«Сергек» ережеге бағынбайтын «серкелерді» сабасына түсіреді

0 154

Жол полициясы жоқ жерде және бейнебақылау камерасы орнатылмаған тұста жол ережесіне пысқырмайтын темір тұлпар тізгіндегендер енді Тараз қаласында абайлап жүретін болады. Өйткені қазір шаһарда «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені 48 нысанға орнатылып жатыр.

– Өңірдің автожолдарында 22 авариялық-қауіпті аймақ анықталды. Алайда жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жүргізушілердің жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан болыып жатыр. Олардың басым бөлігі жылдамдық режимін асыру, маневр жасау, қарсы қозғалыс жолағына шығу және тағы басқа жайттар. Бұл ретте жол-көлік оқиғалары шоғырланған орындар бойлық бейіндегі көрінуді шектемейтін тікелей учаскелер болып табылатынын атап өткен жөн, – дейді Бақытжан Жәнібеков.

Оның айтуынша жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында құзыретті органдармен бірлесіп, қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу жоспары әзірленіпті. Олардың ішінде, Республикалық маңызы бар автожолдарда автожол жолақтарын салу, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде жарық және жарық модульдерін орнату, көлік құралдарының бұрылу орындарында, жүру бөлігінде орналасқан жол өткізгіштерінің тіректерінде жол буферлерін орнату, бөлінген белдеуде жарықдиодты катафоттар мен жарық шағылыстырғыштарды орнату, шетелде қолданылатын авариялық-қауіпті учаскелерде жарық маяктарын ілу жұмыстары бар.

– Ағымдағы жылы Таразда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Сергек» кешенінің бейнебақылау камералары орнату қолға алынды. Жоба аясында 450 нысанда 1 мың 250 қоғамдық тәртіпті бақылау камерасын, 48 — жол қозғалысын бақылау камерасын орнату қарастырылған. Бүгінгі таңда пилоттық жобаға сәйкес, әуежайдан Тұңғыш Президент саябағына дейін камералар 10 нысанға орнатылды. Бұл іс — шараларды келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр – дейді деді Бақытжан Оразалыұлы.

Сондай-ақ, Б.Жәнібеков автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету және ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалысына байланысты олардың жол ережесмін бұзуына жол бермеу мақсатында бақылауды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданғанын, тексеру рейдтері жүргізілетінін атап өтті. Ағымдағы жылдың басынан бері рейдтер барысында 4 мың 608 автокөлік құралы тексерілді. Нәтижесінде 943 әкімшілік хаттама толтырылып, 23,2 миллион теңге айыппұл салыныпты. Енді қалада көлік жүргізушілеріне барынша абай болып, жол ережесін қатаң сақтамаса болмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.