Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуда Жуалы көш басында
Жуалы ауданы облысымыздағы аграрлы аймақтардың бірі. Сондықтан дала төсін емген аудан диқандары аймақ мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жыл сайын егістік алқабының көлемін ұлғайта түсуде. Әрі облыс әкімі Бердібек Машбекұлының қолдауы Жуалы ауданында агро саланың серпінді дамуына ықпал етуде.
Жалпы ағымдағы жылы 2021 жылдың өнімі үшін 58 724 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себілген. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың облысты таңқурай мен құлпынайдың кіші отанына айналдыру тапсырмасына орай биыл аудан бағбандары 5 гектар алқапқа таңқурай мен құлпынай отырғызыпты. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1498 гектарға (2020 жылы 57 221 гектар) артқан.
Ал мал азығы дақылдары 32 920 гектарға орналастырылған. Оның ішінде өткен жылдардағы көп жылдық шөп 28 470 гектарға, егілетін таза жоңышқа 3 700 гектарға, сүрлемдік жүгері 750 гектарға отырғызылып, 674 гектар сүр айдалған.
Сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде несие алып, мал басын көбейту үстінде. Бүгінгі таңда ауданда мүйізді ірі қара 52 971 басқа (2020 жылы 51 348 бас), қой-ешкі – 243 959 (2020 жылы 236 187 басқа), жылқы – 12 702 (2020 жылы 9 924 бас), шошқа – 248 (2020 жылы 486 бас), құстар саны 80 593-ге (2020 жылы 79 013 бас) жеткен. Мал басы 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 3,2 пайызға, қой мен ешкі 3,3 пайызға, жылқы 28,0 пайызға, құстар 2,0 пайызға артыпты.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 8 айда 19 037,2 миллион теңге (оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 6 010,1 миллион теңге, мал шарушылығы өнімі 13 023,8 миллион теңге), (2020 жылдың 8 айында 18 535,5 миллион теңге) немесе нақты көлем индексі 100,4 пайыз. 9 айдың қорытындысымен 100,5 пайызға орындалуы күтілуде. Сондай-ақ Рақымғазы Құниязов аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сай ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, шаруаларды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады.
– Қазіргі таңда жиын-терін жұмыстары аяқталуға таяды. Өнімділік жақсы. Ендігі басты мақсат – келесі жылдың қамына кірісу. Техникаларды жаңартып, сапалы тұқым, тыңайтқыш сатып алу. Ауданда 1594 дана ауыл шаруашылығы техникасы (627-і трактор, 185-сі комбайн, 982-ы ауыл шаруашылығы тіркемелері) тіркелген. Өткен жылы 159 803 мың теңгеге 19 дана ауыл шаруашылығы техникасы (15 трактор, 4 погрузчик) алынып, көрсеткіш 1,2 пайызға орындалды. Жуалының ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі бренді картоп дейтін болсақ, бұл картоп өсіруші шаруаларға әжептәуір көмек болғаны анық. Картоптың жаңа тұқымын Қарағанды облысынан сатып алу үшін аудан шаруаларына 128 миллион теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Қазіргі таңда 944 тонна тұқым (115 тонна элиталы және 829 тонна бірінші репродукциялы, «Латона» сортты картоп тұқымдары) сатып алынып, 240 гектар алқапқа отырғызылды, – дейді Рақымғазы Құниязов.