Білім ордаларының мәселесі шешімін табуда

0 178

Елімізде білім беру  саласын әлемнің дамыған елдерінің деңгейіне жеткізуге барынша күш салынуда. Бұл ретте, ең әуелі білім ошақтарын жаңарту, материалдық-техникалық базасын сайлау аса маңызды. Осы мақсатта Жамбылда қыруар жұмыс жасалуда. Мәселен, ағымдағы жылы 11 жаңа мектеп пайдалануға беріледі, оның сегізі бірінші қыркүйекке дейін ашылады. Бұл туралы «Білімді ұлт – мемлекет дамуының тұрақты кепілі» атты дәстүрлі облыстық тамыз кеңесінде айтылды.

Кеңесті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, жүргізіп отырды. Аймақ басшысы саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығын атап өтіп, өзекті мәселелерді ашып айтты.

Облыстық  білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов өз баяндамасында оң көрсеткіштерге тоқталды.

— Білім жүйесіндегі танымал сарапшылардың зерттеуімен бағаланатын TIMSS, PISA халықаралық зерттеулерінің нәтижелері бойынша Жамбыл облысының оқушылары республикада көш бастап тұр. Биылғы жылы ҰБТ көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 12,1 баллға жоғарылап, орташа балл 83,2-ні құрады.

Облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызды құрайды. Балаларды балабақшамен қамту үлесін арттыру үшін жекеменшік балабақша ашу жұмыстарын жалғастыру қажет.

Биыл 1 апатты, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орны тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілмек. Сондай-ақ, осы жылы 16 білім нысанында күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізілуде, олардың 11-і бірінші қыркүйекке дейін аяқталады.

— Құрылыс, білім басқармалары күрделі жөндеу жұмыстарына тартылған жұмысшылардың санын көбейтіп, 2 ауысымда жұмыс істеуді қарастырулары қажет.  Аудандар мен Тараз қаласының әкімдері жергілікті жердегі жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімділігін бақылауы тиіс. Тағы бір назар аударатын өзекті мәселе – білім нысандарының қазандықтарын білім басқармасының құзырынан аудан әкімдіктерінің теңгеріміне өткізу. Аудан әкімдеріне білім нысандарының құжаттарын дайындауды тездетіп, 10 қыркүйекке  дейін қазандықтарды әкімдіктердің теңгеріміне алуды тапсырамын,-деді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.