Ресей: «Тоқаевтың билігін ұстап қалуға Путиннің көмектескенін естен шығармауы тиіс»

0 721

Қазақстан – РФ президенті В.Путиннің ДХР мен ЛХР-ді тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауына қатысты посткеңестік елдер арасында алғаш болып пікір білдірген ел болды. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Донбас пен Луганск республикаларын тәуелсіз ел деп танудың еш негізі мен себебі жоғын алға тартқан еді.

«Қазір жағдай шиеленісіп барады. Ал, Қазақстанның ресми ұстанымы қазір талқыланып жатыр. Бізде ол мемлекеттерді мойындау туралы сұрақ тұрған жоқ. Біз халықаралық құқық негізін және БҰҰ ұстанымдарын ұстанамыз», — деді ол.

Ал, Қазақстан Ресей мен Украина шекарасына әскер жібере ме деген сұраққа Сыртқы істер министрі қысқа жауап берді.

«Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бар. Ол Қазақстан мүше мемлекет. Бірақ, бұл ұйымның ол жаққа әскер жіберуге құқығы жоқ. Ал, өткен аптада Ресей мен Қазақстанның арасында әскери ынтымақтастық туралы ратифициаланған шарт бұндай мәселені көздемейді. Бұл шарт тек әскери техникалық ынтымақтастықтя көздейді. Мәселен, әскери техниканы сатып алу, бірге жаттығу жасауды көздейді», — дейді Мұхтар Тілеуберді.

Алайда Қазақстанның бұл позициясы Ресейдің кейбір басылымдарына ұнамаған сыңайлы. Осыған байланысты пікір білдіргендердің бірі «Новая газета» басылымы «Қазақстан «ДХР» мен «ЛХР»-ге келгенде көпвекторлы ойынға басты, бірақ маневр жасауға кеңістік өте тар» деген мағынада мақала жариялады.

Аталмыш мақаланың мазмұны мен негізгі ойларын оқырмандарға аударып ұсынамыз.

Мақала авторы, тілші Вячеслав Половинконың пікірінше, Қазақстанның дәл осы мәселеге келгенде (ДХР мен ЛХР-ді тәуелсіз деп мойындау – ред.) көпвекторлы позиция ұстаным, түлкібұлаңға салуына болмайды.

«Қазақстанның позициясы бір жағынан түсінікті. Ешкіммен соғысқысы, дауласқысы келмейді. Белгілі бір тарапты таңдау, ұстану жоқ. Қазақстан мұндай маневрді сондай ұштап, оған бейімделіп алған. Осыдан 8 жыл бұрын Қырымды да мойындаудан бас тартқан еді, бірақ Ресейдің неге мұндай әрекетке барып отырғанын да түсінетінін алға тартты. Не ары емес, не бері емес. Бұған Украина ренжіп қалды. Бірақ экс-президент Н.Назарбаев «Қырымды мойындау – Абхазия, Оңтүстік Осетия мен Косовоны мойындаумен тең» деп, Украинамен тез татуласып алды», — деп жазады автор.

Мақала авторы Донбас пен Луганскіге келгенде дәл қазір мұндай позиция танытуына болмайтынын, өйткені жақында Тоқаевтің билігін ұстап қалуға Путиннің көмектескенін естен шығармауы тиіс дегенді алға тартады.

«ҰҚШҰ бейбітшілік күштері Тоқаевтың билікте қалуына көмектескені белгілі. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге бүйрегін бұрып, бірнеше келісімшарттарға қол қойды. Ресей жоғары оқу орындарын ашу, «Росатом»-ға АЭС салуға рұқсат беру сынды ынтымақтастық белгілерін танытты. Ал ең бастысы – екі елдің әскери ынтымақтастығы артты», — деп жазады Половинко.

«Қазақстанның қазіргі мәселесі мынада: Ресейдің жікшіл республикаларды қолдау үшін қай жерге дейін баратынын білмей отыр. Егер эскалация басталса, Қазақстан мен Ресейдің экономикасына зор қысым болатыны анық. Соғыс басталмай жатып, рубль мен теңге құлдырап кетті. Мұндай жағдайда Қазақстан өз тұрғындарына экономиканың неден құлдырап кеткенін түсіндіре алмай әлек болары белгілі», — деп жазады автор.

«Қазір Қазақстаннан ешкім пікір білдір (ДХР мен ЛХР-ге қатысты – ред.) деп талап етіп отырған жоқ. Бірақ «Құдай қосқан көршінің» бұл ісі Қазақстанды әлі тығырыққа тірері хақ», — деп түйіндейді мақала авторы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.