Дәрігерлерге алғысым шексіз
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың 18 тамызындағы жағдай бойынша Жамбыл облысының инфекциялық стационарларында барлығы 3 мың 634 төсек орын інджетке шалдыққан адамдардың ем-дом қабылдауы үшін дайындалыпты. Оның ішінде 1 976 кереуетте қазір науқастар жатқан көрінеді.
Қазақта «Ауырып ем іздеген ше, ауырмаудың жолын ізде деген сөз бар. Бүгінде індет сақтық шараларына бей-жай қараған адамдарды әбігерге салғанын көзіміз көріп отыр. Тараз қаласының тұрғыны, 70 жастағы З.Қ. есімді кейуана індетті қай кезде жұқтырғанын тап басып айталмай отыр. Десе де ол дәрігерлердің шұғыл көмегінің арқасында індетті жеңіп шыққанын айтады.
– Әу баста тұмау тиген шығар деп ойладым. Бойымды әлсіздік билеп, шаршаңқы күйде жүрдім. Белім, ішкі құрылысым, басым ауырып жүрді. Кеншемнің қолында тұратын болғандықтан, арасында 4-5 күн сол балам саумал, қымыз әкеп беріп жүрді. Өзімді кішкене тәуір болғандай сезініп бір күн жүрдім де, қайтатан жатып қалдым. Дегенмен қыс мезгілінде тұмауға қарсы екпе салдырған едім. Осыны білетін өзге ұл-қыздарым ПТР тест тапсыр деп жынымды қоймады. Соны жөн болған екен. ПТР тест арқылы бойымнан індет белгісі анықталғаннан кейін, уақыт оздырмай ақылы емханада компьютерлік томогафияға түстім. Жалпы КТ зерттеуі арнайы бағдарлама бойынша спиральды режимде жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бронхит болғанымды және екі өкпем 60 пайыз қабынғанын көрсетті. Сол күні тыныс алуым нашарлап, ентіге бастадым. Ақыр соңында таң ата жедел жәрдем көлігі келіп, А.Асқаров көшесінде орналасқан өкпе құртын емдейтін аурухана правизорлық статционерға айналдырылған екен, сол жерге апарып жатқызып кетті. Мен ауруханаға ауыр жағдайға жақын күйде түстім. Сол себепті жасанды тыныс алу апппаратына қосылдым. Ол апаратқа қосылмай тұрғанымда сатурациям 84-85 болған екен, жасанды тыныс алу апаратына қосылғаннан кейін ол 92-93-ке көтеріліпті. Осылайша дәрігерлердің жанашырлығының арқасында және жіті бақылауында болғаннан кейін жағдайым түзелді. Қазір Құдайға шүкір, індетті жеңіп шықтым. Қазір Алладан індеттің жойылуын, еліміздің бұрынғы шат-шадыман қалыпқа қайта түсуін тілеп отырмын. Бастысы әр кім сақтық шарасын ұстанса, жиын-тойға баруды азайтса, дәрігерлердің де қарбалас тірлігі азаяр еді, – дейді ақ жаулықты әже.