Жұмыссыздықты жою – басты талап

0 148

Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – жұртшылық арасында жұмыссыздықты жою. Бұл кез келген елде орындалуы тиіс басты талап. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қаржылық дағдарыс салдарынан қазақ елінде жаппай жұмыссыздық белең алып, еңбекке қабілетті тұрғындардың біршама бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай сеңдей соғылғаны есте. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қоғамның экономикалық даму бағытында оң өзгерістер орын алып, тұтыну тауарларының сұранымына қарай өндіріс ошақтары біртіндеп болса да ашылып, жұрт жұмыспен қамтыла бастады. Бұл өзгерістер өз кезегінде жұмыс күшіне жалпы сұранымның құрылымын да өзгертіп, басқа да кәсіптердің түрі көбейді. Қазір қоғамдағы жұмыссыздықтың пайда болу себебін анықтап, соған орай әрекет ету, тұралаған саланы аяққа тұрғызу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Тұрғындардың жұмыспен толық қамтылуы толық орындалмаса да, жұмыссыздық деңгейін белгілі бір пайызда жою жұмыстары нақты жоспарлар арқылы жүргізілуде. Соның арқасында елдегі жұмыс күшінің рыноктары назарға алынып, бос жұмыс орындарының ретіне қарай жұмыс іздеушілер еңбекпен қамтылуда. Мәселен Тараз қаласында биыл жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейі сақталып отыр екен. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 35 975 теңге болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 31 731 теңге болған. Биыл орташа номиналды айлық жалақы 198 135 теңгені құраса, былтыр 157 мың 12 теңге болғаны есте.

Уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа орналасуға 9 мың 781 адам өтініш білдірсе, оның 5 мың 805-і жұмыспен қамтылыпты. Ал пайызға шаққанда 9 мың 781 адамның 59,3 пайызы екі қолға бір күрек тапқан. Былтыр жұмыс іздеп, тиісті мекеме есігін қаққан 7 мың 930 тұрғынның 5 мың 988-і жұмыспен қамтылған көрінеді.

Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 7 мың 574 азамат қамтылса, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 32, жастар тәжірибесі бойынша 227, қоғамдық жұмыс орындарына 948, гранттар беру бойынша 500, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту 931, шағын несие беру бойынша 34, алғашқы жұмыс орны бойынша 14, инфрақұрылымдық жобалар бойынша 146 және тұрақты жұмыс орындарына 4459 адам тартылыпты.

Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында 855,3 миллион теңгеге 6 мың 253 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілсе, оның ішінде 2 мың 713 отбасының 10 мың 852 адамына 73,6 миллион теңгеге тұрғын үй көмегі, 3 мың 540 отбасының 15 мың 631 азаматына 781,7 миллион теңгеге жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалып төленіпті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.