МҰХТАР МАҒАУИННІҢ ШЫҒАРМАСЫ БРАЙЛЬ ҚАРПІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ

0 2

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері – Мұхтар Мұқанұлы Мағауинді еске алу кеші өтті. Әдеби нобат форматында ұйымдастырылған шара қаламгер мұрасын дәріптеп, оның шығармашылығына деген құрметтің айқын көрінісі болды.

Кеш барысында жазушының әйгілі «Тазының өлімі» шығармасының Брайль қарпіндегі басылымының тұсаукесері өтті. Оқушылар мен келген қонақтар қаламгердің еңбектері жайлы ой бөлісіп, өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, Мұхтар Мағауиннің шығармалары мен мақалалары таныстырылып, оның туындыларынан үзінділер оқылды, арнау жырлар арналды.

Әдеби басқосуға зиялы қауым өкілдері – Сәмен Құлбарақ, Темірбай Мұқашев және Бақытжан Махашұлы қатысып, қаламгердің шығармашылық жолы мен оның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі жайлы ой өрбітті.

Мұхтар Мағауиннің бай мұрасы – ұлттық руханияттың асыл қазынасы. Оның шығармалары келер ұрпаққа рухани азық болып, мәңгілік елдің мәңгілік қазынасы болып қала бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.