Мәсімовтың маскасы шешілді

0 1 811

«Ашық әңгіменің» бүгінгі қонағы белгілі ақын, қоғам қайраткері, көші-қон саясатының жанашыры Ауыт Мұқибек. Кейіпкеріміз елдегі соңғы оқиғалар мен реформалар туралы айтып берді.
– Ауыт Мұқибекұлы, «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін «Жаңа үкімет», «Жаңа Қазақстан» деген сөздер көп айтылып жатыр. Осылардың аты ғана жаңа болып қалмай ма?
– Өзіңіз де естіп жатырсыз, президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық сарапшылардың тұжырымына сүйене отырып, «Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы – 162 адам иелік етеді» деп мәлімдеді. Сонымен қатар халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын да атап өтті.
Бір жағынан, қарап отырсақ, бүкіл Қазақстан отыз жыл бойы осы 162 адам үшін жұмыс істепті. Халық пен мемлекет осы 162 адамнан асқан аз ғана дүниемен күн кешіп келіпті. Бүкіл парламент солардың мүддесі үшін заңдар қабылдаумен болыпты. Атақты Шерхан Мұртаза мен Амангелді Айталыдан бастап, бүгінгі Қазыбек Иса мен Нұртөре Жүсіпке дейінгі депутаттар сол заңдарды қолдап, дауыс берген екен. «Тіл-тіл!» деп Мәжіліске барған Мұхтар Шаханов пен Оразгүл Асанғазықызының тілдері буылып қайтқанын бұрын айтқанмын, бүгін қайталамай-ақ қояйын. Тау төңкерердей болып жүрген Айдос Сарым мен Ерлан Саировтың да үні шықпай қалыпы. Бүгінгі Нұрлан Нығматулин мен Мәулен Әшімбаевқа дейінгі мәжіліс пен сенаттың төрағалары ол заңдарға бір ауыз қарсылық көрсете алмады. Бүкіл сот пен прокуратура оларды тектеген жоқ, «Бәледен аулақ!» деп, көрсе де көрмеске салумен болыпты. Ащы да болса, шындық – осы!
Қысқасы, «162-ім» бір төбе, қалғанымыз бүр төбе болып, отыз жылды өткізіппіз ғой. Бұл – мемлекеттік трагедия! Сол булыққан, өзегін ашу мен ыза кернеген топтың ішінде Сіз де, мен де, Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі де болды.
Әділеттілік үшін тағы бір мәрте қайталап айта кетейін, 2018 жылы «Заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан, жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан, заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр…» деп, ресми биліктен тек бір адам ғана өз ойын ашық айтты.
Ол – сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев болатын. Тоқаев сол жолы Жоғарғы палатада заң шығару процесін жетілдіру мәселелері бойынша өткен үкімет сағатында Үкіметтің заң жобаларын әзірлеуі мен оның парламентте қабылданып, жүзеге асырылуы арасындағы он кемшілікті жіпке тізе отырып, көрсетіп берген болатын-ды.
Өкінішке қарай, ол кезде «Жалғыздың» үні шыққанымен, шаңы шыққан жоқ. Шаңды «Қасіретті қаңтар» оқиғасы аспанға бірақ шығарды. Осы күн келмеске кетуі керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін асқан сабырлықпен бәріне шыдап келді. Енді ары қарай, мүлде бөлек, батыл шешімдер қабылдайды. Тіпті бастап та кетті. Өзі сенген адамдарды жауапты қызметтерге қойып, командасын жасақтады. Отыз жылдық тоңды бір күнде төңкеріп тастау қиын. Және ол тоңды жылы алақанмен жуыр маңда жібіте де алмайсың. Сол үшін Мемлекет басшысы қатаң мінез таныта бастады әрі өте дұрыс бағыт ұстанды.
Ол бағыт – «Қазақстан халқына» қорын құрып, «162-ге» табысын халықпен бөлісіп отыруға мүмкіндік беру. Халық та сабырға келіп, президенттің осы шешіміне тоқтап отыр. Бұдан былай «162-ің» ықпалымен президент әкімшілігі күзеп-түзеп берген заңдарды парламент нотариус ретінде бекітіп беретін заманды доғарып, парламенттің дербес заң шығару құқығын қалпына келтіретін уақыт туды. Себебі, қолданыстағы заңдармен жаңа үкімет көсіліп жұмыс жасай алмайды. Өзіңіз де байқаған боларсыз, жаңа Үкімет жасақтала салып, парламент жеке қосалқы шаруашылық, тұрғын үй саясатын реформалау, экологиялық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге бағытталған онға таяу заңға жедел өзгертулер мен толықтырулар енгізе бастады. Алла қаласа, алдағы екі жылда президент мемлекеттік құрылымға түбегейлі өзгеріс жасайды деп ойлаймын.
– «Қазақстан халқына» қоры деп қалдыңыз, осы қор жайлы айтыңызшы, ол тағы да билік басындағылардың әмиянына айналып кетпей ме?
– Жоқ! Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев ешқашан жол бермейді. Бұл жағынан мен сенімдімін. Қазір мен сол Қорға қанша ақша түседі және ол қандай бағытта жұмыс істейді деген мәселені ойлай бастадым. Қор басшысы Болат Жәмішевтің айтуына қарағанда, Қорға – 150 миллиард теңге түседі деген болжам бар. Қазақстанның жарты байлығын бауырына басып отырған 162-байдың ішінен әлі күнге дейін біреуі суырылып шығып, аталған Қорға 1,5 миллиард доллар, тіпті 1 миллиард доллар атауға жараған жоқ. Бәрі тышқаншылап отыр. Мүмкін, алдағы күндерде қомақты-қомақты қаражаттар түсетін шығар.
Ал, Қордың қандай бағытта жұмыс істейтіні әлі белгісіз. Мен Үкіметке, президентке ақыл айтудан аулақпын. Дегенмен, өз ойымды білдіргім келеді. Қазіргі таңдағы ең бір басты проблема – жұмыссыздық.
Қор қаражаты осы мәселені шешуге көмектессе екен деймін. Бұл жерде, баяғыдай, құлыбаевтардың құлқыны үшін жасалып келген «ұлттық жобалардан» гөрі, жұмысты қарапайым отбасылардың ауласынан бастаған жөн болар еді. Мемлекеттің нарықтық жүйеге көшкеніне отыз жыл болғанымен, біздің халық осы күнге дейін «Жұмыс» дегеннің не екенін әлі толық түсініп болған жоқ. Біреудің басқаруымен жұмыс істейтін кеңестік кезеңнің ұжымдық шеңберін аңсайтындардың қарасы өте көп. Тек,  Қытай мен Маңғолиядан оралған қандастарымыз ғана өз бетімен өмір сүрудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Қор қаражатымен ауылдағы тұрғындардың ауласына шағын болса да заманауи жылыжайлар мен мал қораларын, құс өсіретін ұяшықтар салып беру қолға алынса, түрік пен кәрістің сериялын көруден көзі, «саясаттан» аузы босамайтын азаматтардың қолы қимылдап, еріндері аққа тиер еді.
Сөйтіп, күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пен көкөніс өзімізден өндіріле бастайды. Егер, Үкімет Қор қаржысымен осы бағытта жұмыс істеймін десе, ол жұмысты алдымен шекаралық аймақтардан бастағаны дұрыс. Сосын бірте-бірте орталыққа қарай ойыстыруға болды. Бұл – бір.
Екіншіден, ауыл тұрғындарының жер телімдерін алу, кәсіпкерлік үшін нысандар ашу шартын барынша, жеңілдететін кез жетті.
Сонда барып, президент айтқан айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын халық қабілетіне қарай жұмыс істеп, еңбегіне қарай табыс табатын жолға түседі. Әйтпесе, халық бұдан бетер саясиланып кетеді де, Үкіметке ауыз аша береді.
– Халық бұдан бетер саясиланып кетеді дейсіз, онда азаматтық қоғамның белсенділігі әлсіреп кетпей ме?
–  Жоқ, бұл екеуі екі басқа ұғым. Сіз менің есіме азаматтық қоғамды жақсы салдыңыз. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы басталғалы бері, кім не айтпады дейсіз, жұрт ойындағысының бәрін ортаға салып жатыр. Соның ішінде, осы Сіз айтып отырған азаматтық қоғам және оның жетекші тұлғалары туралы әңгіме менің назарымды қатты аударды.
Алматыдағы топалаң басталған сәтте, Қырғыз Республикасының  көрнекті қоғам және мемлекеттік қайраткері Өмүрбек Текебаев Қазақстанда туындаған мәселе туралы өз ойын айта келіп,  «… элдик көтөрүлүштү жетектеген, алардын аракетин координациялаган жоопкерчиликти өзүнө алган, жалпы казак элине таанылган, ишенимине ээ болгон оппозициялык күч, оппозициялык лидерлер жок болуп чыкты. Казактын жер алдындагы байлыгы кандай болсо, оппозициялык-альтернативалык күч так ошондой улуттук байлык», деді.
Өмүрбек Текебаевтың осы сөзін біраз күннен кейін біздің депутат Берік Әбдіғалиұлы да қайталады. Басқа саясатшылар да айтып жатыр… Өмүрбек Текебаев өте жұрыс айтып отыр, біз мемлекеттің жер асты-үстіндегі байлығының тең жарымын 162 адамға тонатып қана қоймай, тұлғадан да тұржағұм қала жаздаған ел екенбіз.
Қырғызстанда үш мәрте төңкеріс болды. Үшеуінде де мемлекет жоқ  болып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Қырғыз мемлекетін сол қатерден құтқарып қалған – оппозициялық бағыттағы саяси күштер және Ө.Текебаев секілді олардың жетекші тұлғалары. Ел басына күн туғанда, олар көзқарастарының ұқсамастығына, ұстанымдарының басқа-басқа болғанына қарамастан, бір үстел басына жинала кетіп, жауапкершілікті біреуі мойнына алады да, биліктің легитимділігін қаматамасыз етіп беріп отырды. Бұл – бір.
Екінші, Өмүрбек Текебаев өзін жалған жаламен түрмеге қаматып, сегіз жылға соттатқан Алмазбек Атамбаевты мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың бүтіндігі үшін кешіріп, реті келгенде, оның еңбектерін бағалап, айтып келеді. Қазіргі президент Садыр Жапаров шетелдіктерге сатылып кеткен Құмтөр алтын кенішін мемлекетке қайтарып аламын дегенде, бірінші болып қолдаған – Өмүрбек Текебаев.
Қазақстанда оппозиция болмады емес болды. Мысалы, Серікбосын Әбділдин ақсақал дүниеден озғанда, ол кісіні «Оппозицияның серкесі еді…» деп шығарып салған жоқ па жұрт. Қазір де бар. Өкінішке қарай, мемлекет «162-ні» қалай әуектетсе, оппозицияны солай жоқ қылумен, аузын буумен келді. Тіпті жау санап келді. Демек, ендігі жерде біздің оппозиция өкілдеріне де қырғыздар секілді  ірілік пен бірлік ауадай қажет. Әсіресе, бүгінгі таңда. Көріп отырмыз, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов «мемлекетке сатқындық жасады» және «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген күдікпен ұсталды. Құдай оның бетін ары қылсын, «Қасіретті қаңтар» оқиғасы мемлекеттік төңкеріспен аяқталса, билікке кімдер келер еді?!
Әрине сорымызды қайнатып, «162-ні» қорғаштап келген топтың өкілі билікті қолына алатыны сөзсіз!
Құдай сақтап, Қ.Тоқаев өз билігін сақтап қалды. Бірақ, бұл – мәсімовтер тобы осымен келмеске кетті деген сөз емес. Өзін оппозиция деп санайтын тұлғалар, ең алдымен, мәселенің бұл жағын есінен шығармауы керек. Әңгіменің бір саласы қырғыздар туралы болып кетті ғой, тағы бір жағдайды айта салайын.
2010 жылы Ош қаласында ұлтаралық қақтығыс туындап, қырғын болды. Сол кездегі Қырғыз уақыттық үкіметі Ошқа ішкі істер министрлігінің орынбасары, генарал Құрсан Асановты жіберді. Жап-жас генерал Құрсан Асанов автоматын мойнына асып алып, қырғыз бен өзбектің арасында жүрді. Жұртты өз пікіріне иландырып, сол оқиғаны тыныштандырып қайтты.
Айтпақшы, экс-президент А.Атамбаев Қойтастағы хан сарайында қарулы бекініс құрып алып, мемлекетке қатер төндіргенде, оған тіке кіріп, алып шыққан генерал тағы Құрсан Асанов болатын-ды.
Жердің кеңдігін айтпағанда, біз халқымыз жағынан Қырғыздан үш есе көп жұртпыз. Кешегі «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде біздің ішкі істер министріміз Ерлан Тұрғымбаев немесе оның бір орынбасары халықтың арасына барып, екі ауыз сөз айтуға жарады ма?! Жоқ! Олар Қытайдағы туыстарын босатуды талап еткен бес кемпірге мықты! Сол байқұстарды қолтығынан алып, дедектетіп сүйрелеуден басқа өнерін көрген жоқпыз. Одан қалса, оппозиция өкілдерін…
Қысқасы, алаңға шығып, екі ауыз сөзбен жұртты иландыра алатын тұлға оппозиция тұрмақ, биліктің өзінде де жоқ! Бұл да мемлекеттің отыз жылдағы бір зор жоғалтуы – үлкен трагедиясы! Сол үшін, мемлекет ендігі жерде сөз бостандығы мен ой еркіндігіне тұсау салмағаны жөн. Егер, парламентте талас-тартыс көп болса, көшеде шу болмас еді! Парламенттік оппозиция институты енгізілді, енді парламентте де, халықта да интеллектуалды оппозиция болуы керек бізге!
– Президент қыркүйектегі кезекті Жолдауымда азаматтық қоғаммен және сарапшылармен кең ауқымды және сындарлы диалог негізінде әзірленетін саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынамын деді. Сол саяси реформалар партияларды айналып өтпесі анық. Сіз Ұлттық кеңеске мүше болдыңыз, билік партиясында қызмет істеп келесіз. Осы тұрғыдан пікіріңізді білгім келіп отыр.
–  28 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі ашылады. Біраз мәселенің басы сонда ашылады деп ойлаймын. Саяси реформаның ауқымы кең. Әрине қандай саяси реформа жүргізетінін Президент өзі біледі және қалай реформа жүргіземін десе, оған қуаты да, тәжірибесі де жетіп тұр.
Менің тек партиялар мен сайлау жүйесі туралы ғана айтқым келіп тұр. Өз басым, ендігі жерде «Билік партиясы» дегеннің болмағанын қалаймын. Барлық партияларға тең мәртебе беріліп, билікке партиялар әділ бәсекелестік арқылы жетуі керек. Ол бәсекелестік бүгін-ертең туа қалмасы мүмкін. Бірақ, осы бастан бастай берген дұрыс. Сондай-ақ партиялардың Үкімет есебінен қаржылануын да құптамаймын. Бұл – менің өзім мүше болып отырған партияны ұнатпағандығымнан айтылған сөз емес, уақыттың талабы.
Азаматтық қоғам мен биліктің дәнекері және қоғамды алға жылжытатын күш – шын мәніндегі бәсекелес партиялар. Партияның көп болғаны және орлардың ұстанымдарының әр түрлі болғаны жақсы. Депутат Берік Әбдіғалиұлының мәжіліс депутаттарының жарымын бір мандатты жүйе арқылы сайлау керек деген пікірін естіп қалдым. Ал Әкежан Қажыгелдин ағамыз тұтасымен бір мандатты сайлау жүйесін қайта енгізуді айтып жатыр екен. Ол да дұрыс шығар.
Мен парламент үйін көп жағалаған азаматпын. Алматы облысынан сайланған бір сенатордың кабинетінде отырып алып, камера арқылы ауылдағы шаруашылығын бақылап отыратынын жақсы білемін. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы өткізген праймеризде ауқатты адамдар мен қолында билігі бар тұлғалардың басым дауысқа көбірек ие болғанын көрдік.
Егер, бір мандатты сайлау жүйесі қолданысқа енсе, онда мәжіліске кілең ескі шенеуніктер мен ауқатты адамдар келеді.
Сол үшін, «Сайлау туралы» заңға сайлау бюллетеньдеріне партиялар ұсынған кандидаттардың ішінен сайлаушылардың өзі қалаған депутатын таңдап алатын мүмкіндік тудыратын норма енгізілсе, партиялар ұсынатын кандидаттар санын 51-ден асырмайтын шектеу қойылса, сайлауға аттанған  партиялар арасында нағыз бәсекелестік өздігінен туындайды.
Мұндай реформа – сапалы депутат таңдауға мүмкіндік туғызып қана қоймай, халықтың осыған дейін тапталып келген конституциялық құқығын қалпына келтірер еді. Сосын, мәжілістің тоғыз депутатын ассамблея арқылы сайлайтын норманы жоғалту керек.
– Соңғы сұрақ. Сізден сұхбат алып отырып, көші-қон туралы сұрамау жараспас. Жаңа Қазақстанның көші-қон саясаты қалай жалғасады деп ойлайсыз?
– Президент «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейінгі парламент мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Көші-қон, соның ішінде, ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді», – деді. Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзін әу баста айтқан «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» – деген сөзінің заңды жалғасы және сол мақсатын орындау үшін берілген тапсырма деп қабылдадым.
Көші-қон процестерін реттеуге арналған заң жобасы қазір мәжіліс талқысына түсті. Тұсауы кесіліп қойды. Үнемі айтып келемін, 2007 жылы Кәрім Мәсімов премьер-министр болып келген күннен бастап, Тимур Құлыбаевтың қансорғыш тобы күшейе бастады. Олар бірінші болып шеттен келетін қандастарымыздың көшіне шүйлікті. Президент әкімшілігі арқылы көші-қонға қатысты заңдарды реттеуге көмескі жолмен араласып, кедергілерді көбейтті.
Шынын айтсам, көші-қонға қатысты заңдар Тимур Құлыбаев тобы енгізіп кеткен сол кедергілерден әлі айығып болған жоқ. Бір мысал келтірейін. Қандастарымыз тұрақты тіркеуге тұрарда, көші-қон қызметі полициясы олардан келген елінде жасаған қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының бар немесе жоқтығын дәлелдейтін анықтама талап етеді. Бұл – қандастарымызды әуре-сарсаңға салу, көші-қон қарқынын баяулату үшін сол құлыбаевтар тобының арнайы жасаған кедергісінің біреуі.
Тұңғыш президенттің пәрменімен 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап осы анықтама Қытайдан келетін қандастарымыздан талап етілмейтін болды. Міне, содан бері төрт жыл өтті, Қытайдан келген қазақтардан ішкі істер органдарына ешқандай қауіпті оқиға тіркелген жоқ. Есесіне, қандастарымыздан күдіктенген Мәсімовтің өзі күдікті болып шықты.
Сондықтан мәжіліс осы жолы көші-қонға қатысты заңдар мен нормативтік құжаттардағы осындай қолдан жасалған кедергілерді түгел алып тастауы керек. Тәжірибелі маман ретінде, мен Жұлдыз Сүлейменова мен Берік Әбдіғалиұлына екі-үш ұсыныс дайындап бердім. Енді Еділ Жаңбыршинмен келісіп қойдым, ол кісіге де біраз ұсыныс жөнелтпекшімін.
Бұл – көші-қонның заңдық жағындағы мәселелер. Ал әкімшілік басқару жағына келсек, президенттің тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ішінен арнайы Көші-қон комитеті дербестендіріліп құрылып жатыр. Ол комитетке біраз құзыреттер берілмек. Бұл да жақсылықтың нышаны. Қысқасы, Қазақ көші қарқын алмаса, тоқтамайды!
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан: Жарас Кемелжан
«Абай-ақпарат»

Leave A Reply

Your email address will not be published.