«Мені мақсатыма жеткізген – ауыр еңбек» – дейді абыз қария

0 377

Көпті көріп, тағдырдың талай бұралаң соқпағынан сағы сынбай өткен, оңнан да, солдан да үйірген дауылды тауқыметтің тезіне төтеп берген көнекөз қариялардың ауданымызда азайып бара жатқаны рас. Біздің міндетіміз сол, осы бір ғазиз жандардың ұзақ уақыт көңілге тоқыған тағлымды ғибратын ұлт тірегі – келешек ұрпаққа аманат етіп жеткізу.

Әр пенденің пешенесіне жазылар тағдыры, несібесі, бағы бірдей емес, әрқилы! Сол тасмаңдайға сызылған жазмышқа сәйкес пенде жарық дүниедегі өзіне тиісті сүрлеуін жүріп өтеді екен. Пешенеге жазылған тағдырдың ауыр жүгін мықшыңдап алып өту екінің бірінің қолынан келмесе керек. Оған жұлыны темірдей берік, рухы биік, санасы жүдемеген алланың сүйікті құлы ғана төтеп бере алады. Осындай қиямет қайым қылкөпірден сүрінбей өтіп, абыз жасына алқынбай жеткен арынды ақсақалдар бар ма бүгінде? Әрине бар. Солардың бірі, бірі емес бірегейі қазірде тоқсан жасты алқымдаған Ермекбай Ақылбеков қария.

Өткен ғасырдың 50-ші жылынан ауыр еңбекке жегіліп, 60-шы жылдардан басшылықтың бас жібін ұстаған қайсар азамат қырық жылға жуық аудан экономикасы өрісінің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосты. Зейнетке шыққаннан соң болдым-толдым демеді, 1994 жылдан аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесіне жетекшілік жасады. 90-жылдары аласапыран алмағайып заманда абдыраған ауыл жұртына ақылман болды.

Жуырда абыз атамызға сәлем бере бас сұқтық. Нұрлы көзді, иман жүзді қария әлі де тың, еңсесі еңкеймеген. Ет асым уақыт өзінің өткелге толы өмір жолы төңірегінде сыр шертті атамыз.

-Беу, шіркін, етегінен ұстатпайтын зымыраған уақыт-ай десеңізші! Кеше ғана еді тәй-тәй басқанымыз, міне, көзді ашып-жұмғанша толқынды тоқсанның да шаужайына жармасыппыз. Кейінгі кезде есте ұстау қабілетім де нашарлап, біршама оқиғаларды да ұмыта бастадым.

Сонау аумалы-төкпелі отызыншы жылдары Арқада Әліпбек деген көкеміз ауылсоветтің төрағасы, ал әкемнің інісі Түсіпбек оның хатшысы болыпты. Сол Әлекеңнің кемпірінің айтуынша, әкем Сарыбайға бала тұрақтамай қойыпты. Содан әкем кемпірімен ақылдаса келе оңтүстіктегі киелі Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге тәубе етіп баруға ұйғарады.

Қазір ойлап отырсам не деген жансебіл жанкештілік! Сондағы бар мақсаты олардың, артына қалдырар ізі, түтінін түзу шығаратын, ошағының отын сөндірмейтін ұрпақ жалғастығын, үзбеу боп тұр ғой. Жеті жүз шақырым жаяу жалпылап меңіреу бетпақты қиып өтіп, арып-ашып әупірімдеп Қызылкөлге жетіп жығылады. Сонда әкемнің табанының екі елі терісі сыпырылып түсіпті. Түскен үйлері ас-ауқаты бүтін сол елдің болысының шаңырағы екен. Қазақ қашанда қонақжай емес пе, болыстың ақжарқын бәйбішесі алыстан шаршап, шалдығып келген құдайы қонақтарға ақжарма дастарханын кең жайыпты. Екі-үш күн бел жазып тыныстаған соң қозы көш жердегі баба басына ниеттеніп келген ерлі-зайыптыны апарып түнетіпті. Әкеме түсіне аян еніп, әулие төрт жұмыртқа беріпті. Біреуі шірік екен. Ал кемпіріне еш аян енбеген екен. Елге оралған соң әкей жас әйелге үйленеді. Жастың аты жас емес пе, әдепкіде шау тартқан әкемізді менсінбей жүріпті. Біразға дейін отыз екінші жылдың жайма-шуақ мамырында мен дүниеге келіппін. Үлкен ағайындар айтып отыратын «сен туғанда тума-туыстар бес күн бойы дүрілдетіп той-думан жасаған. Әкең Сарыбай барын аямаған» — деп.

Атамыз Ақылбек кеңес үкіметіне дейін орташа дәулеті бар, елге сыйлы, үлкен бір ауылға старшын болған екен. Ескіше, жаңаша әжептеуір сауатты өз ортасында беделі зор сыпа адам болған. Балалары Сарыбай, Түсіпбек, Жүнісбектерді де хат танитын, жаза білетін дәрежеге жеткізген.

Тарихтан белгілі, Голощекин 1928 жылы қазақтың дәулеттісін де, орта шаруасын да кәмпескелеп, бар малын тартып алғаны. Оның үстіне әрбір түтін басына салықтың неше түрін үйіп-төгіп салып, тіпті тұралатып жіберді. Алдындағы жанбағыс төрт-түлігінен айырылған қара халық тоз-тоз болып басы ауған жаққа босып кетті. Елдің ішін ашаршылық дендеді. Біздің ағайындар да үдере оңтүстікке көшіп жан сауғалады. Мені әкемнің інісі Түсіпбек үш айлығымда ырым етіп бауырына басыпты. Түсіпбек көкем бойы екі метр, салмағы он пұтқа жетеғабыл баяғының Толағайындай ірі болатын. Әрі шымыр да ширақ қимылдайтын пысық кісі еді. Сарыбай әкем қайын жұртына ілесіп Өзбекстан өтіп кеткенде, көкем қазіргі Жаңаарық ауылының іргесіне жетіп, көшін тоқтатады. Ес жинап дамылдаған соң жан-жаққа тоз-тоз болып шашырап кеткен ағайындарды, сонау Өзбекстаннан ағасы Сарыбайды іздеп тауып, осындағы төрт колхоздың бірі – «Көркею» ұжымына кіргізеді. 1934 жылы менен кейін Боранқұл, Ділдәш, ал 1937 жылы Кенжебек інім дүниеге келеді. Алайда Кенже бауырым қызылшадан 1942 жылы қайтыс болады. Әкей Баба басына түнегенде төрт жұмыртқа беріп, оның біреуі шірік болып шыққаны осы екен ғой дедім кейіннен. «Адамның айтқаны келмейді, Алланың айтқаны келеді», — дейді даналарымыз. Бір жаратушыға сыйынып жүрген дұрыс, әсілі.

Сонымен ағайындар бір жерге бас қосқан соң колхоз тірлігі жандана бастады. «Көркею» ұжымының төрағасы Түсіпбек көкем. Әкей де, көкем де жастайларынан ұсталыққа, ісмерлікке жақын еді. Темірден, ағаштан түйін түйіп, ат әбзелдері-ертоқым, айыл-жүген, тіпті аяқ-киім етіктерді де шебер өріп тігетін. Олардың бұл өнері күнделікті колхоз шаруасына көп қолғабысын тигізді. Мен өз ата-анамның тәрбиесін көргенім жоқ. Көкемнің және сол үйдегі шешем Бейбіттің, аялы алақанын, мейірімін сезініп жетілдім. Шешем мені туған баласындай тәрбиеледі, мәпеледі. Түсіпбек көкем колхозды екі жыл басқарған соң, алты айлық заң мектебін бітіріп, ауданда тергеуші болды. Екі жыл қызметтен кейін көрші Шаянға ауысты. Ол кезде Жамбыл облысы Оңтүстік өлкесіне қарайтын. Ал 1939 жылы Сарысу ауданына прокурор болып келді. Бірақ бұл қызметте көп істеген жоқ. Себебі сол, ауданымызға Кавказдан күрділер қоныс аударып келіп жатқан. Олар келе сала жергілікті халықтың шырқын бұзып, зәбір көрсетіп, ұрлық-қарлық белең ала бастағанды. Сол ауылдың атқарушы билігіне де бағынбай өрескелдік үдеп кетті. Жағдай шиеленіскен соң ауданның бірінші хатшысы Көкеев Түсіпбек көкемді қоярда-қоймай күрділер ауылына төраға етіп жібереді. Тоқпағы да, соқпағы да мығым Толағайдай көкем барысымен тентектерді тәубесіне түсіріп, тез арада тәртіп орнатады. Керек десеңіз күрділер бір жылдан кейін қайтқысы келген көкемді басшылардан аттай қалап, сұрап алады. Тағы бір жыл өткеннен кейін «Жаңаарық» колхозына төраға, одан соң Жайылмадағы «Ленин» колхозын басқарды. Қай қызметте болсын қарапайым халықтың тілін тауып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылады. Осы тұста Ұлы Отан соғысының сұрапыл сойқаны шарықтау шегіне жеткен шағы еді. Бүкіл ауыл, ағайын-тума нар тұлғалы көкемді 1943 жылдың мамырында шығарып салғанымыз есімде. Менің де үй шаруасына, колхоз егістігіне қолқанат болуға жарап қалған кезім. Көкем Түркістанда әскери дайындықтан үш ай өткен соң Ленинград өңіріндегі Нарва қаласында жауға қарсы алғашқы ұрысын бастайды. Толарсақтан саз кешіп, сұрапыл шайқаста ұйқысыз түндерін өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетеді. Бірде жан алысып, жан беріскен ұрыс он үш күнге үздіксіз созылады. Ертеңінде қызу шайқас кенет сап тиылып, ұрыс даласын меңіреу тыныштық жайлайды. Көкем кейіннен бұл оқиғаны былайша еске алғаны бар.

-Әудем уақыттан кейін есімді жиып окоптан басымды шығарсам бізді айнала мотоциклге мінген немістер рупормен «Русь сдавайся» деп айқайлап тұр екен. Қасымда өзбек жігітінен өзге тірі қалған жан жоқ, оқ-дәрі де таусылған. Өзбек жігіті екі қолын көтеріп окоптан шығып кетті. Жалма-жан партбилетімді жыртып-жыртып топыраққа көміп тастадым. Шамалыдан соң немістер көліктерін дырылдатып траншеяның жиегіне жақындады. Амал жоқ орнымнан көтерілуге тура келді. Автоматтың дүмімен көкжелкемнен ұрғаны есімде одан арғысы беймәлім. Сөйтіп жау қолына тұтқынға түстік. Бір аптадан кейін мыңға тарта тұтқынды эшолондарға тиеді. Батысты бетке алдық. Екі жұмадай жол жүріп Берлин қаласынан бір-ақ шықтық. Басқаларды білмеймін, мені қала шетінде тұратын бір байшікеш немістің төресі үйіне алып кетіп қоражай шаруасына салып қойды. Обалы нешік, маған жақсы көзбен қарады. Тамақтан қысқан жоқ. Жағдайым анау айтқандай түзелді. Сөйтіп жүргенде Берлинге кеңес әскерлері де жақындап немістер абдырай бастады. Бізді қайтадан эшолондарға тоғытып, немістердің одақтасы Италияға алып келді. Мұнда тұтқындарды шахтадағы ең ауыр жұмысқа жекті. Ас ауқатымызда мысқалдай нәр жоқ. Ауыр еңбектен тұралағандар жығыла бастады. Неге екені белгісіз менің қарным ашпайтын, үнемі өзімді тоқ сезінетінмін. Ауыр жұмыстан да шаршамайтынмын»,- деген еді көкем.

Әкейдің тағы бір інісі Жүнісбек те соғысқа алынып, жұмысшылар батальонында яғни окоп, траншея қазуға және тылдағы ауыр жұмысқа жегіледі. 1944 жылы екеуінен де қара қағаз келді. Қаралы хабарға әкей қатты қиналып күйзеліске ұшырады. Кемел апа бастаған әжелер бір ай бойы дауыс салып жоқтау айтты. Дәукен, Шаймерден молдалар он жеті күн құран аударды. Екеуі де ескіше сауатты еді. Көкелерімнің қырық күндігі, жылы да берілді. Кейін есейген соң аңдап қарасам сол жоқтау мен құран аударудың шапағаты тұтқындағы Түсіпбек көкемнің тоқ жүруіне сеп болған екен ғой. Құранның тылсым қуаты көкемді қиналғанда жебеп отырыпты.

Күндердің күнінде тұтқындағы көкемнің коммунист екендігі әшкере болады. Сөйтсе итальян фашистерінің арнайы қызметінде Кеңес әскерлерінің картотекасы бар екен. Осыдан кейін көкемді тоқпақтауды үдете түседі. Ұзақ күнгі ауыр жұмыстан бір, жөнсіз сабалаудан екі қажыған тұтқындар лагерьден қашуды ойластырады. Бірінші қашқан бес тұтқын артынша қолға түсіп атылады. Екінші бестіктің қатарында Түсіпбек көкем де бар еді. Олар екі-үш ай мұқият дайындалады. Ұрымтал сәті келгенде қапастан сытылып шығады. Ұзақ жолға жарамай екі қашқын қалып қояды да үш тұтқын, арасында көкем де бар, ауыр да азапты күндерді еңсеріп құз жартасты Альпі тауынан асады. Сөйтіп Югославияда орналасқан Кеңес әскеріне қосылады. Әудем уақыт мұнда дамылдап, есеңгіреген естерін жиып, қарын тойдырып әлденеді. Бір ай мұқият тексерістен кейін бұларды фин шығанағындағы Каралефин республикасында орын тепкен Кеңес әскері құрамына жібереді. Бұл жерде де көкемді жан-жақты тексереді.

-Бір күні казарманың алдында отырсам жоғары лауазымды Генерал шенді сардар қасымнан өте берді. Хром етікті аяғына көзім түскені сол, өкшесінің екі жағы терең қажалғанын байқадым. Тәуекел етіп жанына жетіп бардым да «Жолдас генерал сізге етік тігіп беруге рұхсат етіңіз» — дедім. Ол маған асықпай бажайлап қарап «Қолыңнан келсе тырысып көр» — деді. Қажетті бұйымдарды алып, самаурыннан сым тіліп, бір аптада дайын қылдым. Генерал киіп алып әрлі-бері жүрді. Нөкерлері менің мақтауымды асырып жатыр. Өзі де риза болды. «Әй, туземец, шебер екенсің, молодец» — деді де маған елге баруға бір ай демалыс жариялады», — деп еске алған еді ауылға келгенде.

Мен ол кезде 7-класта оқитынмын. Есейгенмін. «Шекарадан өтіп, Кеңес әскеріне қосылдым. Аманмын» — деген телеграмма жеткенді. Ағайын-тума мәре-сәре қуанды, әсіресе әкей егіле жылағаны есімде. Түсіпбек көкемнің көзі жоғында шолақ белсенді ағайындардан біраз теперіш көрген едік. Бейбіт шешем колхозда перме еді. Оның сауатсыздығын пайдаланған колхоз төрағасы ұжым қажетіне деп бір-екі бастан мал алып, қағазға шешемнің қолын қойдыра берген екен. Комиссия келіп тексергенде 99 бас малдың ізі жоқ болып шығады. «Соттатамыз» деп қорқытқан соң әкей абдырап бала-шағаға талғажу етіп отырған қорадағы бар малды беріп жібереді.

Демалыс алып «өлді» деген Түсіпбек көкем келеді ауылға қайта тіріліп. Ұлан-асыр қуанышты думан болды үйде. Тірегіміз, асқар таудай сүйенішіміз келгеннен кейін қаяулы қамыққан көңіліміз жадырап сала берді. Әкей де бауырын құшақтап, көзіне жас ала береді. Аптаның жүзі өткен соң көкем маған «Шақыр колхоз бастығы Еркінбек итті» — деді. Қабағы қарс түйілген. Зырылдап барып сәлемін жеткіздім. Келді. Ұнжырғасы түсіп кеткен. «Әй, қызталақ, мен жоқта отбасыма не істегенсіңдер! Жүсіпбек екеумізді өлді, бітті, жоғалды деп ойладыңдар ма? Бұл қалай, біз майданға кеткенде жанұямыздың амандығын сендерге аманат етіп тапсырған жоқпыз ба? Ал сендер болсаңдар қорғансыздарды басынып тентіретуге шақ қалыпсыңдар. Мен қағаздарды мұқият сараладым, жалған құжатқа қол қойдырыпсың Бейбіттің нашарлығын пайда көріп. Егер тартып алған малымды орнына қоймасаң тура өзіңді итжеккенге айдатамын» — деді көзі шатынап Толағайдай арқа сүйеріміз. Көкемнің мысы басты ма басы салбыраған басқарма ләм деген жоқ. Араға аз уақыт салып малымызды түгендеп әкеліп берді. Біз әрине қуандық. Әділетсіздік, зұлымдық пен сұрқиялылық әлі де бар. Арқа сүйер арашашың болмаса бір күнде «Арқа ауып» кетуің әбден мүмкін. Тек имандылық берсін екі аяқты адамдарға.

Жүнісбек көкем соғыстан қайтпады, қаза болғаны ақиқатқа айналды. Ағайындар жиналып, «Жесірімізді екі баласымен далаға қаңғытып жібермейміз. Ұрпақ біздікі. Сондықтан Түсіпбек, қазақта әмеңгершілік деген бар. Жеңгеңе қосыласың», — деп, келісіміне қарамастан еркінен тыс жеңгесіне үйлендіреді. Ал Бейбіт шешемді көрпе-жастық, дүние мүлкімен төркініне шығарып салды. Даланың жазылмаған заңы неткен қатал еді! Нәресте шағымнан өбектеп, мәпелеп, басымнан құс ұшырмай өсірген, туған баласыңдай аялаған аяулы шешемнен ажырағаныма сенгім келмеді. Бірақ, менде тоқтау айтар дәрмен жоқ. Тек, кетіп бара жатқан көштің соңына қимастықпен үзіле қарап, жанарымнан мөлт-мөлт етіп көз жасы төгіле берді. Шешемнің де мені қимай жандүниесі езіліп, егіліп бара жатқанын тұла бойыммен сезіндім.

1946 жылы жаңа оқу жылын Байқадам ауылында Каганович атындағы орта мектебінде жалғастырдым. Шым балшықтан тұрғызылған интернатта үлкен ақыр жасалған, оның іші сабанмен толтырылған. Сол мамықтай көрінетін сабанды жастанып, бұйығып ұйықтайтынбыз. Таңертең сабақ алдында қуырылған бір кесе бидай, ыстық сумен оразамызды ашып іргедегі мектепке жүгіретінбіз. Кешкі ас мәзіріміз де осындай. Ашқұрсақ болсақ та бар зейініміз, ынтамыз білімде еді. Бәріміздің алдымыздағы арманымыз, мақсатымыз айқын болатын.

Келесі жылы тұрмыстық, материалдық хал-ахуалымыз күрт өзгерді. Ас-ауқаттың мәзірі толығып, ет жейтін болдық. Бөлмелерге көрпе-жастық, керуерт қойылды. Жағдайымыз түзелді. Әкемдей болған, мен десе ішкен асын жерге қоятын Толағайдай жанашыр Түсіпбек көкем өмірден озды. Айтпақшы, әкейдің ең кенже інісі Тұрсынбай көкем Ақмолада приходской училищесін бітіріп, 1935 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтайды. Алайда көп ұзамай құрт ауруына шалдығып ол да бақилық болады. Көнекөздер ол кісінің аса сауаттылығын айтып отыратын.

Елең-алаң 50-ші жылы мен орта мектепті тәмамдадым. Бір жыл мәдениет бөлімінде жұмыс істедім. Келесі жылы әскер қатарына шақырылып, Самарқанд қаласында міндетімді өтедім. Артиллерия полкінде қысқа курстан өтіп, взвод командирінің көмекшісі, старшина шенінде елу төртініші жылы елге оралдым. Жұмысқа тұрайын десем арнайы мамандығым болмады. Әрі-бері ойланып Қаратау қаласына бардым. Әупірімдеп жүріп облыстық комсомол комитетінен жолдама әкеліп жұмысқа тұрдым. Осы жерден менің ұзақ жылғы еңбек жолым басталды. Ә дегеннен гректер мекендейтін барактарда комендант болдым. Одан кейін тың игеру науқаны белең алғанда Ресей, Украинадан келген тың игерушілермен бірге Түркістан совхозының іргетасын қаладық. Ол кезде оның орнында Андреев колхозы болатын. Жұмысшы, бригадир, мәдениет үйінің меңгерушісі қызметтерін атқардым. Айта кетейін, Түркістанның төсіне ең алғаш борозданы біз салғанбыз. Сол жылы яғни 1955 жылы егін бітік шықты. Мақтанғаным емес, ақиқаты сол, мен аудандағы тұңғыш тың игерушімін.

1957 жылы Алматы құрылыс техникумына түсіп, үш жылдан кейін Жаңаарық ұжымшарына құрылыс шебері болып орналастым. Кейін прораб болдым. 1962 жылы екі аудан бірікті. Аудан орталығы Ақкөл селосы болды. Мен алғашында аудандық комхозда прораб, ал бір жылдан кейін бастық етіп тағайындады. Материалдық-техникалық база жоқ. Жұмысты нольден бастауға тура келді. Шындығын айта кету керек, Облкомхоздың басшысы Алексеев маған көп қолдау көрсетті. Кейіннен Луговой ауданы Меркіден бөлініп шыққанда сол ауданға мені комхоздың басшысы етіп жіберді. Ауданның бірінші хатшысы Аққозиевпен тіл табысып, материалдық техникалық базаны нольден жасақтадық. 1973 жылдан туған ауылымда еңбегімді жалғастырдым. Аудандық комхоздың бастығы Фрик прораб қызметіне қабылдады. Мұнда да материалдық техникалық базаның хал-ахуалы мүшкіл екен. Аз мерзімде бұл күрделі мәселенің оң шешімін таптық.

Бір күні Қырықбай Асанов шақырып алып жаңадан ашылған РСУ-ға бастық болып барасың деді. Келіспедім. Өйткені қай жұмысқа барсам да тұралап, тізерлеп жатқан мекемеге тап боламын. Қолдау, демеу болу үшін күні-түні жүгіру керек. Қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы тағы бар. Содан бірінші хатшы С.Нүркенов шақырып алып, «Ермекбай, сенен басқаға сенім арта алмаймыз, осы мекемені жолға қой, көмектесеміз», — деді. Амал жоқ, көндім. Жақсы ұжым қалыптасты. Нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткіздік. Жалпы айтарым, мені мақсатыма жеткізген ауыр еңбек. Мамандығыңа адал бол. Ерінбей еңбектен. Ойын-сауық, той-думан бір күндік. Оған қызықпа. Бұл өмірде мәңгілік ештеңе жоқ, бәрі уақытша.

-Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайтып келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалар,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек, -дейді дана Абай. Бұл өмірдің қатал заңы. Басқа бұрылар жол жоқ. Сондықтан он екі мүшең сау жастық шағыңда еңбектен ажырама. Тырбана бер. Жалқаулық, масылдық жарға жығатынын ұмытпайық.

Шүкір, бес ұл, үш қызды тәрбиелеп, өсірдім. Жиырма тоғыз немерем бар, құдай көпсінбесін. Бәрі үйлі-жайлы. Тұрсын екеуміз солардың тілеуін тілеп жаратушыға шүкіршілік етіп отырмыз. Шаңырағымыздан жақсылық үзілмесін деймін.

Б.Мұхамедқали

Leave A Reply

Your email address will not be published.