ДУЛАТ ИСАБЕКОВ: Халқымыз әлі қайыршының күйін кешіп келеді
Отыз жыл бойы мақтанып келдік. «Түркіменнен, өзбектен озып кеттік, ТМД елдерінен асып түстік, Шығыс Еуропа мемлекеттерімен қатарласып қалдық, озық отыз елдің қатарына қосылдық» деп ресми хабарлап та жібердік. Қайда қосылғанымыз?! Халқымыз әлі қайыршының күйін кешіп келеді.
Кеше митингіге «бұзақы», «оңбаған» жастар шықты деді. Бірақ олар неге шықты? Олар әбден ашынғаннан шықты. Кедейліктің шыңына жетіп шықты. Не жұмыс жоқ, не алатын жалақысы аз. 50-60 мың теңгеге қалай күн көреді? Әлдеқандай етіп төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 мыңға көтердік деп жария етті. Айналайындар, 60 мың теңгемен кім өмір сүреді?!
Өткенде екі баласы бар, күйеуі жоқ көше сыпырушы әйел телеарнадан сөйлеп жатыр. Қара нан мен қара суды талғажау етіп отырғанын айтты. 60 мың теңгемен екі баланы қалай асырайды? Ертең күйініп, екі баласын терезеден лақтырып жібермейтініне кім кепіл? Бұған дейін үш баласын 9 қабаттан лақтырып, артынан өзі де секірген әйелдің өлімі бүкіл қазаққа қан жұтқызды. Сол отбасы 15 мың теңге кредит алып, қиындыққа тап болған. Өз халқымызға қалай жанымыз ашымайды?
Осыдан үш жыл бұрын жоқшылықтың салдарынан бес бала өртеніп кетті. Осының бәріне себеп – жоқшылық. Жоқшылық жұрттың шыңына жетті. Бай байыған сайын, кедей кедейленіп жатыр. Сол себептен де халық ашынды. Ашынған адам ештеңеден тайынбайды. «Мә, саған» дейді де, үйіңді де бұзады, көлікті де өртейді, дүкенді де тонайды.
Кеңес үкіметі кезінде үш бала туған анаға перзентхана үйінен шығарда үш бөлмелі пәтердің ордерін беретін. Қазір 3 бала тұрмақ, 10 бала туса да ешкімнің шаруасы жоқ. Ана мен балаға немқұрайлы боп кеттік. Әншейінде Ресей насыбай иіскесе, біз түшкіреміз. Солардың бүкіл реформасын қайталаймыз. Ұлтқа керек емес жағын аламыз. Бірақ Путиннің аналарға жасап жатқан жақсылығын «Ана капиталын» қабылдағымыз келмейді. 60 мың теңгені әлдеқандай қылып жатырмыз. Ал олар жаңа туған нәрестеге 250 мың рубль жәрдемақы төлейді.
Өзбек халқы сияқты ұлтқа жаны ашитын басшы келмеді. Олар демографияға сонау жылдары-ақ көңіл бөлді. Ал біздің мұнымен шаруамыз сол кезде де болған жоқ, тәуелсіздіктен кейін де болған емес. Қайта билік қазақтың көбеюіне қарсы болды.