Жер асты сулары кәдеге жарайтын күн жақын

0 190

Облыс көлемінде суармалы су шығынын азайту мақсатында облыстың су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру жол картасы бекітілген болатын. Аталған Жол картасында республикалық меншіктен коммуналдық меншікке ауыстыру арқылы жалпы ұзындығы 1 375,6 шақырымды құрайтын 202 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 41,9 мың гектар суармалы алқапты қайта айналымға енгізу жоспарланған.

Жөндеу жұмыстарына қажетті жоспарлы қаржы көлемі 7 901,8 миллион теңгені құраса, оның 3 646,5 миллион теңгесі облыстық бюджеттен, ал 4 255,3 миллион теңгесін жергілікті бюджеттен қарастыру көзделген.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов Жол картасы аясында 1 кезеңде жөндеу жұмыстары жоспарланған 104 су нысандарының барлығын республикалық меншіктен коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Каналдардың 91-і Су ресурстары комитетінде келісімде (жоспарлы келісім мерзімі 10-12 қазан аралығында), ал қалған 13-і жекешелендіру комитетінде келісімде (жоспарлы келісім мерзімі 12-15 қазан аралығында). Орындалуы 100 пайыз.

– Сонымен қатар, екінші іс-шара жоспары бойынша коммуналдық меншіктегі 51 каналдың құжаттарын қыркүйек айында дайындау тапсырылған еді. Тапсырма бойынша 14 каналдың құжаттары жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қарастыруға дайын.

Бұдан бөлек үшінші іс-шара жоспары бойынша иесіз 59 каналды иесіз мүлік ретінде тіркеу арқылы коммуналдық меншікке алу тапсырылды. Қазіргі таңда 53 канал иесіз мүлік ретінде тіркеліп, тапсырманың орындалуы 90 пайызды құрады.

Сондай-ақ Талас-Аса механикалық отрядына су бұрғылау техникасын алу мақсатында жергілікті бюджеттен 100,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Талас өзені бойындағы Жасөоркен гидробекетіне қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде гидропост «Казгидромет» мекемесінің теңгерімінен коммуналдық теңгерімге алынуда, – дейді Қайрат Аманов.

Ал төртінші іс-шара жоспары бойынша жер асты суларын пайдалану және істен шыққан ұңғымаларды қалпына келтіру міндеттелген. Бұл ретте облыстық бюджет қаражаты есебінен ағымдағы жылы 26 ұңғыма зерделеніп, оның 11 қайта қалпына келтіруге жарамды екені анықталып, толық сметалық есебі жасалыпты. Сметалық есепке сәйкес аудан әкімдіктері ұңғымаларды қалпына келтіруге 47,2 миллион теңге, инфрақұрылымға 410,4 миллион теңге қарастыру қажет болған. Алайда басқарма басшысы аудан әкімдіктері тарапынан құжаттары дайын ұңғымаларды қалпына келтіруге қаржы әлі күнге дейін қарастырылмағанын айтады.

Егер Жол картасына сәйкес жұмыстар аяқталса су тапшылығы әлдеқайда азаяды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.