Ветеринария саласын жетілдіру қажет

0 298

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ветеринария саласын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысы аталған жолдауында: «Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деген болатын.

Президент өз Жолдауында көтерген мәселе біздің өңірге де ортақ. Осы орайда біз облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтан аталған салада жетілдіруді қажет ететін нендей мәселелер бар екенін сұраған едік. Оның айтуынша, аталған басқармасының Тараз және аудандардағы бағынысты ветеринария ұйымдары Заңнға сәйкес өз құзіреті шегінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 16 аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы профилактикалық және 25 ауруға қарсы диагностикалық іс-шаралар жүргізеді екен. Сонымен қатар, кәсіпорындар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, мемлекеттік тізілімге енбеген басқа да ауруларға қарсы ақылы қызмет көрсетеді екен.

– 2021 жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес өз деңгейінде орындалуда. Аса қауіпті аусыл, сібір жарасы, құтыру және т.б. ауруларға қарсы егу 8-айлық жоспар бойынша 100 пайыз орындалды.

Бруцеллезге шалдыққан мал саны да былтырғы жылмен салыстырғанда біршама азайған, өткен жылдың 8 айында 267 ірі қара, 1157 қой-ешкі бруцеллезге шалдықса, биылғы жылдың осы кезеңіне 255 ірі қара, 821 қой-ешкі бруцеллезге оң нәтиже көрсетіп, ірі қара 5 пайызға, қой-ешкі 40 пайызға төмендеген. Адамдар арасында да бруцеллез ауруына шалдығу 2020 жылдың 8 айында 82 адам болса, биылғы жылы 8 айда 52 адам ауырып, 30 адамға немесе 36 пайызға азайып отыр. салада қаңғыбас ит-мысықтарды аулау, түрлі аурумен күрес жүргізу секілді шаруалар өз деңгейінде жүргізілгенімен, бірқатар шешімін таппай отырған өзекті мәселелер бар. Мәселен ветеринариялық станциялар мен пункттері 2013 жылы қызметтік «НИВА» автокөліктермен қамтамасыз етілген. Аталған автокөліктердің амортизациялық уақытының жетуіне байланысты және саланың өзіндік ерекшелігіне байланысты (таулы, құмды жерлермен жүргендіктен) қызметтік көліктердің тозығы жеткен. Осыған орай, ветеринария саласын модернизациялау үшін арнайы құрал-саймандармен жабдықталған УАЗ 3909 автокөліктерімен қамтамасыз етуді ең басты мәселенің бірі болып отыр, – деді ол.

Сонымен қатар ветеринариялық станциялар мен 29 ветеринариялық пункттерді ғимаратпен қамтамасыз етуді 2021 жылдың аяғына дейін толық аяқтау аудан әкімдеріне облыс әкімдігі тарапынан тапсырылыпты. Бүгінгі таңда жалпы облыс бойынша 11 ветеринариялық станцияның 9-і және 160 ветеринариялық пункттің 107-і қызметтік ғимараттармен қамтылған. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды қажет етіп отырса керек.

2021 жылғы жоспарланған 23 «Беккер» биотермиялық шұңқырларына жер телімін бөлу, жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға және құрылысына қаржы бөлу. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орны (питомник) құрылысының Тараз қаласы бойынша құны 76,95 млн теңге, Байзақ ауданы бойынша 69,00 млн теңге және облыстың басқа аудандарындағы орташа құны 13,52 млн теңге құрап отыр екен. Аталған жобалардың маңыздылығын ескере отырып қаржы бөлу аса маңызды сыңайлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.