«Маған ешкім алғыс айтқан жоқ». Сәбиттің сәбиді құтқарған сәтін таспаға түсірген келіншек өкпелеп қалды
Бірнеше күннен бері Сәбит Шонтақбаевтың ерлігі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ол 8-қабаттан құлап кетуге шақ қалған сәбиді құтқарып қалды. Ал оның ерлігін таспаға түсіріп алған елордалық тұрғын өз еңбегінің ескерусіз қалғанын айтуда.
Nege.kz тілшісі Бақыт Четеновамен сөйлесіп, оқиғаның қалай өрбігенін өз аузынан естіді.
– Бақыт, оқиға қалай болғанын қысқаша баяндап бере аласыз ба?
– Мен қазір декреттік демалыста отырған анамын. Сол күні күн ыстық болғандықтан терезені ашып қойғанмын. Кенет сырттан көп адамның айқайлаған дауысын естідім. Мен алғаш көргенімде, Сәбит терезеге ұмтылып жатыр екен. Дереу телефоныма жүгіріп, таспаға түсірдім. Себебі, абайсызда бала мерт болса, Сәбиттің кінәсіздігін тек видеомен дәлелдеуге болады деп ойладым. Абырой болғанда, бүлдіршін аман қалды.
Видеоны лезде, көршілердің әлеуметтік желідегі парақшасына жібердім. Сосын барлығымыз сыртқа шықтық. Сүт пісірім уақытта мен түсірген видео қоғамдық резонанстың тууына себепкер болды. Сәбит пен Сағидың үйлі болуына сол видеоның септігі тиді деп ойлаймын.
– Екі азамат марапатталып, үйлі болып жатыр. Егер сіз видеотаспаға түсіріп алмағанда ерліктері елеңбей қалуы да мүмкін еді ғой…
– Иә. Біздің Қазақстанда ерлік көрсеткен көп батырдың ісі көрінбей қалып жатыр ғой. Жанып жатқан өрттен аман алып шыққан, суға ағып бара жатқан баланы құтқарған жандар туралы әлеуметтік желіден жиі оқып жүрміз. Бірақ сол батырлардың барлығы дәл осылай үйлі болып жатқан жоқ. Сондықтан, мен түсірген видеоның септігі көп болды деп айта аламын. Сол видео болмағанда, Сәбит пен Сағидың ерлігі елеусіз қалатын еді.
– Еңбегім ескерусіз қалды деп өкпелеген жоқсыз ба?
– Олар көптің қолынан келе бермейтін нағыз ерлік істеді. Сәбит үшін де, Сағи үшін де өте қуаныштымын. Сәбиттің үйлі болғанынан хабардар болған соң, құттықтайын деп хабарластым. Тұтқасын көтермеді. Ватсабына хабарлама жазған едім. Оқыды, бірақ жауап қайтармады. «Видеоға түсіргеніңіз үшін рақмет!» десе болды ғой. Маған ешкім алғыс айтпады.
Тіпті әлеуметтік желіде көп халық «Осы оқиға видеоға түсіп қалмағанда Сағи мен Сәбиттің ерлігі елеусіз қалатын еді» деп жазып жатыр екен. Мен де солай ойлаймын. Сол видео тіпті Британия, Корея, АҚШ сияқты елдерге де тарап кетіпті. Барлық телеарна сол видеомен сюжет жасады. Бірақ мені автор ретінде көрсетпеген. Тек бір ғана сайт сыйақы беріп, видеоның авторы ретінде менің есімімді жазып жариялады.
– Өзіңіз туралы айтыңызшы. Неше балаңыз бар?
– Шүкір, жолдасым және үш қызым бар. Төртінші сәбиімізді күтіп жүрміз. Үлкен қызым төртінші сыныпта оқиды, кіші қызымыз 3 жаста. Біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп жатырмыз.