Агросала алшаң басуда
Талас ауданы ықылым заманнан мал шаруашылығы арқылы ырысын еселеп, табыс тайқазанын тасытып отырған аграрлы аймақтардың бірі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл санап аймақта ауыл шаруашылығы саласының көкжиегі кеңейіп келеді.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың айтуынша, есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімі 6 миллиард 395 миллион 400 мың теңгеге өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 104,7 пайызға орындалған. Немесе 289 миллион 600 мың теңгеге артқан.
Кейінгі жылдары ауданда мал басы да көбейген. Шаруа қожалықтар, аудан тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал басын көбейтіп, дала төсінде төрт түлігін өргізуде. 2021 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауданда 30 228 бас мүйізді ірі қара, 431 019 бас қой-ешкі, 12 257 бас жылқы, 2 216 бас түйе, 208 бас шошқа, 42 164 үй құстары тіркелген. Мал басы көбейген соң өндірілетін өнім де артқан.
– Ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 866,0 миллион теңгеге жетіп, жоспар 100 пайызға орындалды.
Аудан бойынша 6 айда 1 000 бастан жоғары мал бордақылау алаңдарына 198 бас бұқашық өткізілді. «Аулие-Ата» несие серіктестігі жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 2 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 16,0 миллион теңге несие берілді.
2021 жылдың өнімі үшін барлығы 13 765 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды және 2 500 гектар пар дайындалды. Яғни, барлық егістік жердің 76 пайызы игерілді. Оның ішінде күздік бидай 4 920 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4 465 гектарды құрайды. Көктемгі егіс — дала жұмыстар бойынша 4 380 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 1 500 гектар жаздық арпа, 500 гектар дәндік жүгері, 600 гектар мақсары, 50 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 300 гектар бақша, 200 гектар көкөніс және 1 100 гектар көпжылдық шөп жаңадан себілді. Осы егіске 671 тонна тұқым себілді. Оның 85 тоннасы (13 пайыз) бірінші репродукциялы, 133 тоннасы (20 пайыз) екінші репродукциялы және I453 тоннасы (67 пайыз) репродукциялы.
Төрт түлік қыстан қысылмай шығуы үшін 2021 жылы 145 700 тонна ірі сабақты мал азығын дайындау жоспарланған. Алты айдың қорытындысы бойынша 58 300 тонна (40 пайыз) мал азығы дайындалды, – дейді Ауданбек Ерубай.
2021 жылдың 6 айында аудан бойынша 40 дана ауыл шаруашылығы техникалары 177,8 миллион теңгеге сатып алынған. Оның 10 данасы трактор және 30 данасы әр түрлі ауыл шаруашылығы техникалары. Ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару көрсеткіші 5,7 пайызға орындалған. (жылдық жоспар 10 пайыз). Сонымен қатар, 16 дана жарамсыз ауыл шаруашылығы техникалары (11 трактор, 3 тіркеме, 2 жол құрылыс техникалары) есептен шығарылған.