Жамбылда тұрғын үй құрылысы 16 пайызға артқан
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Оған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бекітілген Жол картасының орындалуына назар аударды. Бұл маңызды құжат аясында өңірде айтарлықтай шаруалар атқарылғанымен, олқылықтар да жоқ емес.
Басқосуда алдымен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндамасы жасап, жыл басынан бері өңірде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 329,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 16,4 пайызға артқанын тілге тиек етті.
— Есепті кезеңде 11 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның 3-еуі аяқталды, жаңа оқу жылына 7 мектеп оқушылардың игілігіне берілсе, жыл соңына дейін тағы 1 мектеп дайын болады. 73 мектептің жиһаздарын жаңарту, жаңа модификациялық ашу, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту жұмыстары іске асуда, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.
Сондай-ақ, облыста еңбек делдалдығына жүгінген мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту деңгейі 64,4 пайызды құраған. Мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру, құқықтық, психологиялық кеңес беру, кәсіпке баулу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Тең қоғам» орталығы тамыз айынан бастап жұмыс істеуде. Орталық жыл соңына дейін 20 мүмкіндігі шектеулі адамды жұмыспен қамтымақ.
— Биыл «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 ауылдағы мәдениет үйлерінің құрылысы жүруде. «Жомарт түлек» жобасымен 4 нысанның – Сарыкемер ауылындағы «Отбасы аллеясының», Ақжардағы «Ардагерлер аллеясының», Талас ауданындағы «Тәуелсіздік аллеясының», Тараз қаласындағы «Мәдениет аллеясының» құрылыстары аяқталды. Облыс орталығындағы «Анаға тағзым» орталығының құрылысы осы айда бітеді», – деген Г.Жауынбекова «Ақыртас» кешенінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілгенін де жеткізді.