Орындалған армандар

0 504

Қазақ халқының алтын бесігі атанған ауылдарымызда кісілік келбеті, сан қырлы адамгершілік қасиеті, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті азаматтық ажарын ашқан жаны жайсаң абзал азаматтар көптеп саналады. «Жақсының жақсылығын айт» дейді дана халқымыз. Ауылдастарының ақ тілекті, пәк көңілді, ақжарма қошамет, ыстық ықылас, ізгі ілтипатына бөленіп жүрген, сезімі сергек азаматтардың бірі Таңатаров Убайда Бекүсейінұлы десек артық айтқандық емес.

Сәлеміміз түзу, көңіліміз жақын, өкшемізді басып жүрген ініміз Убайданы жақсы танимын. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» қарапайым мінезі, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып кететін кішіпейілділігі, ауызын ашса жүрегі көрінетін ақжарқын ақкөңілділігі асыл анасының ақ сүтінен жұғысты болса керек. Сәлеміміздің сәті түскенде ақсары жүзінен күлкінің нұрлы шуағы шашылып, отбасы, жанұя, мал-жаныңа дейін сұрағанда көңілшек көңіліңнің кілті босап, ет-жүрегің елжіреп-ақ кетеді. Көңілі көлдей, жаны жаздай жайдары азаматтың адами қасиеттеріне сүйсінесің, риза боласың. Мінезі жібектей есілген осы азаматпен өткен апта ішінде жолығып қалдым. Өзі тым көңілді екен. Ырыс- дәулеті тасыған ауылдың ақ пейілді азаматы ғой. Ашық-жарқын аман-саулықтан соң кім болмасын өзімсіне сөйлейтін әдетімен ішкі сырын ақтара салғаны бар.

-Аллаға шүкір, тәуба деймін. Пайғамбар жасына жеттім. Жақын күндері зейнет демалысына шыққалы жүрмін. Армансыз адам жоқ қой. Жас кезімде ниет еткен армандарым орындалды. Мен бақытты адамдардың бірімін.

Убайда бауырым осы жүрекке жеткен жылы сөздерді жаны жадырай әрі көңілі толқи айтты. Армандары орындалған жақсы азаматтар жайлы мақала жазғанда бір ғанибет. Өмір және еңбек жолдарынан бұрыннан хабарым бар еді. Қолға қалам мен қағаз алудың сабақты инедей сәті түсті.

Убайда Бекүсейінұлы 1958 жылдың 26 қаңтарында Өзбекстанның Тамды ауданы, Аяқ-Құдық ауылында жарық дүние есігін ашты. Балдәурен балалықтың базарлы шағын Убайда да бастан кешті. Көбелек қуып, доп теуіп, асық атып, асыр салып ойнады. Таяқты тай етіп мініп, желмен жарыса жүгірді. Жеті жасқа толғанда алтын ұя мектептің қасиетті табалдырығын аттады. Партаға отырып, «Әліппе» бетін ашып, әріп таныды. Үлгілі, озат оқушы болуына әкесі Бекүсейіннің ықпалы мен қамқорлығы көп болады. Асқар тау әкесі көзі ашық, көкірегі ояу, мамандығы зоотехник, техникум, институт және Ташкент партия жоғары оқу орнын тамамдаған азамат екен. Ұлының күнделікті сабағын өзі қадағалап отыратын болған. Осындай қамқорлықтың арқасында Убайда 10 жылдық мектепті үздік көрсеткішпен бітіреді. Қолына орта білімді аттестат алған күні әкесі ұлына былай дейді.

-Балам, ат жалын тарттың, азамат болдың. Үлкен өмірдің ұлы көшіне ілесіп, соқпақты да сүрлеулі жолына қадам бастың. Болашағын ойламайтын жас болмайды. Қандай кәсіпті қалап жүрсің? Соны білгім келеді.

Ұлы іркілмей жауап береді.

-Сіздің мамандығыңыз зоотехник. Мен мал дәрігері болғым келеді.

-Сүйген істің сүйініші көп деген сөз бар. Мақсатыңа жет, балам.

Қияға қанат қаққан бозбала Самарқандағы ауыл шаруашылығы институтының мал дәрігерлік факультетіне құжат тапсырады. Ол тұстағы жас түлектерге 3-4 жылдай жұмыс өтілі болмаса оқуға түсу қиын болатын. Сол себепті емтихандарды жақсы тапсырғанымен оқуға қабылданбайды. Сағы сына қоймаған өжет жас Науайы қаласына жол тартады. Автомектептің курсына қабылданып, жүргізуші мамандығын алады. Ауылға келісімен жүк көлігінің тізгінін ұстап, еңбек жолын бастайды. Шаруашылықтың сан-салалы науқандық жұмыстарына белсене қатыса жүріп, үш жыл қатарынан ауыл шаруашылық институтына құжат тапсырады. Әйтеуір, жоғары оқу орнына түсуге жолы болмай қояды. Тауы шағылғандай көңіл күйі орта түскен ұлына әкесі:

-Армандар бірден орындалмайды. Жақсылықтың ерте кеші жоқ. Келешегіңе, алдағы атар ақ таңдарыңнан үкілі үмітіңді үзе көрме, балам,-деді.

Көпті көріп, көненің көзі болған әке сөзі қуат берді. Жүрегіндегі үміт отын маздатты. Терең ойға шомылды. «Төменнен бастайыншы» деген ниетпен зооветтехникумға түсті. Жоғары үлгеріммен оқып мамандық алды. Өз ауылындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленин атындағы кеңшардың №1 фермасына мал маманы веттехник боп жұмысқа кірісті. Өмірге ғашық, білімге құштар Убайда 1980 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының күндізгі бөліміне құжат тапсырды. Еңбек өтілі мен іс жүзінде тәжірибесі мол жасты институт басшылығы оқуға бірден қабылдады. Бұл оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, мал дәрігері мамандығын алып шықты. Албырт жас кезіндегі балауса арманы араға бірнеше жылдар салып барып осылайша жүзеге асты.

Ферманың мал дәрігері боп іске кіріскен У.Таңатаровтың жемісті еңбектері аудан басшылары назарынан тыс қалған жоқ. Көп уақыт өтпей аудандағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналған кеңшардың бас мал дәрігері қызметіне тағайындалды. Убайда бұл жауапты қызметке белін бекем буып, білек түре кірісті. Әрбір дәуірдің саясаты өз үстемдігін жүргізетіні баршаға аян. Ол тұста жоғары қызмет атқарған соң партия қатарына өту міндет. Убайданың партия қатарына өтуіне аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Марат Сүлейменовтың өзі мұрындық болды. Қызмет бөлмесінде мал дәрігерлік қызметтің айлық есебін жасап отырған еді. Бөлмеге бірінші хатшы мен кеңшардың партия ұйымының хатшысы Ықылас Төлегенов кіріп келді. Убайда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Сүлейменовты сыртынан талай мәрте көргені болмаса бетпе-бет жүздесіп, тілдескен емес еді. Лауазымы жоғары кісі келген соң орнынан шапшаң көтеріліп қос қолдап сәлем берді. Сыпайылық танытып, «жоғары шығыңыз» дегендей орындығын меңзеді.

-Қызмет бөлме, орындық сенікі. Өзің отыра бер,-деп күлім қаға сөйлеген М.Сүлейменов басқа орындыққа жайғасты.

Убайданы кеңшардың партком хатшысы Ықыластың өзі таныстырды.

-Шаруашылықтың бас мал дәрігері Таңатаров Убайда деген азаматымыз осы,-деді.

Бірінші хатшы енді Убайдаға назар аударып тілге келді.

-Жағдайларың қалай?

-Өте жақсы.

-Ылайым өте жақсы болсын. Қай институтта оқыдың?

-Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтында.

-Мамандығың қандай?

-Мал дәрігері.

-Қоғамдық төрт түлік малда індетті аурулар жоқ па?

-Жоқ,-деді Убайда көңілді дауыспен.

-Онда дұрыс екен. Партияда барсың ба?

-Әзірге жоқпын.

-Жолдас Төлегенов, бұл жігіттің жұмысы жақсы екен,- деді бірінші хатшы кеңшар партия ұйымының хатшысына жүзін бұрып,- Партия қатарына өткізейік. Келесі аптаның сәрсенбісінде өтетін аудандық партия комитетінің бюросына келіңіздер.

-Жарайды,-деді Ықылас.

Аудандық партия комитетінің бюросында Убайдаға ешқандай сұрақ қойылған жоқ. Бірінші хатшы М.Сүлейменов бюро мүшелеріне еңбек жолдарын өзі таныстырды.

-Партия қатарын жас кадрлармен толықтыруымыз керек. Бұл жігітті мүшелікке қабылдайық,-деді.

Бюро мүшелері бірауыздан «мақұл» десіп қуаттай жөнелді. Убайда осылайша ойламаған жерден партия қатарына қабылданды. Бұл 1987 жылдың көктемі еді. Арада екі ай өткен соң қоғамдық негізде кеңшар партия ұйымы хатшысының орынбасары болып сайланды.

Күндер айға, жылдар жылға жалғасып өтіп жатты. Сынаптай сырғыған көп күндердің бірінде әкесі Бекүсейін етжақын ағайындарын үйіне арнайы шақырып, бастарын қосты. Салиқалы әңгіменің желісін тартты.

-Қоғамда не болып жатқанын өздеріңде сезіп, біліп отырған боларсыңдар. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Саясат танушылар «Кеңес одағы ыдырайды» деген болжамды айтып жатыр. Өзбекстандағы орыс, неміс тағы басқа ұлт өкілдері өз отандарына көшіп те жатыр. Біз де қапы қалмайық. Қалың қазақ еліне көш бетін түзеуге қам жасайық, бауырларым. Келешек ұрпақ өз елінде өссін.

Жүректерін атажұртқа деген сағыныш сезімі тербеген ағайындар қуана келісті. Атамекен Сарысу ауданына алдын ала үш адам барып келетін боп келісім жасалды. Олар кәсіптік техникалық училищенің директоры Орынбек Құлымбетов, мектеп мұғалімі Келдібай Жолдасов және Убайда Таңатаровтар болды. Әкесі Бекүсейін 1991 жылдың 15 тамызында қазақ еліне бағыт алған үшеуіне жолға шығар күні сәтті сапар тіледі.

-Жолдарың болсын. Тараз қаласына ат басын іркесіңдер. Мойынқұм ауданын жиырма жылдай басқарған, зейнет демалысына шыққан Назарбеков Айтбай ағаларың осы қалада тұрады. Ат басын елағасы атанған осы кісінің үйіне тіреп, сәлем бересіңдер. Шаруаларыңды айтасыңдар. Арғы жағын Айтбай ағаларыңның өзі реттейді,-деді.

Убайданың жеке иелігіндегі «Лада» автокөлігіне тақым басқан үш жолаушы 1250 шақырым жолды артқа тастап Тараз қаласына жетті. Ел ардағы атанған Айтбай қария алыстан ат терлетіп келген ағайындарды құшақ жая қарсы алды. Жол сапардың мақсатын білген соң:

-Алдымен мейман болып, дәм-тұз татыңдар. Сарысуға өзім бастап барамын,-деді.

Бұл кезде Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркінбек Солтыбаев еді. Айтбай Назарбеков басқарып келген кісілерді қарапайым мінезді Еркінбек көңілді қарсы алды. Өзі бюро мүшелерімен бас қосып, жиын өткізіп жатыр екен. Қонақтардың шаруасын танымал тұлға А.Назарбековтың өзінен естіп білген соң тіптен көңілденіп сала берді.

-Елге ел қосылғанда бір ғанибет. Атажұртты аңсап келер ағайынға құшағымыз айқара ашық. Көшіп келген әрбір отбасыға жан-жақты жағдайлар жасауға әзірміз. Мамандықтарына орай қызметтері де дайын,-деді.

Осы жылдың маусым айында жеті отбасы атажұртқа Сарысу ауданына көш бетін түзеді. Елге ел қосылды. Атамекенді аңсап келген ағайын қазақтың қасиетті жерінде, туыс-бауырлардың ортасында қоныс тойын тойлады. Әкенің аманаттай өсиеті, Убайданың асыл армандарының бірі осылайша орындалды. Арада бірнеше ай өткен соң бүкіл қазақ халқы аңсаған Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атты.

Убайданың бұдан кейінгі өмірі төскейі төлді, егісі дәнді, шабындығы әнді Игілік ауылында, ақжарқын ағайынның ортасында өтті десе де болады. Өзіне тапсырылған жауапты қызметтердің бәрін де осы алтын бесік ауылда жүріп атқарды. Атап айтқанда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бас дәрігерінің орынбасары, Игілік ауылдық округінің бас мал дәрігері, Сарысу ауданы аумақтық инспекциясының бөлім бастығы, бас маман, ауданның бас мемлекеттік ветеринарлық инспекторы, Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының Сарысу аудандық ветеринарлық станциясы директорының орынбасары қызметтерін мінсіз атқарды. Жемісті еңбектеріне орай жоғары тиісті орындардан алған құрмет, мақтау грамоталары өз алдына бір төбе.

Убайданың ат жалын тартып, азамат болғаннан кейінгі бір арманы отау үй тігіп, жанұялы, балалы-шағалы болу еді. Бұл ниетіне де бір Алла жеткізді. Өмірлік серігі Полотова ГауҺарай екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Балапандай мәпелеп, ұядан қияға қанат қақтырды. Бәрі де жоғары білім алып, өз мамандықтарына орай әр салада еңбек етіп жүр. ГауҺарайдың да өмір, еңбек жолдары өнегелі болды. Жоғары білімді ұстаз болып, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Бүгінде Убайда мен ГауҺарай бірі ата, бірі әже атанып, жаннан тәтті немерелер сүйген бақытты жандар.

Аңсаған армандары орындалған азамат У.Таңатаров жайлы бір үзік сырымыз осындай. Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.