Алма бақта түсім мол

0 217

Алма атты жемісті әулиеаталықтар әлі күнге Алатауды жайлаған айырқалпақты ағайындар мен өзіміздің Түркістан облысынан алдырып жеп отырғаны ақиқат. Әсіресе қыстың көзі қырауда бұл жеміске деген сұранысты қанағаттандыру үшін алма біткен сырттан ағылып келетінін жасырып қайтеміз. Негізінде алманы өз өңіріміздің шаруалары да өсіреді. Бірақ оның көлемі аз болғандықтан және қысқы маусымға көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қойма болмағандықтан, күніміз өзгеге қарап отыр. Өзімізде алма өсіретін бағбандарды сөз етсек, Жамбыл ауданындағы Ақбұлым ауылының аты бұрыннын таныс. КСРО дәуірінде алмалы ауыл ретінде атағы алты қырдан асқан аталған ауылдық округте бұл жемісті өсіру үрдісі әлі жойылған жоқ. Бұдан бөлек осы ауданның Ақбастау, Аса ауылдық окруктері де бүгінде алма егудің бабын тапқан. Мәселен Аса ауылдық округіне қарасты «Altyn Alma» ауылдық кооперативі 50 гектар алма бағын иегіріп отырған іргелі шаруашылық. Оның басшысы Ұлбала Құлыбекованың айтуынша шаруашылық жемістің осы түрін өсіруге ден қойғалы 3 жыл уақыт өтіпті. Алқаптың суару жүйесі заманауи технологияға негізделген. Нақты айтқанда тамшылатып суару технологиясы қолданылады екен. Ғылым мен білім, технология жетістігінің арқасында 27 мың түп алма ағашы судан таршылық көріп отырған жоқ.

– Қазір жиын-терімнің нағыз қызған шағы. Ала жаздай еткен еңбектің бейнетін көретін кез жетті. Алла берген ырзықты шашпай-төкпей жинап алу – басты міндет. Негізінде алма күтімді көп қажет ететін жеміс. Оған бала сияқты қарамаса, мол өнім алу неғайбыл. Сол үшін жиын-терім аяқталып, қара күз түскенде артық бұтақтарын кесіп, түбін қопсытып, алқапты көктемгі маусымға дайындаймыз. Күн жылт етіп, көктем келіп, тіршілік нәрі білінгенде алманың гүлдеуін күтеміз. Әр кез құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей секілді басқа да зиянкестер мен түрлі аурудан қорғау үшін дәрілеу жұмыстарын жүргіземіз. Ең бастысы алма гүлдегенде оны суыққа ұрындырмау.

Қазір мұнда күндік ақыға 55 жұмысшы жалданып еңбек етіп жатыр. Әр адамға күніне 5 мың теңге төлейміз. Арнайы 2 жүк артатын техника алқапта тыным таппай жүр. Биыл 300 тонна алманы шығынсыз жинап алатынымызға сенімдімін. Саудаға Польша мемлекетінен әкелінген алманың чемпион, голден, бребер, гала сұрыптарын шығарамыз. Ал өнімді өткеру оңайға соқпайды. Алманың келісі 150 теңгеден саудаланатын болады, – дейді ол.

Алма бақтағы аста-төк өнім еткен еңбектің жемісі екені даусыз. Жемістің қай уақтада тауарлы түрін өсіргендердің ұтары анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.