«ҰЛЫ КӨШТІҢ» САРҚЫТЫ…
Кезінде Иманғали ағамыз Атырауда әкім болғанда басталған түсініксіз үрдіс болды. Алматыдан танымал адамдарды, зиялы қауым өкілдерін, әсіресе ақын-жазушыларды елге, туған жеріне шақырып, үй-жайын беріп, барлық жағдайын жасады. Былайша айтқанда ауыздарынан ақ май ағызды. Сол «ауру» Оралға әкім болғанда Қырымбекке де жұқты. Сөлкебайлары салақтап әртүрлі сорттағы «зиялылар» ағып-тамып келіп жатты. Өз еркімен, өз қаржысына үй алып, елге еңбек етейін деп келген біреуі жоқ. Оларды не үшін шақырғанын, неге сонша қолпаштағанын білмеймін. Жергілікті жұртты өздігінен мәдениетті меңгере алмайтын абориген деп ойлады ма әлде әкімдердің әлдекімдерге сөздерін өткізуге керек болды ма екен, қайдам. Қазір сол шырақтар беттері бүлк етпей «Біз өйтіп ек, бүйтіп ек» деп өз аңыздарына өздері сеніп жүр. Сол «уақытша қонақтардан» пайда болды ма, жоқ па, о жағы тағы беймәлім. Керісінше кейбіреуінен жергілікті бюджетке және кәсіпкерлерге салмақ түсіп, едәуір зиян болғанын анық білем. Есесіне халыққа еңбегі сіңген, осы елдің «отымен кіріп, күлімен шыққан» қаншама адам елеусіз қалды. Қатардағы қарапайым қаншама жандар несібесінен қағылды. «Ауылдағының ауызы сасық» дегендей, барлық жерде, сыйлы төрде «елді түзеуге келген әлгі данышпандар» отырды. Солардың басым көпшілігі елге шақыртқан басшылар қызметтен кеткесін үйлерін сатып, «жылы жақтарына» тайып тұрды. Кейбіреуі уақыт өте келе кетті. Жай кеткен жоқ, бүкіл жағдайын жасап, алар атақ-марапаттарын алып кетті. Себебі Алматы, Астанада оларды ешкім менсінбейді. Ал, аймақтан ұсынса тез өтеді ғой жоғарыға. Базбіреуі елдің ішін ала тайдай бүлдіріп, сасытып-бықсытып кетті…
Ал, сол «ұлы көштің» ішінен шақырған еңбекті ақтап, елде-Атырауда қалған бір-ақ адам бар. Ол-таныстыруды қажет етпейтін әйгілі Ілия Жақанов.Тоқсаннан асса да әлі тың, аңызға айналған тұлға. Қай салада да еңбегі ұшан-теңіз ағамызға Алла қуат берсін!!!
Бауыржан Халиолла