Қазақстанға көшіп келіп жатқан ресейліктердің саны күрт артуда
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ержан Біржанов 2022 жылы Ресейден Қазақстанға көшіп келген, уақытша келген азаматтардың санын айтты. Бұл жайлы Forbes.kz жазды.
«Қазір Қазақстанда 101 мың ресей азаматы жүр. Бұл – 30 наурыз күнгі дерек әрі 2022 жыл бойынша мәлімет. Оның 6350-і – жұмыс істеуге келгендер», — дейді вице-министр.
Ең қызығы да сол – былтыр, 2021 жылы, Қазақстанға 18 800 ресей азаматы ғана келген. Алайда вице-министрдің айтуынша, қазір Қазақстанға көшіп жатқан ресейліктер көп деп айтуға келмейді.
«Миграция қызып жатыр деуге келмейді. Бәрі қалыпты. Көрші елдің азаматтары біздің жұмыс орындарымызды тартып алады деуге тағы келмейді. Ол жақтан квалификациясы жоғары, мықты ІТ-компанияның өкілдері келіп жатыр. Мәселен, InDriver. Бұлар бізге жақсы маман мен білім әкелмек. Бұрын оларға коучинг пен семинар ұйымдастырып, тәжірибе алмасу үшін қыруар қаржы төлейтін едік. Енді бізге келсе, бәрін тегін өткізбек», — деп түсіндірді Біржанов.