Тараз «қақпасыз қалаға» айнала ма?
Жалпы, бір мекемеге жаңа басшы келіп жатса, жаңалық ашуға жан салатыны байырдан белгілі нәрсе. Тараз қаласының жаңа әкімі Ержан Жылқыбаев та қызметіне тағайындалған бойы бұқараға үндеу тастап, «Қақпасыз қала» жобасы жанданатынын айтты. Бастама аясында мекемелердің сыртындағы қақпалар мен қоршаулар алынып, шаһардағы ғимараттардың барлығы бірізділенеді деп жоспарланған. Алайда мұндай тың тірлікке бұқара не дейді? Бір жылдары жанданған «Қоршаусыз қала» жобасы секілді «Қақпасыз қала» да шала болып қалмай ма?
Кәсіпорындарды қоршаусыз қалдыруға болмайды
Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты МұқашЕскендіровтың айтуынша, аталған жобаны пайдаланатын да, пайдаланбайтын да жерлер бар екен.
– Осыдан 5 жыл бұрын депутаттық сауал көтеріп, «Қоршаусыз қала» жобасын жандандырған едік. Сонда Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, облыстық медициналық колледжі сияқты бірқатар нысанның қоршауы алынды. Яғни, халыққа ашық болуы керек мекемелердің барлығына осы жүйені қолданғанбыз. Алайда «Қоршаусыз қала» жобасын кәсіпорындарға енгізе алмадық. Себебі өндіріс орындарында тұрғындар үшін қауіпті нәрсе көп. Әрі зауыттар стратегиялық маңызы зор нысан саналады. Осы ретте Тараз қаласының әкімі көтеріп жатқан «Қақпасыз қала» жобасын да жан-жақты зерделеу керек.Себебі бір қырынан келгенде қоршаусыз тұрған мекемелер халықтың өзіне деген сенімін арттырса, екінші жағынан қоршауы алынбауы тиіс жоғарыда кәсіпорындар аз емес. Осы жағын қала әкімдігі жіті таразылайды деп сенемін.
Қоршауды ең бірінші құқық қорғау органдары алуы керек
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев болса, ғимарат қоршауын ең бірінші құқық қорғау органдары алуы қажет екенін айтады.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қоршаусыз қала» бастамасы көтеріліп, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, облыстық медициналық колледждің, Тараз қалалық ауруханасының қоршаулары алынғаны есімде. Сол кезде осы жұмыстардың басы-қасында жүрдім.
Негізі, «Қақпасыз қала» жобасы жұртшылық үшін керек дүние. Себебі мұнда ең бірінші нысандар халық үшін қолжетімді болады. Екіншіден көшелер кеңейіп, тұрғындардың жүріп-тұруы ыңғайлана түседі. Үшіншіден тас қамалмен қоршалған нысаннан гөрі, ауласы ашық мекемелердің кескіні сүйкімді болатыны хақ.
Алайда қоршауларды алып тастауды әлеуметтік нысан емес, облыстық Полиция департаменті, прокуратура, облыстық сот сияқты құқық қорғау мекемелерінен бастау керек. Себебі ең бірінші осы ғимараттардың есігі елге айқара ашық болуы қажет. Біздің құқығымызды қорғайды деп жүрген құзырлы органның өзі жан-жағын қоршап алып қорқып отырса, кімге сеніп, кімге үміт артамыз? Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған ашықтық принципін ұстана отырып, ең бірінші құқық қорғау органдарының қоршауларын алуы қажет, – дейді Б.Құлекеев.
Қаржы бөлсе, жастар қоршауларын алуға дайын
Ал жастарға қала әкімінің жаңа жобасы жаңаша қарқын бергендей. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Таутеннің айтуынша, олар шаһар басшысының бастамасына үн қосып, мекеме қоршауын жуырда алып тастамақшы екен.
– Қазақ халқы қай кезде де есігін ашық, керегесін кең ұстаған. Мекеме қоршауларын алып, айналасын жасыл желекке көмкеріп қойса қандай тамаша болар еді?! Сол жасанды көгалдарда жастар отырып сырласып, әңгіме-думан құрса да қандай жарасымды. Дамыған шет мемлекеттерге қарасаң бірде-бір мекемесінен қоршау көрмейсің. Оған қоса олар үйлерін де қоршамай, тек жасанды көгал төсеп тастайды. Соны суарып, күтімін жасап, хоббиге айналдырған.
Қазір облыстық жастар орталығы отырған мекеменің сырты қоршаулы. Осыны ретке келтіру үшін нысанды толықтай күрделі жөндеуден өткізу туралы өтінім бердік. Қолдау тапса, тек ғимаратты ғана жаңартып қоймай, айналасындағы қоршауларды да алып тастасақ деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, гүлзарлар отырғызып, орындықтар қойып, ол аймақты Wi-fi желісімен қамтып, жастар бір мезгіл тынығатын орынға айналдырсақ деп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, жастар мекемесі заманауи талапқа сай әрі өркениет көшіне лайықты болса екен дейміз, – дейді жастар орталығының директоры.
P.S.
Қала тұрғындары да жаңа жобаны жатсынып жатқан жоқ. Медициналық мекемелер сияқты халыққа қызмет көрсететін орындардың ауласы ашық, қолжетімді болғанын қалайды. Алайда құқық қорғау органдары «Қақпасыз қала» жобасы бастау алды екен деп қақпаларын айқара ашып тастамайтыны анық. Он жыл бұрын Тараз қаласында болған террорлық актіден кейін олар айналасын темір тормен қоршап, кейбір тұстарына сым темір жүргізіп тастады. Сондықтан қала басшысының жаңа жобасына олар мойынсұнады дей алмаймыз. Ал қақпасыз қалатын нысандардың тізіміне кімдер ілінетіні әзірге белгісіз. Әйтеуір, «Қақпасыз қала» жобасы шала болып қалмаса болғаны…
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
https://aikyn.kz