10 отбасы қуанышқа кенелді

0 262

Ағымдағы жыл бүкіл әлем үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас жыл болды. Сондай-ақ, биыл тәуелсіздік алып, егемендікті еншілегенімізге 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде елдікті нығайту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында алға қойған ауқымды жобалар іске асырылып, толағай жетiстiктерге қол жеткiзілді. Әсіресе, Мемлекет басшысы мен Елбасынының сарабдал саясатының нәтижесінде баспана мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Бұл бағытта Талас ауданында едеуір жұмыс атқарылуда. Соның жарқын мысалы – жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы 10 отбасыға Қаратау қаласы, Б.Момышұлы №11 үйден (құны 50 млн.) баспана кілттері табысталды. Олардың қатарында көпбалы отбасылар, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.

Баспана иелеріне кілт табыстау салтанатты рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Қанатбек Мәдібек тұрғындарды қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

–  Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті. Сондықтан да азаттық жылдарында бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Осы кезге дейін қаншама отандасымыз қоныс тойын тойлады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады», – деген болатын. Ауданымызда да бұл мәселе оңтайлы шешімін тауып, жүйелі жолға қойылған. Бүгін міне, тұрғындардың тағы бір қуанышына куә болып отырмыз. Үйлеріңізде әрқашан бейбітшілік, қуаныш пен тыныштық орнасын! Шаңырақтарыңыздан шаттық арылмай, босағаларыңызға бақыт тұрақтасын.  Қоныс тойы құтты болсын!, – деген аудан басшысы өңірде осы бағыттағы тірліктер толастамайтынын қадап айтты.

Келесі кезекте аудандық мәслихат хатшысы Қадірбек Садубаев сөз сабақтап, көпшілікке жылы лебізін жолдады.

– Бүгін ауданымызда ерекше оқиға болуда. Осы күнді асыға күткен жерлестеріміздің қуанышында шек жоқ. Жаңа пәтер Сіздердің отбасыларыңызға игілік пен береке, қуанышты сәттерді көптеп алып келсін. Сіздерді қос мереке, жаңа қоныстарыңызбен және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!, – деді Қ.Садубаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.