Ойын алаңында асыр салар күн жақын

0 168

Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылында орналасқан көпқабатты үйлердің  ауласынан ойын алаңы салынуда. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тұрғызылып жатқан нысан көп ұзамай тұрғындар игілігіне берілмек.

– Балғындарға арналған ойын алаңшасы «HANGAR-GROUP» жеке кәсіпкерлігінің қолдауымен салынуда. Оған тиісті қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, осы тұрғын үйлердің ауласын күл-қоқыстан тазарту және үйдің сыртын, сырлау, әктеу сынды жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Бұған «Жасыл Жуалы» мекемесінен  6 әртүрлі жұмыс жасаушы,  3 техника және 5 қоғамдық жұмысшы тартылған,– ауыл әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаев.

Ойын алаңының қолданысқа берілетініне ауыл тұрғындары да дән риза.

– Аудан әкімі Олжас Қаржауов пен кездесу барысында осы көпқабатты тұрғын үйлердің мәселесі көтерліген болатын. Аудан басшысы тілегімізге құлақ түріп, үйдің маңынан асфальт төсеп берді. Бұл көптен бері шешімін таппай тұрған мәселе еді. Үй маңында балалар алаңынының бой көтеретініне де қуаныштымыз. Бәріміз де ұл-қыз өсіріп отырмыз. Енді бүлдіршіндеріміз аулада асыр салып ойнайтын болды. Бұған қоса ауламыздың да ажары ашылып, шырайы кіретін болды,  – дейді  тұрғын Айсұлу Битемірова.  Осы үйдің тұрғыны Дана Рысбкқызы да бұл игі іске шексіз риза екенін жасырмады.

– Осы аулада балғындар өте көп. Бұрын ата-аналар балаларын қыдырту үшін амалсыздан орталық саябаққа, кейде Тараз қаласына барып келетін. Сондай-ақ «Балаларымыз көшеде ойнап жүргенде көлік қағып, жазым етер ме екен?!» деген де қорқынышымыз болғаны жасырын емес. Енді бұл қорқынышымыз қуанышқа айналаып отыр. Әрі біз де балаларымызды қалаға апарып сабылмайтын болдық. Енді олар алаңшада азаннан кешке дейін ойнаса да болады. Осы бір игі істі жүзеге асырып отырған аудан басшыларына айтар алғысым шексіз, – дейді тұрғын.

Тағы бір тұрғын Гүлмира Ақылбаева алаңның құрылысы көңілінен шыққанын айттады.

– Біз бұл үйде 2010 жылдан бері тұрамыз. Үйдің жанынан бүлдіршіндер ойнайтын ойын алаңшасының салынуы барлығымызды қуанышқа бөлеп отыр. Себебі, бұл көптен күткен нысан еді. Осыған атсалысқандардың баршасына шын жүректен алғыс айтамын, – дейді Гүлмира Ақылбаева.

Айталық, бұған дейін аталған ауылдағы В.Латикант көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің ауласына асфальт төселіп, тұрғындар үлкен қуанышқа бөленген болатын. Себебі, жазда шаң-топырақтан, көктемде батпақтан көз ашпаған жұрт бұл іске ризашылықтарын білдіруде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.