Халық тұрмысын жақсартудың маңызды қадамдары айқындалған

0 6

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жолдаған болатын. Маңызды құжатта елімізді алдыңғы жылдарда дамытудың стратегиялық басым бағыттары айқындалған. Әлеуметтік-экономикалық даму, денсаулық сақтау, білім, өңірлік саясат, саяси жаңғыру, азаматтардың құқығын қорғау, аграрлық секторды жандандыру, экожүйе қалыптастыру мәселелеріне баса мән берілген. Түрлі салада қызмет ететін азаматтардың жалақысын көтеру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Негізгі мақсат – халықтың тұрмысын жақсарту, саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру, түрлі салаларда қордаланған түйткілдерді шешу.

Президент Жолдауын жергілікті жұртшылыққа түсіндіру мақсатында облыс бойынша облыстық және аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары құрылды. Оның құрамында облыс, аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқарма, бөлім басшылары, ардагерлер кеңесінің, түрлі қоғамдық ұйымдардың мүшелері бар. Бүгінде жұмысшы топтар аудандарды аралап, ауылдардағы тұрғындармен кездесіп, Жолдау жүктеген міндеттерді түсіндіріп жүр.

Дүйсенбі күні құрамында аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Жаңабай Миллионов бар топ Ерназар ауылдық клубында ерназарлықтармен кездесті.

Басқосуда сөз саптаған Жаңабай Миллионов Президент Жолдауында біздің қоғамның ең өткір және шұғыл мәселелерін шешуге бағытталған экономикалық, әлеуметтік және саяси шаралардың көрініс тапқанын, ел азаматтарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, еліміздің дамуы, стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуі ұлт болып ұйысып, бірлесіп әрекет етуімізге байланысты екендігін алға тартты. Пандемия кезіндегі білім беру саласына қатысты ой-пікірімен бөлісіп, елдегі білім сапасына, ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылық білдірді. Ұстаздар балаларға жанашырлықпен қарап, білім деңгейін көтеруге атсалысса деген ойын айтты.

Өз кезегінде Олжас Елебекұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін тілге тиек етсе, Мадияр Әбілханұлы аудандағы қоғамдық-саяси ахуалға кеңінен тоқталып өтті.

Ел Президентінің биылғы Жолдауын алдыңғы Жолдаудың идеяларын нақтылап, дамыта түскен және оны еліміздің жаңғыруы мен халық өмірін жақсартудың маңызды қадамдары айқындалған, нақты фактілерге негізделген сындарлы бағдарлама ретінде қабылдау қажет. Ерназарлықтар келелі кездесуден осындай тұщымды ой түйді.

Карантин талаптары сақталған жиынды Ерназар ауылдық округінің әкімі Қайрат Адилов қорытындылады.

Сол күні Жолдау бойынша кездесулер өзге де ауылдық округтерде ұйымдастырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.