Спорт саласында серпін бар

0 155

Мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірде спортты дамыту мақсатында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Мәселен 2020 жылы барлығы он бес дене шынықтыру — сауықтыру кешендері қолданысқа берілсе, 12 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 92 спорт алаңшасы орнатылған.

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы берген мәліметке сүйенсек, атқарылған игі істердің нәтижесінде 13 спорт түрінен (баскетбол, волейбол, футбол, қол добы, еркін күрес, бокс, дзюдо, ауыр атлетика, кикбоксинг, таеквондо, грек-рим, каратэ, ушу саньда) жаңадан 84 спорттық секция ашылып, шұғылданушылар саны 9 080 адамға ұлғайған. Сондай-ақ, құрылыс барысында 871 уақытша жұмыс орны және спорт кешені қолданысқа берілгеннен кейін 195 тұрақты жұмыс орны ашылыпты.

– Бұқаралық спорттың дамуының негізгі көрсеткіші – ол жүйелі түрде спортпен шұғылданатын халықтың үлесі. Жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатарын 2025 жылға дейін 45 пайызға жеткізу үшін бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аталған межеге жету үшін облыста 2020 – 2025 жылдар аралығында бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді жоспар бекітілген. Аталған жоспар аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2021 жылы облыста 10 дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің және 62 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланған. Бүгінгі күнге Меркі ауданы Меркі ауылында 1 дене шынықтыру — сауықтыру кешені және Тараз қаласы мен аудандарда 53 спорт алаңшасы қолданысқа берілді.

Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылында орналасқан орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудандарда 2022 – 2025 жылдар аралығында 38 дене шынықтыру — сауықтыру кешендерінің құрылысын жүргізу жоспарлануда, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.

Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек Машбекұлының хаттамалық тапсырмасы бойынша Шу ауданынан басқа аудандардың барлығында бұқаралық спорттық шаралар өткізу орталықтары ашылыпты. Бұл өз кезегінде елді мекендерде бұқаралық спорттың дамуына зор үлесін қосуда.

2021 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 381,9 мың адамға (33,5) жеткен. Жыл басынан облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 1 420 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 83 056 адам қатысыпты.

Облыс көлемінде басқармаға қарасты жоғарғы спорт шеберлігі мектебі, олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы, олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты, 8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 30 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 аула клубы және 6 спорт клубы жұмыс атқаруда. Аталған спорт мекемелерінде 31 057 спортшымен тұрақты түрде 1 046 оқытушы – жаттықтырушы жұмыс жүргізуде.

Жалпы 2014 — 2021 жылдар аралығында облыс споршылары түрлі ресми халықаралық байрақты бәсекелерде 1 347 медальге қол жеткізген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.