Жамбыл «сары аймаққа» өтті

0 177

Жасыратыны жоқ, жалпақ әлемді үрей құшағында ұстап отырған коронавирустық инфекциямен күрес қарқынды жүргізілуіне байланысты соңғы уақыт ішінде індет жұқтыру бойынша жағдай тұрақталып келеді. Коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында өзгерістер пайда болды. Оған сәйкес, Жамбыл облысы «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өтті. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының ресми сайтында хабарланды.

Өткен тәулікте тағы  99 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып,  пневмонияның 27 жағдайы тіркелді. Ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі Тараз қаласында тіркелген. Осылайша, жалпы облыс бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 18 110-ға жетіп отыр. Сонымен қатар,15372 азамат сауығып шықты.

Жамбыл облыстық  фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ләззат Жаппарова коронавирустан қорғануға жануардың майы әсер ете ме деген сауалға жауап берген болатын. Оның сөзінше, жануарлардың майы халық медицинасында қолданылғанымен, мұндай майларды ішу арқылы адамның коронавирустан жазылып кететіні жөнінде нақты ғылыми дәлел жоқ. Сол себепті кез-келген жануардың майы коронавирустан емдеуге шипа болмайды дейді ол.

Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанып келе жатқанына қарамастан Жамбыл облысында  вакцинациялау жұмыстары  қарқынды жүргізілуде. Өткен тәулік ішінде облыста 7 178 адам вакцина алды. Егу науқаны басталғалы барлығы – 385 516 тұрғын вакцинацияланды. Оның – 282 780-і екінші компонентін алғандар.

Тараз қаласының тұрғыны Ардақ Сұлтанбаев коронавирусқа қарсы вакцинаны бүгін алғаш рет салдырды.

«Жасыратыны жоқ, бұған дейін екпені «салдырсам ба екен, әлде салдырмасам ба», деп он ойланып, сан толғандым. Ақыры бүгін нақты шешімге келіп, өз еркіммен екпе ектіруге бекіндім. Өйткені, мен өз отбасыма, қоғамға және жұмысыма керекпін»,- дейді ол.

Қазір Тараздағы «ZHANUYA» емханаcына келіп, екпе ектіріп жатқан тұрғындардың қарасы қалың. Тіпті, азаматтар вакцина салдыру үшін кезек күтіп тұр. Екпенің екінші кезеңін қабылдауға келген Марина Габдулина-зейнеттегі медицина қызметкері. Оның айтуынша, екпе ектіру – вирусты инфекцияны тежеудің бірден бір жолы. Сондықтан, тұрғындар бұдан қорықпауы тиіс.

Мамандардың айтуынша, бұл емханада күн сайын 180-200 адам вакцина қабылдауда. Жағдайды көзбен көріп, іштей түйсінген жұрт қазір бұрынғыдай емес, вакцинаның пайдасын жіті түсінген. Өйткені, жақындары мен жалпы адамзаттың қауіпсіздігі үшін ең тиімді жол – вакцинация!

Leave A Reply

Your email address will not be published.