Автомобиль жолдары қысқа сақадай сай

0 192

Қыс қыр астында. Сондықтан «кәрі құданың» қос бүйірден қысып, әлегін асырып кетпеуі үшін қазірден қам жасау керек. Әсіресе қыз мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар және де жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын күтіп-баптау жұмыстарының маңыздылығы ерекше.

Бүгінгі таңда облыста бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Айжан Туғанованың айтуынша, қыс мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және көлік құралдарының кедергісіз өтуін жүзеге асыру үшін филиал тарапынан 63 бірлік техниканы жұмылдыру  жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта техникалардың дайындығы 58 бірлікті құрайды немесе бар техниканың 92 пайызын құрайды. Көктайғақ кезінде автожолдарға себетін инертті материалдар да жоспар бойынша дайындалуда. 20100 текше метр құмның 6619,4 (33 пайыз) текше метрі, 3010 тонна тұздың 434,8 (14 пайыз) тоннасы және 40 тонна көмірдің 40 тоннасы толық дайындалған.

– Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары өтетін Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандары және Тараз қаласында 9 жылу пункті және 3 өндірістік базалары қыс мезгілінде қызмет көрсететін болады.

Жалпы «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік  қоғамының облыстық филиалымен 2021-2022 жылғы қысқа дайындықтар бойынша бірқатар іс-шаралар қарастырылған. Мәселен тәулік бойына диспетчерлік кезекшілік қызметі ұйымдастырылған. Республикалық мәні бар автомобиль жолдарының бөліктерінде жауапты қызметкерлер тағайындалған. Ауа райының қолайсыз күндерінде хабарлаудың жалпы схемасы қарастырылған. Қысқы жол тазалағыш техникаларға механизаторлар бекітілген. Сондай-ақ автожолдар бойына автомобиль жолдарының жағдайын көрсететін қосымша 11 ақпараттық табло орнатылды. Аладғы уақытта қысқы кезеңде жүргізушілерді хабардар ету үшін 660 жиынтық көлемінде 1.15 «тайғақ жол», 5.18 «ұсынылатын ең жоғары жылдамдық», 7.2.1 «қолданылу аймағы» уақытша жол белгілері дайындалып, қазан айының соңына дейін орнату жоспарлануда, – дейді А.Қалкенқызы.

Ал облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қазан-желтоқсан айларында қысқы күтіп-ұстауға 78,5 миллион теңге қаралғанын айтады. Күтіп-ұстау жұмыстарына 12 мердігер компаниялар тартылған. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек,    бүгінде жоспардағы 3500 тонна құмның 2200 тоннасы (63 пайыз), 350 тонна тұздың 250 тоннасы (71 пайыз) дайындалған. Тұрақты түрде екі апталық жаңар-жағар май қорын дайындау жоспарланған.

Осылайша жауаптылар қысқа сақадай-сай екендерін және дайындық жұмыстары алдағы уақытта жалғаса беретінін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.