Электр қуаты мәселесі шешілді

0 176

Бұрын «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма» тұрғын алқаптары мен 28 саяжай кіретін қаланың №11 әкімшілік аумақ тұрғындары электр қуатын жоғары бағада тұтынып келген болатын. Бұған аталған елді мекендер электр қуатын жергілікті теміржолдан алып отырғандықтан және саяжайларда тұрғын үй мәртебесі жоқ болғаныдқтан олар тариф құны үшін қалтасынан кәсіпкерлер секілді қомақты қаржы төлеп келген еді. Одан бөлек, осы тұрғын алқаптар мен саяжайларда электр қуатының кернеуі жетіспейтін еді. Қазір осы мәселе толық шешімін тауып отыр. Ауызсу, жарық, газ, жол және кәріз жүйелері секілді коммуналдық мәселелердің шешілуіне бұрынғы саяжайлардағы баспаналар біртіндеп жеке тұрғын үй мәртебесіне ауыстырылу арқау болды. Соның арқасында бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, аталған аумаққа ауызсу, кәріз жүйелерін жүргізу, электр желісін тарту және жол салу және басқа да халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жобалар қолға алынды. Соның бірі – тозығы жеткен электр желілерін жаңасына ауыстыру бойынша 7 жобаның жүзеге асуы.

Тараз қаласындағы 28 саяжай, «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз ету жобасын әзірлеу үшін жобалаушы мекеме «МПК-ПРОЕКТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт 2019 жылы жасалыпты. Жобаны әзірлеуге бөлінген қаражат 15 миллион 300 мың теңгені құраған. Осы жобаларға сарапшы мекеме «PRO EXPERTIZE» серіктестігі арқылы қорытынды алынып, нысандарды биыл құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу қызу қолға алынған екен.

«Құмшағал» тұрғын алқабын электр желісімен қамтамасыз ету ісін өз міндетіне алған «Жолаушы-СШК компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ондағы 226 тұрғын үйге электр жарығын тартып, көшеге 35 жарықшам орнатыпты. Аталған мердігер «Шөлдала» тұрғын алқабындағы 169 тұрғын үйді де түгел электр жарығымен қамтамасыз еткен. Жоба аясында бағаналар басына 99 жарықшам орнатылған. Осы тектес Тараз қаласындағы 28 саяжай алқабын электр желісімен қамтамасыз ету жұмысын «Тараз строй-2004» серіктестігі, «Казармаға» «B-grass» ЖШС, «Жиделіге» «ПТФ Ленон» серіктестігі электр жарығын тартумен айналысуда. «Көлтоған» және «Қызыл-Абат» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз етіп жатқан «Радикон» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінің инженері Ералы Бұхарбаевтың айтуынша, «Көлтоғанда» электр желісін тарту жұмысы толық аяқталыпты. «Көлтоған» тұрғын алқабы бойынша жасалған келісімшарт құны – 86 миллион теңге. Сметалық құны – 96 миллион 505 мың теңгені құрапты. Қазіргі таңда «Көлтоған» тұрғын алқабындағы 197 тұрғын үй электр жарығымен қамтамасыз етілсе, ол үшін «Нилед» фирмасының арматурасын пайдаланылған. ВЛЗ-10кВ салу үшін СВ 110-5, СВ 110-5 сериялы т/б тіреулерінде ССП-3 маркалы алюминийлік өздігінен көтергіш оқшауланған сымдарының аспасымен тіректер қабылданды. Жалпы ұзындығы ВЛИ-0,4кВ-5,7 шақырым, есептік аралығы 30-40 метрді құрайды екен. Жалпы ұзындығы ВЛЗ-10кВ-2,9 шақырым құраса, есептік аралығы 50 метрден аспайды. Мұнда екі трансформатор орнатылыпты.

Ал «Қызыл-Абад» тұрғын алқабын электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Мұнда барлығы 334 тұрғын үй электр жарығымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Ол үшін 4 трансформатор орнатылып жатыр. Екі нысанда да барлығы 30-35 адам жұмыс істесе, оның тең жартысы «Жол картасы» аясында жұмыспен қамту арқылы жолданғандар екен.

Осы игі істің арқасында енді мұнда электр қуаты кернеуінің жетіспеушілігі туындамайды. Одан бөлек, бұрын саяжайларда тұрғын үй мәртебесі болмағандықтан тұрғындар бір киловатқа кәсіпкерлер секілді 28 теңгеден төлеп келсе, енді ел қатарлы электр қуатын 14 теңгеден тұтынбақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.