«МЕН «МАРХАБАТ» ЖУРНАЛЫНА ЖАЗЫЛДЫМ» ЧЕЛЛЕНДЖІНЕ ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРАМЫЗ.
Құрметті достар, қадірлі әдебиетсүйер қауым!
Бүгін, 2025 жылдың 15 қаңтарында, Сәрсенбінің сәтінде Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада Сіз сүйіп оқитын классик жазушы Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл жобасы аясында «Мархабат» журналы мен «Markhabat.kz» ақпараттық порталының таныстырылымы өте тамаша өтті. «Мархабат» журналы екі мың дана таралыммен шығатын, еліміздегі мегаполис қалалар-Астана, Алматы, Шымкентте және Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, жалпы Қазақстанның 10 өңірінде өз жазылушылары бар басылым. Келешекте журналдың таралу аумағын кеңейте түсу, оқырмандарын көбейту, Мархабат Байғұттың қаламгерлігін мойындайтын Қазақстанның әрбір аймағын қамтудың қам-қарекетін жасап көрмекпіз. Ал «Markhabat.kz» ақпараттық порталын әзірлеуде заманауи жетістіктер қолданылған, еліміздегі жетекші сайттардан күш-қуаты, мүмкіндіктері кем емес.
Халықаралық «Алаш»,»Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың қаламгерлік һәм азаматтық болмыс-бітімі, қадір-қасиеті әңгіме арқауына айналған алқалы жиын жазушының шығармашылығын дәріптейтін көрме көруден басталды. Жөні бөлек, жосығы ерек бұл басқосуға қазақ әдебиетінің брендіне айналған біртуар таланттың асыл жары Қыздаркүл Пернебайқызы, перзенті Ақлима, інісі Нышан, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, әйгілі ақын Нармахан Бегалыұлы, Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Шалатай Мырзахметов, Иманәлі Байдәулетов, Оңалбай Аяшев, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің проректоры Садыбек Бейсенбаев, көршілес өңір-Әулиеатадағы Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Қалыйма Жантөреева, «МАРХАБАТ-МИРАС» қорының төрағасы Сәтбай Қасымбек, депутаттар, жазушылық және журналистік, драматургия, қоғамдық-саяси қызмет ету саласында жолдары түйіскен әріптестері, шәкірттері, сыныптастары, зиялы қауым өкілдері, бір сөзбен айтқанда оның талантына, кісілік келбетіне бас иген тілеулестері, оқырмандары көп жиналды, бірқатарына көкейдегі ойларын көпшілікпен бөлісуге мүмкіндік туды. Мархабат Байғұттың жанашырлығын көріп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алған көптеген шәкірттері, жас қаламгерлер атынан бүгінде мықтылықтарын мойындатып үлгерген ақындар Мұқағали Кенжетайұлы мен Сезім Мергенбай өлеңдерін оқып әдемі әсерге бөледі. Классиктің өзі орындаған әні мен сұқбаттарын бейнетаспадан тамашалаған көпшіліктің көңілі толқыды. Жамбыл облысынан келген бір топ қаламгерлер Мархабат Байғұтпен ерекше байланыста болған Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның көптомдық жинақтарымен бірге облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын қоса тапсырды.
Жақсы бастаманың жанынан табылғандардың барлығы бірауыздан «Мархабат Байғұтқа 80 жыл жобасының түңлігін түріп беріп жыл басында ақпарат айдынына жаңадан желкен керіп шыққан «Мархабат» журналына жазылуға әрбіріміз атсалысып, мерейтой иесінің мерейін өсіретін насихаттау шараларына нақты үлес қосайық» деген бәтуа байласып тарқасты. Жиынның үстінде қанша жазылатындарын атап айтып сүйінші хабарды сол сәтте жеткізді. Айталық, белгілі кәсіпкер, меценат Батырбек Көшербай журналдың 200 данасына, Тәшенов атындағы университеттің Басқарма төрағасы Оңалбай Аяшев 150 данасына жазылатынын жеткізсе, мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов шымкенттік депутаттар корпусының «Мархабат» басылымының 40 данасына жазылатынын, бұл бастама келер күндері кеңінен қолдау табатынын мәлімдеді. Осыған орай Сізді де «Мен «Мархабат» журналына жазылдым» челленджіне қатысуға шақырамыз. Сый-құрметке лайық тұлғаға сыйластығыңызды құрғақ сөзбен емес тікелей тірлікпен көрсетсеңіз айтар алғысымыз шексіз.
Мәртебелі оқырман, Сіздің қолыңызға тиіп отырған осы «Мархабат» журналы бұған дейін жарық көріп келген «Тұран-Түркістан» журналының заңды жалғасы екенін бірден ашып айтуымыз қажет. Бұл бастама «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының аясында туындаған тың идея, қалың оқырманның сұранысына орай, оның ішінде классик жазушының отбасымен де ойласа келе қолға алынған жоба. Басылымның ең алғашқы нөмірі 2019 жылдың мамыр айында жарық көрген болатын. Міне, содан бергі бес жарым жылда бұл журнал төл әдебиетіміздің дамуына өзіндік үлес қосты. Осы уақыт ішінде журнал жабылып қалған жоқ. Өз оқырманын тауып, өміршеңдігін көрсетті.
Басылымның дүниеге келіп, оқырманға жол тартуына жазушы Мархабат Байғұт көкеміз тікелей атсалысқан болатын. Бір өңірдің ғана емес тұтас қазақ әдебиетінің бәйтерегіне айналған, жазушылар мен журналистердің тұтас бір дәуірінің дәстүрін, қадір-қасиетін сақтап, дамытуға атсалысқан Мархабат көке ең алғашқы нөмірінде жүрекжарды тілегін білдіріп, редакцияға арнайы келіп, батасын беріп, сәттілік тілеген еді. Тек сөзбен ғана сәттілік тілеп қана қоя салмай журналдың аяғынан нық тұрып кетуіне, мазмұны, сапасының жоғары деңгейде болуына атсалысып, әрдайым ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар сілтеп отырды. Алла Тағала көкеміздің о дүниесін берсін, пейіште нұры шалқысын!
Міне, енді жаңа жылдан бастап журнал «Мархабат» деген атаумен оқырманға жол тартып отыр.
2025 жыл – Мархабат Байғұттың 80 жылдығы. Әрине, қазақ прозасын қайталанбас шығармаларымен биіктеткен марғасқа жазушының, ұлтымыздың ұлағатты ұлының мерейтойына байланысты атқарушы биліктегілер, Жазушылар одағы, салалық министрліктер тарапы, әсіресе қаламгердің қалың оқырманы жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастыратыны анық.
Ендеше «Мархабат» журналы сол игі іс-шаралардың тұсауын кесіп, Мархабат Байғұт әлеміне жетелейтін көрікті де қазыналы көш-керуеннің легін бастап та жіберді.
Журналдың атауы ауысқанымен мақсат-мұраты ауыспайды.
Және Markhabat.kz ақпараттық порталы да жаңадан жұмысын бастап отыр.
Әдебиет адалдықты сүйеді. Әдебиет қай заманда да өз биігін жоғалтқан емес. Кітап оқыған жанның көзі ашылады, көкірегі ояу жүреді. Әлемді басқа қырынан көреді.
Міне, «Мархабат» журналы – әдебиетсүйер қауымның өмірді тануына, оның эстетикалық ұғым-түсінігін, сезімін байытуға қызмет етеді. Қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпірді мықты шығарма арқылы байланыстыруға күш салады. Өйткені әдебиетсіз адамзаттың өркендеуі мүмкін емес. Ұлт әдебиеті мен мәдениетінің дамуына септігін тигізіп, жаңа тақырыпта, жаңа бағытта шығармаларды шығару, жас қаламгерлердің толқынын арттыруға ден қояды.
Және руханият, қоғамдық-саяси салаға да қалам тартады.
Лайым, Алла тағалам бастаған ісімізге сәттілік, береке берсін!
Қайталап айтайық, сүйікті жазушыңызға сый-құрметіңіз болсын, Сізді «Мен «Мархабат» журналына жазылдым» челленджіне қатысуға шақырамыз. «Мархабат» журналына жазылу үшін байланыс қызметтерімен байланысам десеңіз мархабат! Журналдың жазылу индексі 76104
Ғалымжан Елшібай,
«Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Оралхан Дәуіт,
журналдың бас редакторы.