Ұлттық жаңғыруға жол ашқан бағдарлама
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарияланғанына, міне, бүгін төрт жыл толып отыр. Ежелгі аталарымыз «Өз тарихын білген ел ешкімнен жеңілмейді» дегеніндей, Елбасының бағдарламалық мақаласында халқымыздың тарихи санасын қалыптастырудың басым бағыттары айқындалған.
Сол себепті, бұл бағдарламаны – қоғамға рухани жол көрсетіп, болашаққа бағыт-бағдар сілтеген идея деп түсінеміз. Осы орайда, ең әуелі атап өтерлік оқиға – Елбасының бағдарламалық мақаласында атап өтілген басым бағыттарды айқындап, оның іске асырылу тетіктерін қамтамасыз етумен бірге, жоспарланған жұмыстарды жүйелендіру, бағдарламаны іске асыруды әдіснамалық және талдамалық сүйемелдеу, өңірлік жобалық офистердің қызметін үйлестіру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі №225 қаулысымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты құрылған болатын.
«Бұл институттың басты міндеті – заманауи бәсекеге қабілетті қазақстандық қоғам құру барысында, осыған қатысты барлық құрылымдарды ғылыми және әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеп, ғылыми негізделген тұжырымдамамен қамтамасыз ете отырып, бағдарламада көрсетілген 6 бағыт пен 17 түрлі жобаны жаңғыртудың стратегиялық тәсілін әзірлеу және қатысушыларды әдістемелік жұмыспен қамтамасыз ету, олардың құзыреттілігін арттыру», дейді институттың басқарма төрағасының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдарова.
Осы орайда, жоғарыда атап өтілген алты бағытқа жеке-жеке тоқталар болсақ:
Прагматизм – ұлттық және жеке ресурстарды нақты білу, оларды үнемді жұмсау, өз болашағын жоспарлай білу, ысырапшылдықтан, менмендіктен бас тарту;
Бәсекелік қабілет – ұлттың аймақтық және әлемдік нарықтарда материалдық қана емес, сонымен қатар жоғары сапалы зияткерлік өнімді ұсына білу қабілетін арттыру;
Білімнің салтанат құруы – «білім – болашақта табысқа жетудің ең іргелі факторы» атты идеяны дәріптеу;
Эволюциялық даму – қоғамның бейбіт, зорлық-зомбылықсыз қайта құрылуы;
Сананың ашықтығы – бұл сананың үш ерекшелігін білдіреді. Атап айтқанда: күллі әлемде не болып жатқанын түсіну; жаңа технологиялық ағым әкелетін өзгерістерге дайын болу; өзгелерден үйрене отырып, олардың тәжірибиесін қабылдау;
Ұлттық бірегейлікті сақтау – ұлттық сана шеңберіндегі өзгеріс және оның кейбір белгілері өзгерген кезде ұлттық «мендік» ішкі өзекті сақтай білу.
Жоғарыда атап өтілген алты бағыт әрбір қазақстандықтың бойында болуға тиіс қасиеттерді дамытуға бағытталған. Осы орайда бұл алты бағытты жүзеге асыру мақсатында 17 жоба қарастырылған. Олар: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім», «Қазақ тілін латын әліпбиі графикасына көшіру», «Ауыл – ел бесігі», «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» және прагматизм, сананың ашықтығы бағыттарының жұмысын жандандыру мақсатындағы арнайы төрт жоба: «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет» тақырып қосылып отыр.