«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек…»

0 1

Шәкәрімнің бір шумақ өлеңі хақында…

Ойдың қысқалығы, мәтіннің тығыздығы өнердің ең басты мұраты десек те болады. Осыны ескере отырып, мақаламыздың бас-аяғын барынша қырнап, қысқартып беруге талаптанып бақтық.

Ең ұлы ақиқаттар адамның қасында жүреді. Тек соны пенде баласы аңғармайды немесе нарқына бойлап, шын назар қоймайтын болса керек. Өлеңге қатысты өзіміз көп естіп, тіпті ән қылып әуендетіп жүрсек те, астарын аңғармаған дүниенің бірі – Шәкәрімнің төмендегі өлеңі.

Мен мұны өнерге байланысты түмен жылдар өтіне шыдас беріп, еш құнын жоймайтын ғажайып сөздің бірі деп білемін.

Бұл ән
бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған
ұйқасты өлең, сөз керек
Өзіне орайлы.
Денең
жан нұрлы болса, жөнделмек,
Өлең
әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы.

Ән – өлшеуіш,
өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу,
не кем салу,
Қапы қалу жарамас…

Бұл қос шумақ ғазал өнердің өзгерісі мен жаңалығына қатысты айтылған кәсіби анықтама болса керек-ті. Ілгеріде жазғанбыз. Әр заманның тамырын тап басатын өзіне тән бейнелеуші тілі болады деп. Себебі тіл дегеніміз үнемі қозғалыстағы дүние десек, жаңа ойды бұрынғы ескі тәсіл, көне сөзбен жеткізуге болмайды. Мұқағалиша айтсақ, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарамын» жасампаздығы қажет. Әрине, жаңа ойға жаңаша сөзжасам керек.

Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзерек» деп отырғаны тек әуенге ғана қатысты айтылған сөз емес, өнер атаулының барлық ортақ мұратына қатысты анықтама. Замананың соққан лебін аңғарып, оған бейімделе алмаған өнер түбі жоғалып тынады.

Айталық, музыкада Шәкәрімнің алдында халықтың сан ғасырлық мол мұрасын айтпағанда Ақан мен Біржан әндеріндегі сайын даланың кеңдігі мен нәзік ирімдері жатты. Ақын мирас ретінде сол дәстүрді неге ары қарай жалғастырып байырғы жолға түспеді? Шынымен-ақ Шәкәрімге келген де бұл әннің әуезі мен сөзі мүлде басқаша сипат алады.

Енді аяқ астынан «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп жар шашып, жаңалық ашуының себебі не?

Мұның жауабы дайын. Бақсақ, ақынның айтпағы басқа екен. Бұл өзге уақыт. Енді өзге уақыттың өз әмірі мінберге шығып сөз алуы керек.

Ықылас Ожайұлы

Әдеби портал

Leave A Reply

Your email address will not be published.