Мал азығы мол дайындалуы қажет
«Қыстың қамын жаз ойла, «Қыстың бір күні қалғанша қорық» дейді қазақ. Ала жаздай мал азығы үшін мая-мая шөп жинағандар ғана қытымыр қысқа бір тұяқ берген жоқ. Малға шөп шашу ісі тек түлік қолға қараған кезде ғана жүргізілетіні белгілі. Өткен қыстың соңына таман өңірдегі шаруалар, әсіресе, ауыл тұрғындары өздерінде бар тақұл-тұқыл шөп көлемін біле отырып, малды өріске бір мезгіл жайып келудің орнына аз күнде көктем шығады деген желеумен түллігіне шөп шашып, қар үстіне жусатқан-ды. Қыстан аман-есен шықтық, па шықпадық па деп көктемнің алғашқы жылт еткен күндерінде кәшек өртеп, арқаны кеңге салғаны да есте. Бірақ көктемнің көк өзегінде қара суық ұрғанымен қоймай, қайта-қайта қыпылықтап қар жауып, табиғат тосын мінез танытып бақты. Міне, осы кезде жұрт малына шашатын шөп таппай алас ұрды. «Не қат болса, сол жоқ» демекші шөптің бағасы шарықтағанымен қоймай, мал азығының тапшылығы шындап туындады. Бар-жоғы екі-үш апта ойран салған суық осылайша талай шаруаның малын қырып кеткен еді.
Биыл жарғақ құлағы жастыққа тимей шөп дайындап жатқан пендеде есеп жоқ. Өйткені өткен қыстағы орын алған жайт қолында бес-он тұяғы бар әр қазаққа үлкен сабақ болғаны анық. Мемлекет тарапынан да бүгінде әр өңірде мал азығының мол дайындалуына баса мән беріліп отыр. Биыл ауа райының қолайсыздығы мен қуаңшылықтың салдарынан шабындықтарда өнімділік төмендегені шындық. Бұл өз кезегінде мал азығына қажетті жемшөп бағасының өсуіне әсер етті. Осыған байланысты аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы үндеу жолдап, қажетті шөпті жинап алу үшін ішкі барлық ресурстарды пайдалануды тапсырған болатын. Қазір сол бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу қолға алынып отыр. соның бірі – облыста әр сенбі сайын шөп жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы.
– Бүгінгі таңда тау аңғарларынан, сай-сала, өзен арналарынан қосымша пішен дайындау жұмыстары басталып кетті. Биыл Сарысу, Мойынқұм және Талас аудандарындағы Шу, Талас және Аса өзендерінің бойындағы өнім өткен жылмен салыстырғанда жоғары болғандықтан, ірі шаруа қожалықтарға шөпті аталған аудандардан орып алу ұсынылды. Бұдан бөлек, кейбір аудандағы шаруалар өз меншігіндегі сай-салаларды халыққа бөліп беріп отыр. Осылайша шөп дайындау жұмыстары Жуалы және тағы бір-екі ауданда ұйымдастырылуда. Сондай-ақ біздің басқарма тарапынан өткен сенбіден бастап барлық аудан орталықтарында жемшөп сату жәрмеңкесін өткізу қолға алынды, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.
Мал азығы бағасының негізсіз шарықтап кетуінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке барлық ауданда әр сенбі сайын өткізілетін болады. Мәселен, өткен жәрмеңкеде Мойынқұм ауданына жеткізілген бір түк жоңышқа – 1000, пішен – 500, бір орама шөп (рулон) – 3500 теңгеден өткерілді. Жалпы жәрмеңкеге 1600 бау пішен, 1000 бау жоңышқа және 500 орама шөп (рулон) жеткізілген.
Сол сияқты Т.Рысқұлов ауданында өткен жәрмеңкеде 36 тонна жоңышқа, 56 тонна пішен және 28 тонна сабан сатылған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы бұл жәрмеңкенің алдағы апталарда да тұрақты ұйымдастырылатынын жеткізді.