Меркіде спорт кешені ашылды
Меркі ауылында жаңадан бой көтерген спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға, арнайы келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аудан әкімі Руслан Нұрсипатов және ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар спортшылар мен жастар қатысты.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғашқы құттықтау сөз беріліп, ол шараға қатысушыларды спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.
«Мемлекетімізде спорттың алар орны бөлек. Спорт адамға денсаулық, мемлекетке абырой-бедел алып келеді. Сондықтан, мемлекетіміз халық үшін, болашақ үшін спортты дамытуға үлкен мән беруде. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде, өздеріңізге белгілі, елімізден Олимпиаданың, әлемнің және Азияның қаншама чемпиондары шығып, солардың арқасында Қазақстанымыздың Көк Туы желбіреп, Әнұранымыз әлем төрінде сан мәрте шырқалды. Спорттың арқасында елімізді дүние жүзі, барлық әлем жұртшылығы біледі деп айтуға болады.
Біз мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спортты дамыту мақсатында, материалдық базаны жақсарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Мысалға айтар болсақ, былтыр біз аймақ бойынша осындай 15 спорт нысанын және 90-ға жуық спорт алаңын аштық. Ендігі мақсат – спорт нысандарының санын одан ары көбейтуіміз керек. Қазіргі уақытта қосымша 8 нысанның құрылысын жүргізіп жатырмыз. Енді міне, бүгін Меркі ауданындағы жабық спорт нысанының да құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілгелі тұр. Мұның бәрі балаларымыздың, жастарымыздың спортпен айналысуына, олардың денсаулығының мықты болуына жасалынып жатқан үлкен мүмкіндік», – деді облыс әкімі.
Аудан жұртшылығы атынан сөз алған аудандағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев ақсақал да өңір басшысына алғысын білдіріп, алдағы уақытта осы спорт кешенінде чеимпиондар тәрбиеленетінін айтып, қуанышымен бөлісті.
Ал, жас спортшы Ислам Эргашев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында асық атудан аудандық команданың облыс чемпион болғанын айтып, спортта үлкен жетістіктерге жетіп, ел сенімін ақтайтынын жеткізді.
Әрмен қарай, Бердібек Машбекұлы аудан әкімі Руслан Маратұлының бастауымен, спорт кешенінің кіші футбол, воллейбол, баскетбол, бокс, күрес және жаттығу залдарын аралап көріп, спорт саласында осындай мүмкіндіктердің нәтижесінде көптеген чемпиондар шығатынын айтты. Сонымен қатар, жаттығу залдарындағы жас спортшылармен сөйлесіп, олардың болашақта ел абыройын асқақтатар спортшылардан болуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ, оларға арнаған өзінің сыйлықтарын табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, спорт кешеніне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында 529 млн. 683 мың теңге бөлініп, оның құрылысын «Агроспецстрой» мердігер мекемесі жүргізді.