Жолдауда айтылған жайылым мәселесі шешіліп келеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші қыркүйекте халыққа арнаған ««Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында: «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған.
Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс», деп Үкімет пен жергілікті атқарушы органға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жолдау жүктеген міндеттер аясында бос жатқан жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтара отырып тиімді мақсатта пайдалану мақсатында облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сай аудандарда кешенді жұмыстар басталып кетті.
Мәселен Талас ауданында да жайылым жайы өткір мәселелердің бірі. Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектің айтуынша, ауданның жалпы жер көлемі 1220,5 мың гектарды құрайды. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жер — 478,8 мың гектар, елді мекендердің жері – 52,6 мың, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жер – 27,3 мың, орман қорының жері – 602,4 мың су қорының жері – 6,5 мың гектар және босалқы жер – 52,8 мың гектар.
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің ауыл шаруашылығы айналымына тартылған үлесін ұлғайту индикаторы бойынша 2021 жылға 5600,0 гектар жоспарланды. Ағымдағы жылдың ақпан айында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне 1 конкурс ұйымдастырылып, жалпы көлемі 7943,4 мың гектарды құрайтын 37 жер учаскесі, оның ішінде 684,2 гектар суармалы егістік, 25,16 гектар шабындық, 6784,1 мың гектар жайылым жер учаскелеріне шаруа қожалығын жүргізу үшін жер пайдалану құқығы берілді.
Елді мекен шегіндегі жер учаскелеріне аукциондар ұйымдастыру индикаторы бойынша ағымдағы жылға жоспар 3 аукцион болып белгіленді. Жоспарға сәйкес 1 аукцион өткізілді.
Бос ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлерді қайта айналымға енгізу индикаторы бойынша ағымдағы жылға 600,0 гектар егістік жоспарланса, ақпан айында өткізілген конкурс арқылы көлемі 684,2 гектарды құрайтын суармалы егістік жер учаскесі конкурс арқылы уақытша ұзақ мерзімге жалға берілді.
Айналымнан шығып қалған егістік жерлерді айналымға қайта қосу индикаторы бойынша белгіленген 200,0 гектарды орындау жоспарланды. Бүгінгі күнге жалпы көлемі 169,0 гектарды құрайтын жер учаскелерінің алқабы жайылымнан егістікке ауыстырылды.
Ағымдағы жылдың ақпан айында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне 1 конкурс ұйымдастырылып, жалпы көлемі 7943,4 мың гектарды құрайтын 37 жер учаскесі, оның ішінде 684,2 гектар суармалы егістік, 25,16 гектар шабындық, 6784,1 мың гектар жайылым жер учаскелеріне шаруа қожалығын жүргізу үшін жер пайдалану құқығы берілді, – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Аудан әкімдігі тарапынан қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта тұрғындарды толғандырған мәселелердің оң шешімін тауып, жайылым жердің артуына ықпалын тигізетіні анық.