Мүмкіндігі шектеулілерге жағдай жасалуда

0 217

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы жиынында: «Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын», — деген болатын.

Жалпы қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағынан қолайлы жағдай жасалып жатқаны белгілі. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандарды күнделікті қамқорлық пен қолдау қазіргі таңда мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігінің бірі. Әсіресе, бұл тұрғыдағы жұмыс үш бағытта жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Мәселен мүгедектерді зейнетақымен қамту, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер ұсыну және әлеуметтік қызмет көрсету қазір бірінші кезекке қойылған.

Биыл облыстағы мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 1190,8 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржыға алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулілер жандарға қатысты 10 мыңнан астам бұйым сатып алынбақшы. Одан бөлек Тараз қаласы мен аудандардың қазынасынан қаралған 1850,8 миллион теңгеге 9 400 азамат міндетті гигиеналық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтылып жатыр екен.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандардың техникалық оңалту құралдары әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алынып жатқанын айтады.

– Мүгедектігі бар азаматтар өзіне тағайындалған оңалту құралын өзі таңдай алады. Порталды пайдаланушылардың техникалық оңалту құралдарының 54 түрін, протездік-ортопедиялық, гигиеналық құрылғыларды, арбаларын, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерді, жеке көмекшілерді, ымдау тілі мамандарын мен емдеу-сауықтыру қызметтерін таңдау мүмкіндігі бар. Бүгінде әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында 24 мың 624 өтініш тіркеліп, оның 18 мың 728-і орындалды. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Осы жылы аймақтағы 2 мың 157 мүгедектігі бар адам санаторлы-курорттық жолдамамен қамтуға сұраныс берілген, – дейді Жорабек Нұрмергенұлы.

Ағымдағы жылы санаторлы-курорттық емдеуге медициналық әлеуметтік сараптама бөлімдері арқылы 3 мың 400-ге жуық азаматқа жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, оның 1 мың 418-і қамтылыпты. Бүгінде елімізде 57 емдеу-сауықтыру орталығы мемлекеттік порталға тіркелген екен. Соның ішінде «Самал», «Сарыағаш», «Айша бибі», «Ақсу-Жабағлы» сынды демалыс орындары облысымызға жықын орналасқандықтан, онда қатынау мүгедектер үшін қолайлы болары сөзсіз. Десе де мүгедектігі бар азаматтарымыздың дені емделуді жазғы маусымға жоспарлайды да, демалыс орындарында орын тапшылығы туындап жататын көрінеді. Сол себептен портал арқылы емдеу-сауықтыру мекемелеріне жолдаманың уақытын күз айларына ысыруға тура келген көрінеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.