Ниеті барға қолдау табылады
Әзірге бізден өзге елге немесе өзге елден қазақ жеріне ауа көшкен босқындар жоқ. Десе де біреу саяхаттап, тағы бірі ілім-білім іздеп немесе сауда-саттық жолымен, тағы бірі күнкөріс қамымен бір елден екінші елге сапарлап жататыны өмір заңдылығы. Ал көші-қон болғаннан кейін ол сыртқы не ішкі болсын бұл салада күрмеуі қиын күрделенген мәселелер болмай тұрмайды. Ал оны дер кезінде анықтап, туындаған мәселелерді уақыт оздырмай шешу – ең басты мәселе. Жақында облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен осы тақырыпта кеңес өтті. Онда ішкі миграцияға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.
– Ішкі жəне сыртқы миграцияны үздіксіз бақылап, талдау отыру маңызды шаруаның бірі. Осы арқылы біз қай өңірде жұртшылықтың қаншалықты шоғырланғанын анықтап, елді мекендердің экономикалық әлеуетін бағамдап, болашағын болжай аламыз. Сонымен қатар, еңбекке белсенді, бау-бақшамен, көкөніспен, кәсіпкерлікпен айналысатын адамдарды облыстың өзге аудандарына көшіруді үйлестіру мәселесін саралауға мүмкіндік туады.
Бәріңізге белгілі, көші-қонға байланысты елімізде арнайы мемлекеттік бағдаларамалар қабылданған. Біз аталған бағдарлама аясында облыстан солтүстікке, шығысқа қоныс аударып жатқан жерлестердің де жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап отыру керекпіз. Сол секілді ішкі миграцияда да тұрғындарды бір жерден келесі аумаққа көшіру үшін, ең бірінші оларға жағдай жасалуы керек. Баспана, жұмыс, балаларының балабақша және мектеппен қамтылуына назар аудару қажет. Біз кейбір аудандарда қалың шоғырланған еңбекке белсенді, жердің бабын таба білетін еңбекке бейім тұрғындардың тәжірибесін, кәсіби білгірлігін тиімді пайдалану, басқаларға бөлісу мақсатында оларды келесі аудандарға орнықтыру жайына көңіл бөлу керекпіз.
Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарындағы кейбір елді мекендерде халық аз орналасқан. Бірақ мұнда өнеркәсіптің дамып келе жатқандығын, жұмыс күшінің жетіспеушілігін ескеру керек. Осылардың барлығын талдап, бір жүйеге келтіру керекпіз, – деді Бердібек Машпекұлы.
Жиында тақырыпқа арқау болған мәселе бойынша баяндама жасаған ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов аудандар бөлінісінде халықтың шоғырлану жиілігіне егжей-тегжейлі тоқталды.
Облыс әкімі өз кезегінде олардың жұмыс күшін тиімді пайдалануда ішкі миграциялық қоныстандыру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру жайына баса көңіл бөлді. Еңбекке, кәсіпкерлікке ебі бар қордайлықтардың Алматы, Қарағанды облыстарына барып пияз, сәбіз, басқа да көкөніс өсірумен айналысып жүргенін сөз етіп, оларға Шу, Меркі, Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарынан бау-бақша салатын жер беріп, баспана мәселесін шешіп, бір ауданнан екінші ауданға қоныстандыру жағын сөз ете келе: «Олар сол өңірдің тұрғындарын жер баптауға, бау-бақша салуға үйретер еді», — деді.
Кеңес барысында ішкі миграциядағы негізгі басымдық – жерді тиімді пайдалану, халықты жұмыспен қамту екендігі баса айтылды.
Мұнан соң облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков Баяндама жасады. Ол «Еңбек» бағдарламасы басталған 2017 жылдан бері облысымыздан солтүстік өңірлерге қоныс аударған отбасылар жайын және өзге де қажет мәліметтерге кеңінен тоқталды. Жиында Меркі ауданының əкімі Руслан Нұрсипатов ауданға көшіп келуге ниеті бар тұрғындарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков сөз алып, өз қонысынан көшуге мәжбүр халықтың жағдайын зерделейттін уақыт жеткенін меңзеді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі көтерілген мәселелерді зерделеп, талдау бойынша жұмыс тобын құрып, жол картасын әзірлеуді тапсырды.