Кәсібің – нәсібің!

0 501

Мемлекеттің көмегін көрген қордайлық Марина кондитерлік өнімдерін нарыққа шығармақшы. Бұл дегеніміз, мемлекеттік грант тарату тәжірибесі өзінің тиімділігін және үлкен сұранысқа ие болғандығын дәлелдеп үлгерді. Бүгінге дейін Қордай ауданында жүздеген азамат мемлекеттің берген көмегін алып, өз ісін дөңгелетіп алып кетті. Аз қаражат болғанымен, бастысы, адамның өзіне деген сенімін, болашаққа деген үмітін арттыратын бұл бағдарлама аудан тұрғындары үшін серпіліс болды.

Солардың бірі – көпбалалы ана Марина Кравченко мемлекеттік грантты алып, кондитерлік істі бастаған. Негізі тәтті тағамдар дайындау Маринаның қанында бар іс болса керек. Өзінің айтуынша, осы салаға қызығушылығына түрткі болғанына әжесінің әсері мол екен. Кішкентайынан әжесінің қасында өскен қыз, саланың қыр-сырын меңгеріп, қолынан бал тамған шебер аспазға айналған екен. Тұрмысқа шығып, бала-шағалы болған жас келіншек, жұмыс істеуді ойластыра бастаған. Алайда, екі қолға бір күрек таппай әбден әбігерге түскен. Өйткені, көпбалалы ана мұның алдында бала қамымен бірнеше жыл үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысты. Енді не істеймін деп, жүріп, көпшіліктен сұрастыра келе, аудандық жұмыспен қамту орталығына барды. Онда жұмыссыз ретінде тіркеліп, бірнеше күн кезекте тұрды. Мамандар Маринаның құжатын қарастыра келе, оның тәтті бәліштер пісіруге икемі бар екендігі анықталып, арнайы оқуға жіберілді.  Арнайы аспаздар курсын бітірген оған  «грант алып көріңіз» деп кеңес берген орталық қызметкерлері барынша көмек көрсетуге тырысыпты. Оқуын тәмамдаған соң, бала қамымен жұмысқа шыға алмайтыны ескеріліп, қайтарымсыз несиеге арнайы өз жобасын ұсынды. Бірнеше айдан кейн 583 мыңға қол жеткзіп, оның балалық арманы әп-сәтте орындалды. Бағдарламаға тапсырыс берген көпбалалы ана  бірнеше айдан кейін үйінде жаңа тоңазытқыш, миксер, түрлі қалыптар сынды жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алады. Өз үйін шағын кондитерлік цехқа айналдырған жас кәсіпкер, көрші-қолаң, туыстарының тапсырыстарын орындап, біраз тәжірибе жинап та алған екен .Аз ғана уақытта шағын ауылда өз тәттісімен көптің сұранысына ие болды. Оның өнімдері тапсырыс берушілер үшін тәттілігімен ғана емес, таза табиғи қоспалардан жасалғаны үшін ұнады. Ал, Маринаның ендігі жоспары нарыққа шығу. Маринаның сөзіне қарағанда оның өнімдерінің басты дегустаторлары мен сыншылары балалары көрінеді. Ең алғашқы өнімдерінің қызығын да көрген солар болса керек. Енді ғана іс бастаған жас кәсіпкер «Бастысы жаңа істі бастаудан қорықпау керек. Мың шақырымдық жол, бірінші қадамнан басталады демекші, мен де осы ісімді бастап, тәуекелге бел будым. Клиенттердің көңілінен шықса, өндірісті кеңейту де жоспарда бар», деп өз пікірін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.