Жолдың бұзылуы – ауыр жүк көліктерінен
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қаржылық қиындықтар қос бүйірден қысып тұрғанда жол жөндемек түгілі, халықтың күн көруінің өзі қиындап кеткені рас. Одан кейін мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсіп, ел әлеуеті артқан кезден бастап ойдым-ойдым жолдардың жөнделуіне мүмкіндік туды. Қазіргі таңда жыл сайын жүздеген, мыңдаған шақырым жол жөндеуден өтеді. Бірақ биыл жөндеуден өткен жолдың келер жылы қайтадан тоз-тозы шығуының себебі неде? Жолдың сапасыз салынуынан ба, әлде бөлінген қаржының дұрыс игерілмеуінен бе? Жол сапасыз салынып жатса олқылықты дер кезінде анықтайтын тиісті мекемелер бар емес пе? «Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық салдарынан бюджет қаржысы талан-таражға түсіп, асфальт-бетон қосындысына қажетті қоспалар тиісті деңгейде қолданылмаған» деп топшылау үшін де айғақ керек. Қалай десек те жөндеуден өткен жолдың жыл құрғатпай талқандалуы тегін емес.
Осы орайда біз жолдың сапалы салынуына тікелей қатысы бар Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалына қайырылу арқылы көкейде жүрген сұрақтарға жауап іздеген едік. Аталған филиалдың инженері Ахметжан Бименов мекеме мамандары қандайда бір кемшілік анықталса, тапсырыс беруші тарапқа хат жолдайтындарын айтты. Ары қарай олқылықты реттеумен тиісті мекемелер айналысады екен.
Өткен жылы мекеме мамандары республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарға 1038 мәрте тексеру жүргізіпті. 275 нысанға іссапар жасалып, жұмыстың және материалдардың сапасын сараптау үшін 1349 жол құрылыс материалдары алынып, сынама жасалған. Кеткен кемшіліктер бойынша тиісті орындарға 151 ескерту жіберілген.
– Ағымдағы жылы республикалық маңызы бар автожолдарға 289 мәрте іссапар жасалып, 270 жол құрылыс материалдары сынақтан өткізілді. Тапсырыс беруші мекемелермен әлеуметтік желі арқылы байланыса отырып 51 ескерту берілді. Бүгінде барлық ескертулер жойылды. Жергілікті маңызы бар автожолдарда 10 нысан тексерілсе, 5 рет іссапарға шығу арқылы автомобиль жолдарынан алынған 74 жол құрылыс материалдары бойынша тиісті тарапқа 3 ескерту берілді, – дейді Ахметжан Мәмбетжанұлы.
Инженердің айтуынша, сапасыз жол дер кезінде анықталып, олқылық қалпына келтіріліп жатқан сыңайлы. Демек жолды бүлдіріп жатқан ауыр жүк көліктері деген тұжырыммен келіспеске амалымыз жоқ. Ал облыс бойынша көлікті бақылау инспекциясы қандай уәж айтатынын білмек мақсатта аталған мекемеге бас сұқтық. Ондағы көліктерді бақылау бөлімінің басшысы Ерлан Ермекбаев мекеме жол сапасына жауап бермейтінін, айыппұл артық жүк басқан көлік үшін салынатынын айтты. Яғни бөлім басшысы ауыр жүк көліктері жолды тез талқандайтынын растады.
– Заң бұзғандарға «Әкімшілік Кодекс» және көлікке артық салмақ басқаны үшін «Салықтық кодекс» арқылы екі жағдайда қатар айыппұл саламыз. Алғашқы Кодекс бойынша айыппұл көлемі белгілі бір мөлшерде болса, «Салықтық кодекс» бойынша салынатын айыппұл көлемі жолдың ұзақтығына қарай ұлғайып отырады. Ол көліктің үстіне артық салмақ артып алып, қанша шақырым жол жүргеніне байланысты. Бұдан бөлек айыппұл жүкті тиеген мекемеге де салынады. Өйткені бәріне кінәлі әлгі көлікке артық салмақ басып берген жүк тиеуші тарап болып есептеледі. Көп жағдайда көлік иелері жүк артқан мекемені көрсетпеуге, жолдама алмауға тырысады. Өйткені ол артық салмақпен ұсталып, жүк тиеуші мекемені көрсетсе, келер жолы жүк тиеуші тарап оған жүк артпай қоюы мүмкін. Біздегі басты проблема осында болып тұр, – деді Ерлан Набиұлы.
Оның айтуынша, көбіне жолдың бағдаршам орналасқан тұсы және жол қиылысы тез талқандалады екен.
– Негізінде біздің мекемеде 3 жылжымалы көлікті бақылау бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Сол уақытта автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарына берілетін жол параметрлері бойынша бақылау жасаймыз. Одан бөлек әр кез жергілікті полиция басқармасы және облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, кірістер басқармасы, «Адалдық алаңы» жобалық офисінің мамандарымен бірлесіп рейдке шығып тұрамыз. Сонымен қоса жекелеген тұрғындар тарапынан заңсыз жолаушы не жүк тасымалдау бойынша оқта-текте болса да түскен шағымдар бойынша да жолда тексеру ұйымдастырылады. Мәселен карьерде жүруі тиіс ауыр жүк көлігі трассада жүк артып кетіп бара жатуы мүмкін. Сол сәтте хабар түссе, ол көлік тоқтатылып түсіндіру, ескерту, айыппұл салу шаралары қолданылады. Негізінде автокөлік құралдарының жалпы рұқсат етілетін массасы «Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының жол берілетін параметрлерін бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен бекітілген автокөлік құралдарының рұқсат етілетін жалпы массасынан 20 пайызға төмендету арқылы айқындалады, – деді Е. Ермекбаев.
Жол бойынан жиналған алым мен салынған айыппұл көлемі аз болмайтыны белгілі. Егер мемлекет жолдан түскен қаржының белгілі бір мөлшерін жол жөндеуге жұмсаса, ой-шұқыры көп жолдан зәрезап болатын күннен де құтылатынымыз анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ