Аулалар абаттандырылып, жолдар жөнделуде
Қазіргі таңда Таразда аулаларды абаттандыруға да барынша мән берілуде. Айталық, осы бойынша белгіленген жоспарға сәйкес қалада биыл 14 балалар алаңы салынбақ. Ал үш жылдық жоспарға сәйкес облыс орталығының аумағында 150 ауланы абаттандыру көзделуде. Осы орайда баса айта кетерлігі, бұл тек орталықтағы көшелерді ғана емес, шет жақтағы көшелерді де қамтымақ. Қазіргі таңда биылға межеленген 14 ауланың 5-і толығымен аяқталса, 9-ы таяу күндері ел игілігіне ұсынылатын болады. Мәселен біз көзімізбен көрген Сағындықов көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің ауласында бой көтерген ойын алаңшасы – соның бір көрінісі. Тұрғын үй салынғалы бері бұл жердің ауласы ешқашан абаттандырылмаған. Құны 20 млн тұратын ойын алаңында кішкентай бүлдіршіндерден бастап ересектердің де салауатты өмір салтымен айналысуына бар жағдай жасалған. Бұл игі іске аула тұрғындары да шексіз ризашылығын білдіруде.
Бүгінде облыс орталғындағы жолдарды жөндеуге де ерекше екпін түсіріліп, басты наарға алынған. Бұған И.Панфилов көшесіне барғанда қаныға түстік. Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Тараз қаласының көшелерін орташа жөндеу жөніндегі 2021 жылға арналған жұмыс жоспары аясында 26 көше мен оған іргелес тұйық көшелерді жөндеу жоспарлануда.
– Үш жылдық жоспарға сәйкес облыс орталығының аумағында 150 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде 26 жоба биылға белгіленген. Оның 4-іне қалалық бюджеттен, 22-сіне облыстық қазынадан қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда бұлардың 7-8-і ғана толық аяқталмай отыр. Бірақ құрылыс жұмыстары басталып, қарқын алуда. Оларды қазан айының соңынан дейін толығымен тәмамдаймыз. Сонымен қатар ағымдағы жылы қалалық бюджеттен 200 миллион теңге қарастырылып, 35 көше мен бұрылыстарға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Аталған көшелердің түнгі жарығының құрылысы да осы жылдың қараша айында аяқталады деп күтілуе. Бұлардан бөлек әлеуметтік желіге түскен шағым бойынша 5 көшенің бұрылысы демеушілер көмегімен самаладай жарқырап тұр. Тағы бір қоса кетерлігі биыл мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы аясында қосымша 260 көшеге түнгі жарық орналастыру бойынша есептеу жұмыстары жүргізілуде. , – дейді қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы.
Осылайша көне шаһардың көшелері жарқырап, жолдары тақтайдай тегіс болса тұрғындардың да қуанышында шек болмас еді.