Екпе салдыру – індеттен арылудың төте жолы
Шу ауданы бойынша дерт жұқтырғандардың санын азайтып, індеттің өршіп кетпеуін бақылауда ұстау болып тұр. Ол үшін ел тұрғындары вакцина салдырып, ауруға қарсы иммунитет қалыптастыруы қажет. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар облыс орталықтарынан бөлек, аудан мен ауылдық жерлерде де қарқынды жүргізіле бастады. Мәселен, ауданымызда вакцина салдыру жұмыстары наурыз айынан басталса, бүгінгі күнге дейін 500-ге жуық адам екпе салдырып үлгерген. Аудандық аурухананың бас дәрігері Жайдар Әйтішевтің айтуынша, аудан бойынша соңғы 10 күнде коронавирус індеті тіркелмеген көрінеді. Жоғарыда атап өткендей вакцина салдыру жұмыстары ауданда қарқынды жүргізілуде. Аудандық орталық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Мұрат Абылайдың сөзінде, наурыз айының басында ауданға 500 дана ресейлік «Спутник V» вакцинасы келіпті. «Ауданға бөлінген 500 дана вакинаның 300 данасы ауыл тұрғындарына бөлінсе, қалған 200 данасы Шу қаласының тұрғындарына салынуы қажет болған. Дәлірек айтсақ, вакцинаның 80 пайызы медицина қызметкерлеріне, қалған 20 пайызы мұғалімдерге салынды. Нақтырақ айтқанда 275 дәрігер мен 25 мұғалім вакцина салдырды. Бірінші кезекте медицина қызметкерлеріне басымдық беруіміздің бірден-бір себебі – олар науқастармен тікелей жұмыс істеуінде болып отыр. Ал екінші кезеңде қосымша 350 данасы келді. Сондай-ақ, сәуір айының ортасына дейін тағы 1500-2000 дана вакцина жеткізіледі деп жоспарлануда. Осы айдың ішінде жоғарыда аталған сала мамандары толығымен екпе алуы қажет. Ал сәуір айының 15-нен кейін қарапайым халықты вакцинациялау басталмақ. Аудандық полиция бөлімі мен барлық мектептерде үгіт-насихат жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілуде. Вакцинаны салдыру жұмыстарына келер болсақ, індет жұқтырып, айығып шыққан адамдар 6 айдан кейін ғана екпе салдыра алады. Бұдан бөлек, екпе салдыруға ниетті 18 бен 65 жас аралығындағы тұрғындар ең әуелі терапевт дәрігердің тексеруінен өтіп, қан қысымы мен дене қызуы қалыпты болған жағдайда ғана салдырады» — екен.
Бүгінгі таңда аудан мен қала тұрғындары емханаға барып екпе салдырған болса, бұдан былай аудан орталығындағы «Отбасы» орталығынан да салдыруына болады. Оған қоса, аудан іргесіндегі 6 мыңға жуық тұрғыны бар Қонаев ауылында да екпе салдыру орталығы ашылмақ. Бас дәрігердің айтуынша, әр орталық күніне 60 адамға дейін қабылдай алады екен. Қажеттілік болып жатса, алдағы уақытта екпе салдыру орталықтарының саны артпақ.