«Ауыл» партиясы Жигули Дайрабаевқа байланысты шешім қабылдады
6 сәуірде Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шықты. Мемлекеттік айыптаушы қылмыстардың жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалықты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оларға пробациялық бақылау қойылады.
Бүгін Halyq Uni тілшісі екі ұлы бірдей сотталған Жигули Дайрабаевтың болашағына қатысты «Ауыл» фракциясының жетекшісі, депутат Анас Баққожаевтан сұрады. Анас Баққожаев фракция мәлімдемесін жеткізіп, Жигули Дайрабаевтың депутаттық мандатын тапсырмайтынын жеткізді.
Мен фракциясының мәлімдемесін айтайын. Біз оған ешқандай мін таға алмаймыз.
Біріншіден, қылмыстық істе оның жеке басына қатысты айтылмаған. Екіншіден, оның балалары – ересек азаматтар. Олар ісіне өздері жауап беруі керек, өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында келе жатыр. Тәуекелдің барын біледі. Өздерін қорғап, өздері жауап беруі керек, — деді фракция жетекшісі.
Фракция жетекшісі журналистерді Жигули Дайрабаевтың өзімен сөйлестіру үшін, БАҚ өкілдерінің көзінше оған қоңырау шалды. Алайда Мәжіліс депутаты телефон тұтқасын көтермеді.