Жамбылдықтардың 80 пайыздан астамы екпе алды

0 186

Соңғы апталарда облысымызда індет жұқтырғандардың саны азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Жалпы екі аптадан бері облыс «жасыл» аймақта орналасқан.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, өткен тәулікте коронавирустық инвекцияның 44 жағдайы тіркеліпті. Сондай-ақ Әсет Әскерұлы халықтың екпе алу көрсеткіші де өскенін айтады.

– Облыс тұрғындарының санитарлық-гигиеналық талаптарды толықтай сақтай білгенінің нәтижесінде індеттің таралуы қарқыны бәсеңдеді. Ағымдағы жағдай бойынша облыстағы ауруханаларда 1 667 инфекциялық төсек қоры болса, 560 науқас ем алуда. Төсек қорының толу көрсеткіші 35 пайызды құрайды. Сондай-ақ реанимациялық төсек қорының толу көрсеткіші 25 пайызға тең. Қазіргі таңда 49 науқас емделуде. Бұдан бөлек 170 карантиндік төсек қоры жұмыс атқаруда. Негізі резервтік 2592 инфекциялық төсек, 303 реанимациялық төсек қоры бар.

Бекітілген жоспар бойынша 582 мың жамбылдық екпе алуы керек. Қазіргі таңда жоспар 80,4 пайызға орындалды. Өкінішке қарай екпе алу бірқатар аудандарда, Тараз қаласында төмен қалыптасып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын арттырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша жоспар да өзгерді. Бұрын он сегіз жастан асқаан облыс тұрғындарының сексен пайызын екпемен қамтуымыз қажет болатын. Жуырда Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша жоспар тоқсан пайызға көтерілді. Яғни жаңа жоспарға сәйкес енді 582 мың емес, 631 мың жамбылдық вакцинациялануы тиіс. Алдағы уақытта қаланың, аудандардың жоспары да қайта бекітіледі.

Сондай-ақ «Pfizer» вакцинасы келеді деп жоспарлануда. «Pfizer» вакцинасы келсе 12 жастан балалар, жүкті әйелдер, босанған әйелдер де вакцина алуы керек болады, – дейді Әсет Әскерұлы.

Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиевтың айтуынша, бүгінде білім ошақтарында 104 оқушы, 26 мұғалім, жоғары оқу орындарында 9 студент, балабақшаларда 6 тәрбиеленуші, интернаттарда 8 бала вирус жұқтырған. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде оқушылардың, студенттердің білім ошақтарында емес, үйінде ата-анасынан немесе туыстарынан жұқтырғаны анықталыпты. Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің білім басқармасы өзге де тиісті мекемелер тарапынан оқушылардың денсаулығын сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.