Бүгін Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жамбылдық журналистермен жүздесіп, еркін форматта әңгіме өрбітті. Көне шаһар басшысы ең әуелі қала көлемінде биылғы жылға межеленген жұмыстарға тоқталды.
— Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері билік пен бұқара арасындағы алтын көпір екені белгілі. Сондықтан бүгін сіздермен жүздесіп, еркін форматта ой бөлісуді жөн көрдім.
Өздеріңіз білесіздер қазір қалаға қарасты округ тұрғындарымен кездесудемін. Олардың көтеріп жатқан мәселелерінің басым бөлігі ауызсу, жол сынды инфрақұрылым түйткілдеріне қатысты болып отыр. Осыған орай биыл қала көлемінде 4 бағыттан тұратын Жол картасын әзірлеудеміз. Сондай-ақ үш жылдық жоспар түзілуде. Қала экономикасын көтеру бойынша да жарқын жобалар жандануда.
Қақпасыз қала, жабайы жарнамамен күрес, атаусыз көшелерді ретке келтіру сынды мәселелер бірінші кезекте тұр. Тарихи һәм мәдени нысандардың халыққа қолжетімді болуы да басты назарымызда. Сондай-ақ тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына бағытталған баянды бастамаларымыз да аз емес.
Мен үшін журналистердің пікірі маңызды. Сол себепті ойларыңыз мен ұсыныстарыңызды еркін білдіруге шақырамын, — деді қала басшысы.
Қаламгерлер тарапынан ең алдымен облыстық «Aq jol» газетінің редакторы Оралхан Дәуіт сөз алып, №12 ықшам ауданындағы бірқатар түйткілдер мен ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақты қайта жаңғырту туралы мәселені көтерді. Шаһар басшысы аталған түйткілдер қала әкімдігінің назарында екенін айтып, алдағы уақытта ретке келтірілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, журналистер Ерман Әбдиев, Галина Выборнова, Бекнұр Сатыбалдиев, Шухрат Хашимов, Бақытжан Советұлылар көне қаланың біраз мәселелерін тілге тиек етті.
Өз кезегінде сөз тізгіндеген Жамбыл облыстық «AРАЙ» газетінің бас редакторы Дәулет Төленді келер жылы 100 жылдық мерейтойы аталып өтетін «Aq jol» мен ғасыр жасаған «Знамя труда» газеттеріне облыс орталығынан көше атын беруді ұсынды. Дәулет Төлендіұлы мұндай тәжірибе Астана, Шымкент пен Алматы, Түркістан қалаларында қолданылып, республикалық «Егемен Қазақстан» және «Жас Алаш» газеттеріне көше аттары берілгенін мысалға келтірді. Тараз қаласының әкімі орынды ұсынысты қолдай отырып, жауапты мекемелерге тапсырма беріп, бірлесе бұл мәселені шешуге ықпалдасатындығына уәде етті.
Кездесуде өзге де журналистер ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Шаһар басшысы барлық ұсыныстар ескерусіз қалмайтындығын айтып, БАҚ өкілдерін бұқара қамы үшін жасалып жатқан тірлікте бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Шапағат Әбдір
Тараз қаласы