Отыз жылдыққа отыз жоба қолға алынуда
«Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қасық қаны қалғанша тоқымдай жерді қызғыштай қорыған ата-бабаларымыз осынау иен даланы мізге мәңгілік мұраға қалдырды. Ел мен жердің заңды иесі ретінде біздің өз жерімізде өзіміз қожалық жасауымызға тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап толық мүмкіндік берілді. Соның арқасында мемлекетіміз арқа төсінен өзінің жаңа астанасын салып, елге айбыны асқақ азат әрі бейбітсүйгіш ел ретінде танылды. Биыл ата-бабамыз арман еткен осы тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Қазақ халқы Тәуелсіздік жолында сан түрлі қиындықты бастан өткеріп, ел қамын ойлаған азаматтар аттың жалы, түйенің қомында күн кешті. КСРО құрамында жүріп аштықты да, қуғын-сүргінді де, азаматтық соғыс пен Екінші дүниежүзілік соғысты да бастан өткерді. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, азаттықтың ақ туы желбірегелі басқа түскен қиындықтар еңсеріліп, мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», деп азаттықтың маңызын айшықтай түсті.
Ел Президентінің төрағалығымен өткен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында нақты ұсыныстар айтылғаны есте. Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа салынбай, әрбір іс-шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін меңзеді.
Бүгінгі әрбір өңір айтуыл мерегеке орай бөлінетін қаржыны мәнсіз жиындар мен даңғазалық той-томалаққа емес, Мемлекет басшысы айтқандай, ұрпаққа пайдасы тиетін, оның ішінде халықтың әлеуметтік жағдайы мен елдің тұрмысының тіктелуіне негіз боларлық игі істеге бағыттап отыр.
Мәселен облыс аумағында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 30 жобаны іске асыру көзделген. Тұрғын үй және жолдар салу, ауыл-аймақтың инфрақұрылымын дамыту, білім және медицина саласын жетілдіру, рухани құндылықтарды дәріптеп, қайырымды істерді атқару сынды келелі шаруалар осының айғағы. Бұл тұрғыда аталған іс-шаралар арнайы әзірленген жол картасына енгізіліп отыр. Жобалардың ішіндегі ең негізгі әрі айтуға тұрарлығы – көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу. Өткен жылы Қордай ауданда 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 3 үй жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілсе, биыл 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басы қолға алынып отыр.