Ұлттық өнер ұлықталған конкурс

0 211

Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз күмбірі» аттыекінші республикалық фольклорлық ансамбльдердің конкурсы өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филормонияның бастамашы болуымен өткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар қатысты. Облысымыздан бөлек, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан келген қатысушылар өз өнерлерін көрсетіп, Әулиеата аспанын әнге бөледі.

Ал жиырма жуық ұжым қатысқан конкурсқа елімізге белгілі өнер майталмандары қазылық етті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Арман Жүдебаев қазылар алқасының төрағасы болса, құрамында күйші, композитор, дирижер Нүркен Әшіров, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері Еділ Құсайынов пен Шолпан Қорғанбек болды.

Конкурс барысында өнерпаздар халықтың жадында сақталған, елімізге белгілі композиторлардың шығармаларын орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды.

Жалпы жамбылдық өнерсүйер қауымға есте қалар ерекше әсер сыйлап, көңілдерді тербеген конкурсқа қатысушылардың ешбірі жүлдесіз қалмады. Жүлдеге іліне алмаған ұжымдар да арнайы алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ оларға 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Ал жүлделі үшінші орынға «Бәйге» (Шығыс Қазақстан облысы), «Ақмешіт», «Дидар» (Қызылорда облысы) ансамбльдері ие болып, әрқайсысына 200 мың теңгеден табыс етілді. Сондай-ақ «Аль-Аки» (Павлодар қаласы), «Алатау» (Жамбыл облысы) өнер ұжымдары екінші орынға табан тіреді. Екінші орын иегерлеріне 400 мың теңге табысталды. Бірінші орын «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамбліне (Нұр-Сұлтан қаласы) бұйырып, жеңімпаз ұжымға 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Сайдың тасындай іріктелген өнер ұжымдары қатысып, тартысқа толы болған конкурстың бас жүлдесіне «Құлансаз» ансамблі лайық деп танылды. Алматылық ұжымға 700 мың теңге табысталды.

Ал конкурсты қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы А.Жүдебаев мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрса, ұлттық өнеріміз өлмей, керісінше өрісінің кеңейе беретінін жеткізді. Сондай-ақ өнер ұжымдары ұйымдастырушыларға ыстық ықыластарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.