қаназия әжемен әңгімелесейік. Даусын диктофонға жазайық. Содан соң сынып жетекшіміз Садық ағайға айтайық. Кездесу ұйымдастырайық.- Мынауың табылған ақыл.- Айтқандай, кітапта Мөңке бала оқиғасы қай тұста аяқталушы еді?- Атақты Сағынай бидің асында жау қолынан мерт болумен.- Ие, ие. Сол жерін кітаптан қайта оқиықшы. – Сүлеймен төргі үйдегі кітап сөресінен жазушы Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романын алып келді.- Бірінші кітабында ғой.- Иә, міне, белгілеп те қойыппын.- Оқышы.«… Мөңке біраз жерге дейін атына риза болмай, көңіліне күдік орала берді. Құлагер қайта-қайта пысқырып, өзінен-өзі тосаңсып, адымы ашылмай қойды. Алдыңғы лекте отырғысы келіп, тақымын сәл қыса түсіп еді, Құлагер шабысына шабыс қоспады, қол қамшысын жайқай, сауырына тигізгісі келген баланың есіне Ақан ағасының «Құлагерге қамшы сала көрме» дегені түсіп, батылы бармады.Бұл айдау ел арасындағы ат жарыстардан бөлек, бұрын-соңды болмаған ерекше бәйге екенін Мөңке сезіп келеді. Шыға бере аттарын тежеп, бірін-бірі қақпақылдап алға салып аңдып отыратын айладан гөрі, алпыс шақырым жерге талмай жететін сәйгүліктерінің қуатына сенімдері мол үрдіс бәйге. Бес жүз аттың әрқайсысы өз елінде жүлде алып жүрген ерен жүйріктер. Шыға көсілген тұлпарлар аз уақытта жер танабын қуырып-ақ тастады. Мөңке оң жақ қолда шыр көбелек айналып қалып бара жатқан қалың шілікті көрді. Отыз шақырымдай жер өткен екен. Тура жарты жол.Осы тұста баланың да көңілі көтеріліп, тақымы қыза түсті. Тершіген арқа жазылып, көңілін Ақан ағасының шалқыма әні тербегендей боп кетті. Бұл кезде еті қызып, бауыры жазыла бастаған Құлагердің тұрқы ұзарып, бойы жеңілдеген еді. Ауыздығын шайнап, жұлқынып, мандайын көтеріп, тұмсығын созып, басын сүзе түскен жануар лекіте жөнелді. Бағанадан бері бостау ұстаған тізгінді енді Мөңке қолына бір орап, тежей берді. Құлагер онан сайын ызаланғандай аузын арандай ашып, ауыздығымен алысып келеді. Сол жағында қапталдай шапқан аттыларға көз қиығын салып еді, алғашқы қарқынынан танбағанымен, шаң жапқан сауырларынан тер тарамдана ағып, қысыла бастағаны байқалды,Қолына ораған тізгінді Мөңке шыжымдап босата берді. Тапаяқ асықтай жеңіл сырғанай жөнелген Құлагер екінші буыннан сытылып шығып, әудем жерде кетіп бара жатқан төрт қараға қарай бүктетіле салды.Жасынан атқа шапқан Мөңке Құлагердің қасиетіне іштей таңырқап келеді. Ат жұла тартып шаба жөнелгенде қияқ жалы су-су етіп, аяқты алға тастаған сайын алдынан тұрған жел гу-гу етіп отырушы еді. Құлагердің жібектей жалы артқа қарай созылғаннан қимылдаған жоқ, бетке соққан самал да бірқалыпты үрлеп тұр. Иненің жасуынан өткен жібек біркелкі бөрі шабыс…»- Жә, болады. Ары қарай оқымай-ақ қой. Құлагердің құлайтын тұсы осы жерде емес пе? Қалай еді?- Ерейменнің бауыры у да шу, айқай сүрең. Төрт жүз тоқсан тоғыз жүйрікті артқа тастап, құлдырап аққан жұлдыздай жүйткіген Құлагерді жолда әдейілеп тосып тұрып айбалта сілтеген сәт. Омақаса құлаған тұлпар. Мөңке бала да ұшып кетті аулаққа. Талып, өзіне-өзі келе алмай біраз уақыт жатты. Кенет есін жиып, ақсаңдай келіп Құлагерді бас салған. Ағыл-тегіл көз жасын сорғалатып, аһ ұрып жеткен Ақан серіде ес жоқ. Құлагердің басын құшақтап, күңіреніп үш күн отырды.- «Құлагер әнін» де сол құсалы шағында шығарды емес пе?- Сол күндері туған.- Оқышы оны да.Жел соқса қамыс басы майда деймін,Ат қостым, ат айдаушы, айда деймін.Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,Жығылмаса Құлагер қайда деймін.Ор болып қалушы еді шапқан жерің,Шаттанып тұрушы еді қосқан елің.Атығай-Қарауылға олжа салған,Бота тірсек қыл сағақ, сандал керім.Шыныңмен өлгенің бе, Құлагерім,Салбырар саптаяқтай төменгі ернің.Баспа-бас, қызға бермес жануарым,Мың зарламай, басылмас менің шерім.- Қандай аянышты! — Ғазиздің көңілі босап, көзіне жас алды.- Айтпа. Бұдан асқан жауыздық болмас. – Сүлеймен де үн-түнсіз, аз-кем отырып қалды.- Дәл осы тұстан Мөңке бала жайлы дерек үзіледі еме пе?- Арғы өмірі белгісіз. Романды оқыған адам Құлагерге мініп шапқан Мөңкені сол құйтақандай бала бейнесінде ғана біледі. Ал, өмірде Мөңке баланың тағдыры қалай? Үрім-бұтағы кімдер?!- Қаназия әжеге ертең барайық.- Келістік…. Қаназия қария қол тоқпақтай ғана адам. Жасы сексенге келгенімен жүрісі ширақ, пысық. Жас күнінде көркем адам болғанға ұқсайды. Қара торы жылы жүзіндегі айқыш-ұйқыш терең әжімдері қиындығы мол өмір өткелінен өткенін білдіреді.- Әкемнің аты – Мөкен.- Романда Мөңке ғой.- Оншасын білмеймін. Бірақ азан шақырып қойған аты – Мөкен.Мөкеннен бес ұл, бір қыз туған. Оралбай, Қажыбай Тәжібай, Айтбай, Елеусіз, сосын мен. Елеусіз палуан еді. Қажыбай соғыста өлді. Құлагер құлап, мертігіп жатқанда менің әкем Мөкен өлең шығарыпты. Былай:Құлагер құлыныңнан тай болғаны-ай,Жігіттің аса дәулет бай болғаны-ай!Құлагер күміс құйрық, өзің жүйрік,Алладан қазаң жетіп, келді-ау бұйрық.Құлагер өлгеніңе өкінбеймін,Артында көк бесті ат бар, ол да жүйрік…Қарлығыңқы қоңыр даусымен ән айтып отырған Қаназия апа тоқтай қалды. «Артында бір ат бар екен. Бірақ Құлагердей қайдан болсын?!. Өз көңілін өзі аулағаны ғой баяғы…»Әй- пәй, пірім- ай,Әкүлән керім-ай-ай!Құлагер құлыныңнан тай болғаны-ай,Жігіттің аса дәулет бай болғаны-ай!Құлагер өлді деп-ау естігенде,Көңілі-ау дұшпан иттің, жай болғаны- ай…Әй — пәй, пірім- ай,Әкүлән керім – ай — ай!Әттең, дүние-ай! Қайтейін! Аса жақсы білмеймін… Әкемнің қайтыс болатын кезінде кішкентаймын… Есіме еміс-еміс қана түсіремін… Мынау жапсарлас жатқан Мәдениет ауылында тұратын немере ағам Көзтай әкемді көрді. Әңгімесін тыңдадым деп отырады.- Келлер ауданындағы Мәдениетті айтасыз ба?- деді Сүлеймен.- Иә, — деді Қаназия әже.- Қалай жолықсақ екен,- деп күмілжіді Ғазиз.- Мен хабар берейін, — деді Қаназия әже. — Ертең жұма ма? Е-е, жөн… Онда сенбіге шақырайын. Мәдениет төте жолмен он бес-ақ шақырым. Салт атпен жетер естісімен. Сөзге ұста Көзтай. Тың әлі.- Мөкен ұлы атамның інісі, — деп бастады Көзтай қарт әңгімесін. — Яғни, ұлы атам Мұса.Мұса, Исабек, Мөкен, Қазыбек төрт ағайынды. Рысмәмбет деген кісіден туған. Қара шаңырағымыз Қазыбектің үйі еді.Рысмәмбеттің әкесі Айсары. Айсарының әкесі Қарақозы. Қарақозының әкесі Болпаш. Болпаш Жақсылық Қарауылдан тарайды.Қарауыл сегіз. Жақсылық алты ата. Жақсылықтан Баян, Түгел, Малтабар, Құлтабар, Тәңірберді, Құдайберді. Малтабар Ақан серінің әкесі.Ақан сері Құлагерге бір жеңіл бала іздейді. Сонда Байбатыр: «Мынау менің інім Рысмәмбеттің баласын баулы», — дейді. Аталарымыз балаларын ұры-қарыға апармаса да, ел ішінде жүйрік ат ұстап, сән келтірген. Сол тұста Мөкен атқа шауып, үйреніп жүрсе керек Байбатыр: «Осы баладан үміт күтем, бір шапса, осы бала шабар дейді…»- Мөкен – Мөңкені көрдіңіз ғой?- Көрдім. Кіші баласы Елеусіз менімен жасты еді. Ағайын ішінде бір-біріне аса жақыны да болады ғой. Бір жылы Мөкен ата, Мөкен атаның үлкен баласы Оралбай және менің әкем бірігіп шөп шапты. Сол жылғы шөптің шығысы-ай! Биіктігінен анау-мынау аласа адам көрінбей кетеді. Өзенағашта бытқыл-бытқыл жоңышқа шығады. Мөкен ата Елеусіз екеуімізге тырнауыш істеп берді. Шұбардағы қалмақ бүлдірген қалың. Уылжып піскен жеміс ауыздың суын құртып, сілекей шұбыртпай ма. Балаға да керегі сол. Мөкен ата үйден әкелген сусынды ішіп, демалып отырған кезде біз жөнелеміз. Қалмақ бүлдіргенді тоя жеп-жеп, недәуір уақыттан соң келеміз.- Қайда жоғалып кеттіндер? — дейді.- Шөп алыстан шабылған екен. Соны жинадық. Шөлдеп, шаршадық, — дейміз ойланбастан.- Е, бәрекелді! — дейді.Кісіге сенгіш, ақкөңіл, қожанасыр адам еді. Қайта, кенже ұлы Елеусіз өткір.- Баяғы, Құлагерге шапқаныңызды айтыңызшы? — дейміз Мөкен атаға.- Қайтейін деп едіңдер? Құлагердей мал бар ма? Қасиетті ғой жануар, — деп айтпады.Ұмытпасам, сол жылғы күз айы ғой деймін. Мөкен ата көңілденіп отырды білем. Ауылдың үлкендеріне Құлагер әңгімесін айта бастаған үстіне түстік. Елеусіз екеуміз жым болып, құлағымызды тіктік.- Несін айтасың Құлагердің. Ол ақырғы заманнын тұлпары. Менің қанша аяғым бар дейсің. (Кішкентай кісі еді). Үзеңгі қысқа. Құлагер өз-өзіне келіп, қызып алғанда артқы аяғы менің аяғымды соғып отырады. Атқа шапқан балалардың қамшысының басына жүйріктің көзін сүртіп отырсын деп орамал байлап береді. Сонда Құлагердің екі көзін сүртуге шамам келмейді. Қос қолмен тас қылып ұстап отырам тізгінді. Білетінім суылдаған жел. Жұлдызша ағып келе жатады Құлагер.- Бұл әңгімені естігенде нешедесіз?- Он үш-он төрттемін ғой.- Мөкен атаңыздың түр-түсі қандай?- Қара торы кісі. Кішкентай ғана сұйық сақалды. Көзі дөңгелек. Онша өткірқарамайды. Мінезі қожанасыр дедім ғой. Аңғал. Сенгіш, сондай жуас адам.- Қайраты ше?- Қайраты сол, атқа шапқаннан өзге… дегенмен Құдай берді. Балалары өзімен бірдей өсті. Тек қолдағы малын қайыра салып, қарап, одан басқа ешқандай жұмыс істеген жоқ.Мөкеннің үлкен баласы Оралбай бастаған бес отбасы күн көріс үшін ішке – Түменге өтті. Оралбай, Қажыбай Тәжібай, Айтбай, Елеусіз. Бес ағайынды. Қыздан Қаназия. Қажыбай Ұлы Отан соғысында қаза болды. Елеусіз ішке барғанда өтті дүниеден.- Мөкен ата дәулет жиды ма?- Жылқысы аз болатын. Қара малы көп еді. Сол кезде, қорадан бір табын боп шығады десем өтірік емес.1928 жыл. Жұрт жапа-тармағай осы араға қоныстанып, жүктерін тасып жатыр. Онда Мәдениет ауылы Найзабек аталатын. Аққошқар дейтін кісінің мешіті болған. Сол ғибадатханаға ел жүктерін кіргізіп әлек. Қаназияның үлкен ағасы Оралбай пысық кісі еді. Ол кезде Түмен Свердлов облысына қарайды. Міне, сол жаққа Оралбай бауырларын ертіп, түгелі көшті. Қара шаңырағымыз Қазыбек үйі де кетті. Бір отауы мұнда қалды. Ешқайда шықпаған қазақпыз ғой. Ию қию сапырылысқан ел. Күздің күні. Қара суық. Ауданнан өкімет адамдары кеп бидай тап дейді, егін салып көрмеген елге. Бес күнге мұрсат береді. Сосын шақырып алып, қысып сұрайды. Енді үш күн береміз. Үш күнде таппасаң көресінді көресің деп қорқытады. Жоқ, бидайды ел қайдан тапсын! Көкшетаудың түрмесіне апарып қамайды да, он күннен кейін үйелменді үйден қуып шығады.Қым-қиғаш аласапыран уақытта ұрланған малдың кімнің қолында кетіп жатқанын бір Алла білсін. Сонымен Мөкен атамыздың үйі аман құтылып кетті. Біздің үй әлі отыр. Мынау Өскеннің сыртында бір қардон бар. Ахметбек деген орманшы тұрады. Елі Жақсылық Шұңырша. Сол орманшы Ахметбек жанымызды сақтап қалатындай қорасында отырмыз. Түн ішінде суыт хабар жетті. “Ахметбек пен Битай екеуін «құлаққа» * алды. Енді өздерің білесіңдер деген… (Битай үлкен үйдің отағасы) Әкем: «Түрмеге жаяу айдап, әкетіп жатқандардан артықпыз ба?!… Тастаңдар бәрін… Кетеміз…» дейді.– Ибай-ау, мыналарды қайтеміз?!. — деп ел үйлеріне, жиһаздарына қарайлай береді. Бұл желтоқсан айының ортасы. Битай үйінде бір арба, Ахметбек үйінде бір арба. Екеуіне екі биені жегіп, Жалғызтауды басып, бір жұма дегенде Қызылжарға іліктік. Осының бәрін істеп жүрген менің әкем. Қызылжарда құдамыз милицияда істейтін. Сол үйде екі қондық. Базардан ескілеу шана сатып алып, оңдап, ішкі — Түменге жеттік аман-есен.Қызылжардан жиырма шықырым шыққан соң Ресейдің кірәні*. Соған жеткен соң ешкім дүкімент сұраған жоқ. Ал оған жеткенге дейін өзіміздің қазақ ойына келгенін істеді ғой!.. Не керек… мына жерде Алқа деген елді-мекен бар. Солтүстік Қазақстан облысына қарайды. Құдандалы ел. Солар біздің сиырды алып қалды. Қасымызда бірге көшіп бара жатқан бір үйді қорқытып, бір мың теңге ақша табыңдар деді… Жолдарын бөгеп, таң алдында әрең жіберді ғой. Сонда кетіп бара жатқан жолымыз ауыл үсті де емес. Ағаш түбінде, ауылдан алыстау жерде болатынбыз. Е-ей, балаларым! Енді ол заман адам баласының басына келмесін де. Ата ұлға, ана қызға қарамайтын зұлматты жылдар еді ғой!Түменге жетсек, Мөкеннің ең кіші ұлы Елеусіз қомсомол гурты атаныпты. Бір жиеніміз екеуі бір табын малды алған. Өздері сондай белсенді.1. *Құлақ – кулак.2. *Кірән – Солтүстік адамдары граница-шекараны «кірән» дейді.3. Суретті салған Алмас СырғабаевСол жылы шөп те ырғын шыққан екен. Кейінгі көшіп барған он бес-жиырма адам Елеусіздің қарамағында істеді. Малдың астын шығарады. Шөбін тасиды, табынға қарайды.- Мөкен ата қай жылы қайтыс болды?- 1926 жылы, жаздың ортасында өтті дүниеден. Бәйбішесі Бәтима 1942 жылға қарағанда, соғыс басталған жылы қаза болды. Екеуінің де бейіті осында. Бәтима шешеміз Мәдениетте, Мөкен атамыз Өзенағашта жатыр.Шар болаттай сом құйылған, жасы сексен бестегі аласа бойлы, иман жүзді Көзтай қарт әлі тың. Таң атқанша тоқтамай сөйлесе де, шаршап- шалдықпастай.Ғазиз бен Сүлеймен әсерлі әңгімеге елітіп, ұйып отырып қалыпты.Көз алдарына құлаған Құлагердің басында отырған Мөңке бала, еңірегенде етегіне жас толған құсалы Ақан сері бейнелері келгендей.