БАТЫР БАУЫРЖАН НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?

0 5

«…Осыдан үш жыл бұрын Бақытжан жамбас сүйегіне жасалған кезекті ауыр операциядан кейін сегіз ай тасқа оранып жатты. Тас дегенім, кеудесінен бастап, бір аяғының ұшына дейін, екінші аяғының тізесіне дейін гипс салынды. Соның алғашқы бес айында ауруханада болды. Үйге шығарар кезде гипсті қфсқартыңқырап қайта салды да, жедел жәрдемнің мәшинесімен әкеліп, зембілмен үйге кіргізіп берді. Өйткені отыра алмайтын. Бірақ сүйемелдеп тұрғызса, бес-он қадам жүруге жарап қалған. Сонда ата баласын көруге үйге келді. Апамның өтінішімен балдақ әкелді. Ол кезде балдақ деген кез келген жерде сатылмайтын, табылуы қиын зат еді. Әкесінің көптен бері көрінбей, енді балдақ әкелгеніне қарап Бақытжан ешкім күтпеген ащы сөзді айтып салды.
-Ана бір жылы ауруханадан шығарымда таяқ әкеліп едің, енді балдақ әкеліпсің, келесі жолы табыт әкелерсің, — дегенде ата шошыған адамдай орнынан ыршып тұрып: «Аһ!» — деп бөлмеден қауырт шығып кетті. Атамның соңынан ілесе шыққан апа не көргенін соңынан айтты. «Әкеңнің иығы, артынан қарағанымда, селкілдеп тұрды. Неге сондай қатыгездік көрсеттің»,- деп баласына ренжіген болатын…»
Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан.

«Батыр Бауыржан Момышұлы неге жылады?» Бұл сауалымызға кейбір адам «тұлғаны ұсақтадыңдар» деп те айып тағуы мүмкін. Дегенімен тұлға да, ең алдымен, қарапайым адам екенін, оның да адами сезімдерге бой алдырып, қоғамның жасаған «идеалдарынан» бөлек кездері барын естен шығармаған абзал.
Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан осы бір үзіндіні сіздермен де бөліскенді жөн көрдік. Өз ұлының қатыгез сөзі сол бір сәтте батырдың жүрегіне расында қанжардай қадалғаны, онсыз да ашып тұрған жарасын жаншып, батырды жылатқаны барша жанға ой саларлық оқиға. Әрине, сынау, мінеу — жоқ. Өйткені ұлының да дәл солай айтуының өз себептері бар шығар. Дегенімен, бізге ой салатыны – жасы келген сайын адамның көңілшек болатындығы. Тіпті, қан майданды кешіп өткен хас батырдың өзі бір ауыз сөзден жүрегі қан жылап жатса, өзге ата-ана үшін ол қандай ауыр дерсіз?! Әке мен шешенің ең жанды жері — бала. Одан ауыр сөз есту – жүрекке түскен ауыр жүк. Сондықтан да қазақ елі әрдайым үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарауды ата салты санаған. Бұл – әдеп пен иманның білгісі деп ұрпақтан ұрпаққа өсиет еткен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.