Жамбылда 16 инвестициялық жоба жүзеге асуда

0 239

Биыл 16 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары жүргізіліп, 7,1 миллиард теңгенің 11 жобасы аяқталған. Қалғаны жыл соңына дейін бітіп, 11,2 миллиард теңге игеріледі. Бүгінде аймақтағы отбасылық үй шаруашылықтарының саны 125 635-ті құрап отыр. Есепті кезеңде 952 шаруашылық құрылған. Алдағы бірнеше айда тағы осындай 2 818 шаруашылық ашылады. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысында айтылды.

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың мәліметінше, 2019-2022 жылдары республикалық маңызы бар 262 шақырым автожолды қайта жаңарту жоспарланған екен. Есепті кезеңде соның 84,2 шақырымы қайта жаңартылыпты. Тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 88,9 пайызды құрап, жыл соңына дейін жоспар орындалады деп күтілуде. Облыстағы 371 ауылдың 237-сі немесе 936 мың адам табиғи газға қол жеткізген.

Жиын барысында облыс әкімі кейбір салалардағы жұмыстардың мерзімінен кешігуіне байланысты тиісті басқармалардың басшыларын сұрақтың астына алды. Жауапты мамандардың кейбірі ішінара жобалардың аяқсыз қалып жатқаны қаражат мәселесіне тіреліп тұрғанын тілге тиек етті. Өңірдің жол, тұрғын үй құрылысы, денсаулық салаларындағы жұмыстар ойдағыдай дегенмен, білім саласындағы бірқатар жұмыстар көңіл көншітпейді. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамаловтың аймақ басшысы қойған сауалдарға жауап беруде жаңылысуы да саладағы шаруаның ақсап тұрғанын аңғартады.

Басқосу соңында «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы мәселесі де сөз болды. Мамандардың айтуынша, бұл нысанның ел игілігіне берілуі үшін әлі 1 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Ал бұл соманы мердігер компанияның қалтасы көтермейді. Десе де, Бердібек Сапарбаев Жуалыдағы нысанды тезірек пайдалануға берудің жолдарын қарастырып, мәселені шешу бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Жуалыдағы «Қараалма» тау-шаңғы базасы желтоқсан айында ашылады

Leave A Reply

Your email address will not be published.