Жолдауда көтерілген маңызды мәселе жамбылдықтар назарында
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған соңғы жолдауында ветеринария саласын жетілдіру мәселесіне кеңінен тоқталғаны белгілі. Жалпы ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенінің дамуы сапалы ветеринариялық қызмет көрсетуге байланысты екені даусыз. Сол үшін де Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма берді. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек екенін атап өттікен Мемлекет басшысы: «Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес.
Сондықтан, осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек», – деді.
Осыдан кейін біздің облысымызда ветеринариялық қызметтің жағдайын, ветеринарлық қызмет көрсетудің сапасын анықтау мақсатында облыстық депутаттар мен құзырлы мекеме қызметкерлерінен құралған жұмысшы топ, аталған салаға зерделеу жұмысын жүргізген болатын. Нәтижесінде салада бірқатар мәселелер дің бар екені анықталған.
Мәселен облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісова облыстық ветеринария басқармасының құзыретіне денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесе отырып, халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды ұйымдастыру және өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыру, ветеринария саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру міндеті кіретінін айтады.
Ауылдық округтер бойынша «Ветеринария» туралы Заңның 10-1 бабының 15 тармағында «Жергілікті атқарушы органдар ветеринариялық пункттерді қызметтік ғимаратпен қамтамасыз етеді» деп көрсетілген. Соған қарамастан облыс әкімдігінің ветеринария басқармасына қарасты Жуалы, Талас және Мойынқұм аудандарындағы ветеринариялық станциялардың қызметтік ғимараттары жоқ. Турасын айтқанда, олар ғимаратты жалға алып пайдаланып отыр. мәселен Мойынқұм ауданында ветеринариялық станциясының жалға алып отырған ғимаратында арнайы автотұрақ жоқ болғандықтан,мекемеге тиісті қызметтік автокөліктерді мамандар жеке үйлердің аулаласына қоюда. Біз саланы жетілдіру, ветеринаринарлардан сапалы қызмет талап етуіміз үшін, оларға алдымен жұмыс істейтін жағдай жасап беруіміз керек – дейді Ф.Жүнісова.
Халық қалаулысының айтуынша, ветеринария саласына қатысты өзекті мәселе жетерлік. соның бірі – қаңғыбас иттер мен мысықтарға қатысты. Әлеуметтік желілерде бұл туралы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ.
– «Жамбыл облысы аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидалары» Жамбыл облысы мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №52-8 шешімімен бекітіліп, әділет басқармасына 2020 жылдың 20 желтоқсанында №4843 болып тіркелген. Жамбыл облысы бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу мақсатында қаңғыбас иттер мен мысықтарды гумандық жолмен (құрық, арнайы ілмек, тор т.б.) аулау үшін жергілікті бюджеттен 2020 жылы 45 820 000,00 теңге бөлініп, 19 бригада жасақталып, 32943 ит және 474 мысық жойылған. Ал, 2021 жылы 47 820 000,00 теңге қаражат бөлініп, жыл басынан 20372 ит және 412 мысық ұсталып жойылған. Осы ретте аудандарда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюға бөлінетін қаржы көлемін қажетті деңгейге дейін көтермесе, жылдан жылға олардың саны көбейе беретіні хақ, – дейді ол.