Кәсіпкерлердің шаруасы тіктелуде

0 178

Облыстық кәсіпкерлер палатасының осы жылдың 8 айында атқарған жұмысы көңілге қонарлық. Аталған мекеме тарапынан кәсіпкерлердің қолға алған шаруасының жай-күйіне қатысты 757 кәсіпкерден сауалнама алынған екен. Олардың 10 пайызы айтарлықтай шығынға ұшыраса, кейбірі жабылу алдында тұрған көрінеді. Қалған 90 пайызы тұрақты даму үрдісін жалғастырып жатқан сыңайлы.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында палатаға 8 айда 165 өтініш келіп түссе, оның 30-ы оң шешімін тауыпты. Өтініштердің дені жер қатынастары, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдар, салық салу, мемлекеттік сатып алу, шектеу шаралары мәселелеріне қатысты. Палата 97 миллион теңге сомаға кәсіпкерлердің мүліктік құқықтарын қорғапты.

– Палата республикалық жобалық кеңсе қызметі аясында тұрақты жұмыс жүргізуде. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша облыста 56,1 миллиард теңге сомасына қарыз алушылардың 175 жобасы қаржыландырылды. «ЭПВ» тауарларының 8 саласы бойынша жергілікті қамтудың жалпы үлесі 45,4 пайызды құрайды. Жамбыл облысы осы көрсеткіш бойынша республика бойынша көшбасшылар үштігіне кіреді.

«Бастау Бизнес» жобасын іске асыру шеңберінде 5 жыл ішінде өңірде 15,7 мың тыңдаушы оқытылды, олардың 75 пайыздан астамы өз ісін ашып, бірнеше жұмыс орындарын құрды. «Atameken-Taraz» микроқаржы ұйымы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде «Бастау Бизнес» түлектерінен 1,6 миллиард теңге сомасына 281 өтінім қабылданды. Оның ішінде 272 миллион теңге сомасына 54 өтінім мақұлданды, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев

Өңірдегі кәсіпкерлер шаруасын шалқытып отырғанымен проблемалар да жоқ емес. Мәселен «Триана-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Антонина Ан шипажайлық ұйымдарда бальнеологиялық емдеу үшін минералды жерасты суларын арнайы су ретінде пайдалануға рұқсат беретін кез жеткенін айттады.

Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында табиғи жерасты минералды суларын пайдалана отырып, емдеу және сауықтыру қызметін жүзеге асыратын 30-дан астам санаториялық-курорттық ауруханалар жұмыс істейді. Алайда, бүгінде елдегі табиғи минералды суларды пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды толыққанды реттеуге мүмкіндік бермейтін қолданыстағы заңнамалық актілерде сәйкессіздіктер бар көрінеді. Десе де минералды жерасты суларын өндіруге арнайы суды пайдалануға рұқсат Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекциялары тарапынан беріледі екен. Сол үшін де қазіргі уақытта бассейндік инспекциялар минералды жерасты суларын пайдалану бойынша арнайы су пайдалануға рұқсат беруден бас тартып отырған сыңайлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.