Ауыл жолдары толықтай асфальтталды

0 244

Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы жылдан-жылға көркейіп, жол жегінен жаңа ғимараттар, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, елді мекеннің шырайын келтіріп, сәнін ашуда. Аудан жұртшылығы үшін қаладан ешқандай айырмашылығы байқалмайтын ауылдық округтегі 2 223 аулада (Аса ауылында 2140, Рахат ауылында 83) 13121 тұрғын бар. Ал олардың дүниеге дүрбелең орнатқан аты жаман дерттің алдын алатын екпеге деген көзқарасы ерекше. Ел ертеңінің қауіпсіздігін, жақынымен саулықта жүздесуін бірінші орынған қойған асалықтардың бүгінде екпе салуға жататындарының 100 пайызы вакцина қабылдаған.

Округ бойынша жалпы жер көлемі – 7481 гектарды құрайды. Оның 3643,5 гектары ауыл шаруашылығы алқаптары тиесілі. Жоғарыда атаған екі елді мекенде 57 көше болса, оның ұзындығы 47 шақырым 900 метрді құрайды. Бүгінде Рахат ауылындағы 4 көше, Аса ауылындағы 53 көше толықтай асфальттанған. Сондай-ақ, Аса ауылының барлық ауласы табиғи газбен және ауызсумен, жарықпен қамтылған.

Ауылдағы атқарылған игіліктер туралы округ әкімі Бауыржан Құттыбайұлы:

– Аудан орталығында 30-дан астам мекеме орналасқан. Асаның ажарын ашып тұрған орталық алаң, кәсіпкерлік нысандар – 54 азық-түлік, 4 құрылыс дүкені, көшелердегі 16 аялдама, 9 шаштараз, 5 асхана, 5 мейрамхана, 2 фотосурет студиясы, 5 көлік жөндеу шеберханасы, 4 мектеп, 4 балалар бақшасы, 1 аурухана, 1 емхана, 3 тіс емханасы, 4 май құю стансасы, 2 мал дәріханасы, 2 дәріхана, 2 көлік жуу орны, 4 тігін цехы, 4 шағын спорт алаңы және Абай көшесіндегі әмбебап спорт кешені халыққа қызмет етеді.

Ал тұрғындардың ауыл арасында емін-еркін қатынау үшін жолдың тегіс болғаны аса маңызды. Негізінде жол жөндеу жұмыстары 2013 жылдан басталып қолға алына бастады. Соңғы екі жылда аудан әкімі Сәкен Арубаевтың орталыққа ерекше қолдау көрсеткенінің арқасында, барлық көшелер асфальттанды. Бұдан бөлек жарықтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отыр, – дейді ауыл әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.